Microsoft корпорациясы шығындарды азайту және жасанды интеллектке (AI) салынатын инвестицияларды қаржыландыру мақсатында шамамен 60 мың қызметкеріне ерікті түрде компаниядан кету бағдарламасын ұсынды. Бұл жаһандық жұмыс күшінің төрттен бірінен астамын құрайды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Бағдарламаға AI өнімдері, Copilot, қаржы, кадрлар, Xbox және Windows + Devices бөлімдерінің қызметкерлері қатыса алады. Ал маркетинг, коммерциялық бизнес және қауіпсіздік бөлімшелері оған кірмейді.
Microsoft-тың 2026 жылға арналған күрделі шығындар болжамы 175 млрд долларды құрайды. Компания бұл қаражаттың едәуір бөлігін деректер орталықтары мен жасанды интеллект инфрақұрылымына бағыттап отыр.
2026 жылғы 30 маусымдағы дерек бойынша, Microsoft әлемде 223 мың қызметкерді жұмыспен қамтыған. Биыл компания АҚШ-тағы шамамен 9 мың қызметкеріне де ерікті кету бағдарламасын ұсынған. Ал шілдеде 4 800 жұмыс орнын қысқартатынын хабарлаған.
Жаңа бағдарлама Канада, Үндістан, Ұлыбритания және АҚШ-тағы белгілі бір лауазым деңгейіне дейінгі қызметкерлерге қолжетімді болады. Компанияның мәліметінше, бағдарлама шектеулі мерзімге арналған және бұрынғы ерікті зейнеткерлік бағдарламасының тәжірибесіне негізделген.