Мейірім, қолдау, шыдамдылық. Ерекше жандар неге мұқтаж?

4 Қазан 2021, 16:21
5403
Бөлісу:
Мейірім, қолдау, шыдамдылық. Ерекше жандар неге мұқтаж?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ерекше жандардың физиологиялық қажеттіліктерімен қоса психологиялық мұқтаждығы бар екенін ұмытпаған жөн. Ерекше балалардың ата-аналарына қандай көмек керек? Осы сынды сұрақтарға тәжірибесі бар адамдардың пікірі арқылы түсінік беруге тырыстық.

Ерекше тұлға деген кім?

Ерекше тұлға - интеллектуалдық бұзылысы бар тұлға. Ол туа не жүре пайда болатын бұзылыстар болуы мүмкін. Тұлғада интеллектуалдық бұзылыстар болған кезде қоғамға бейімделу өте қиын. Психолог Анаргүл Мәулиқызының айтуынша, адам баласының денсаулығында шектеу болған кезде іштегі қорқыныш өте жоғары деңгейде болады.

Сондықтан қоғамның жылы көзқарасы, мейірімі, қабылдауы өте қажет. Ол отбасының ішінде, оқу ордасында болсын, балаға жылы қарым-қатынас қажет. Адам баласында шектеулер болған кезде кедергілер көп сияқты көрінеді. Инклюзивті бағыт - кедергілерді алып тастауға көмектесетін басты бағыттардың бірі. Әрбір адам өмір сүруге, білім алуға құқылы болғандықтан, ешкімді алалаудың қажеті жоқ. Тек ерекше адамдар әлемді шынайы қабылдамай жатады. Осы жағынан ғана айырмашылық бар. Адамда қандай айырмашылық болмасын, оны сау сияқты қабылдап үйренуіміз керек, - деді Анаргүл Маулиқызы.

Маманның айтуынша, адамдар сыртқы келбеті мен психологиялық тұрғыда ғана ерекшеленеді.

Ал психикалық бұзушылықтар болған кезде эмоциясын басқара алмай, ішкі сезімдерін реттей алмау сынды қиындықтар кездеседі, - деді ол.

Психологтің айтуынша, қоғамда ерекше жандарға қажетті жағдай жасалмай, адамдармен араласу мүмкіндігі болмай жатса, адамның өзіне деген сенімділігі төмендейді.

Интеллектісі сақталған, тірек-қимылы бұзылған жандар бар. Қоғамда қозғалысына кедергілер болғандықтан, адамдармен араласуда шектеулер болады. Осы жағынан өзіне деген сенімсіздік, өмірден түңілу де болады. Алайда олардың ішкі жігері мықты адамдар. Өзінің сүйікті ісін тауып, өзін тауып жатыр. Адамға қанша дегенмен қолдау керек. Қазір технология заманы, интернет арқылы көп дүниеге қол жеткізе алады. Ең бастысы - оның жалғыз емес екеніне көзін жеткізу. Сол себепті жақындары тарапынан көрсетілетін қолдау өте маңызды, - деді ол.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай мүмкіндіктер бар?

Ерекше жандарды спортқа, қолөнерге баулитын қоғамдық бірлестік пен қорлар аз емес. Олар әлеуметтік жағдайы әлжуаз, көпбалалы отбасылардың ерекше балаларына тегін қызметін ұсынады. Сондай ұйымдардың бірі - елордадағы «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігі. Оның үйлестірушісі Нұргүл Ұлжекованың айтуынша, қор 2016 жылы ерекше балалар ата-аналарының қолдауымен құрылған.

Мейірім, қолдау, шыдамдылық. Ерекше жандар неге мұқтаж?

Қазақстанның 13 қаласында 10 спорт түрінен тегін спорт үйірмелерін аштық. Елорданың өзінде 170-ке жуық бала қатысады. Спорттың нәтижесін көрген сайын, көбірек үйірмелер ашуға тырысамыз. Оны мемлекет тарапынан да, заң жүзінде де жүзеге асыруды жолға қойып жатырмыз. Ерекше жандардың мүмкіндігін арттыра білуіміз керек. Ата-аналарға да көмек керек. Біздің үйірмелерге келетін балалардың ата-аналары бір-бірімен араласып, балалары дос болып жатады, - деді ол.

Сонымен қатар ерекше балалар мен олардың ата-аналарына, оқытушыларға арналған курстар да бар.

Мейірім, қолдау, шыдамдылық. Ерекше жандар неге мұқтаж?

Үйірмелердің барлығы «Саламатты болашақ» аясында жүзеге асырылып жатыр. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына үйірмелер тегін. Бізде сау балалар да бар. Осылайша, біз инклюзивті қоғам қалыптастырып жатырмыз. Біздің орталыққа қатысу үшін өтінім беру қажет. Біз талаптарды қарастырып, біздің бірлестікке ерекше тұлғаны қабылдаймыз, - деді Ұлжекова.

Ерекше балалар ата-аналарының арпалысы

Ерекше баланың анасы Раушан Тұранова ең алғашқы баспалдақ ол қабылдау екенін айтады.

