Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов ІІМ-нің дәстүрлі брифингінде айтты.
2021 жылғы 19 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, оны жүзеге асыру барысында тиісті заң күшіне енді. Осылайша, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Ішкі істер министрлігінің көші-қон саласындағы 20 функциясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне берілді, - деді ол.
Сейітжанов атағандай, ол үшін Еңбек кодексіне, «Босқындар туралы», «Халықтың көші-қоны туралы», «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы», «Ішкі істер органдары туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді.
Өзгерістер құқық қорғау жүйесін реформалау және ішкі істер органдарын әдеттен тыс функциялардан босату аясында енгізілді. Олардың көпшілігі босқындармен жұмыс істеу және еңбек иммигранттарына рұқсат беру мәселелеріне қатысты. Функцияларды беру көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған, - деді Сабыржан Сейітжанов.
Оның айтуынша, берілген функциялардың құқық қорғау органдарына қатысы жоқ.
ЕҚЫҰ-ның босқындармен жұмысы негізінен оларға әлеуметтік көмек көрсетуге, медициналық қызмет көрсетуге және білім беруге бағытталатын болады. Босқындармен жұмыс жасау кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы Комиссары Басқармасы, Халықаралық көші-қон ұйымы сияқты халықаралық құрылымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен тығыз өзара іс-қимыл жүргізіледі, - деді Сейітжанов.
Ол атап өткендей, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы берілетін «еңбек патенті» деп аталатын жеке тұлғалардың үй шаруашылығында еңбек етуіне рұқсат беруде де жағдай ұқсас.