Қабылдаудың да бірнеше деңгейі бар. Уақытында дұрыс қойылмаған диагноз болса, ата-анаға қиынға түседі. Ата-ана дерттің кейбір сипаттамасына көңіл бөлмеуі мүмкін. Кейбіреуі ушыққан кезде біліп жатады. Уақытында бала сөйлемей, басқа балаларға қарағанда жетілуі артта қалған кезде ғана оның дерті бар екенін біледі. Осындай кезде өте қиын. Себебі уақыт өтіп кетті. Дер кезінде диагностика жасалмауы да мүмкін, - деді Тұранова.

Мейірім, қолдау, шыдамдылық. Ерекше жандар неге мұқтаж?

Оның айтуынша, бұл мәселеде өзге ата-аналардың тәжірибесі маңызды.

Қиын болған сәттерде тәжірибелі психологтарға жүгіну керек. Қабылдау уақытылы болса, баланың сауығуы да жақсы болады. Қабылдау оңай емес. Көп ата-ана бұл «неге менімен?, неге болды?» деген сұрақтың астында қалады. Бұл жағдайда «менің қолымнан не келеді?» деген сұраққа жауап іздеу керек. Көп әке-шеше өздері мен баласын аяйды. Одан ұялғаннан не күйінгеннен де қабылдау ұзаққа созылуы мүмкін, - деді Раушан Тұранова.

Оның айтуынша, баланың денсаулығына қауіп төнген сәттерді бастан өткергеннен кейін дамытумен айналысу керек.

Ол да көп уақытты алады. Күш-жігер де керек. Көп ата-ана барлығы жылдам болып кеткенін қалайды. Қазір дамытуға да қаржы керек. Көп ата-ана ақша жинауды да жүзеге асырады. Жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артып жатыр. Ерекше баланы дамыту үйден басталады. Көпбалалы ата-аналардың жұмыстан қолы тимей жатады. Дегенмен баланы дамыту көп уақыт алады демей, көңіл бөлу қажет. Қарапайым жаттығу жасау керек, - деді ол.

Тұранованың айтуынша, баланың қол-аяғын қозғалту арқылы баланың тактильді сезімін ояту маңызды.

Орталықтарға бір ай, жарты жыл баруға болады. Сондықтан оңалту үшін өмір бойы орталыққа бара алмайсың. Сондықтан оның барлығын үйде жүзеге асыру керек. Қазір интернетте де біраз кеңес бар. Олардың да керегін қолдануға болады. Сондай-ақ нақты мақсат қойған абзал. Осы уақытқа дейін біз жүріп кетеміз дегендей стратегия болуы керек, - деді ол.

Раушан Тұранова атап өткендей, сенім де өте маңызды рөл атқарады.

Ата-аналармен тәжірибе алмасқан да маңызды. Ата-ана өзіне жауапкершілік алып, өзі нәтиже шығарғаннан кейін оны қалғандарымен бөліскісі келеді. Осындай бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға кеңес айтып, жәрдемдескісі келеді, - деді Тұранова.

Оның айтуынша, қоғамда танысқан әрбір адамнан жақсы бірдеңе келеді.

Сондықтан көмек, кеңес қажет болғанда, ешкімнен ұялмау керек. Себебі уақытында алынған ақпарат көп қиындықтың алдын алады. Мен ТМД елдерінен, Қазақстан ішінен қажет адамдарды іздедім. Уақытында қажет органдарға жүгіндік. Қазір баланың жағдайы жақсы. Әлі де дәрі-дәрмек ішеміз. Бірақ осыған дейінгі және қазіргі баланың күйі екі бөлек. Әрбір қиындықтың артынан жеңілдік келеді. Мен кезінде Іскер әйелдер қауымдастығына, қоғам тарапынан көмек сұрап, жинау жұмыстарын бастаған едім. Кейін өзімнің қолымнан келетін дүниелерді көре бастадым. Өзіме артқан сенімді өзге балалар арқылы қайтарғым келеді, - деді Тұранова.

Қазір ол Көкшетау қаласына ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандарды шақырып жатыр.

Балалар мен әйелдерді қолдау кеңесіне қатысып, қолымнан келгенше, маңызды мәселелерді көтеріп жатырмыз. Ақмола облыстық мектеп интернатында жолдасым екеуміз бір кабинет қостық. Оқу жылында тағы 10 бала мектеп алды даярлық тобында оқуға мүмкіндік алды, - деді ол.

Ал Нұргүл Ұлжекова 7 жасында баласын каратэ үйірмесіне бергенін айтты.

Ерекше балаларды тәрбиелейтін ата-аналарға туыстардың көмегі қажет. Менің егіз балам, бірі ұл, бірі қыз болды. Егіз, оның біреуі - сал ауруына шалдыққан. Жолдасым мен ата-анамның, жақындарымның қолдауы болмаса, қиын болатын еді. Өзім дағдарысқа да түспедім. Қазір басқа ата-анаға көмектесуге тырысамын. Балаларға сенімділікті арттыру үшін спорт үйірмелерін ашып жатырмыз. Ұлым үшін каратэ үйірмесін аштық. Оған септігін тигізді. Алғашында гиперкинездер болған еді. Осы каратэнің арқасында олар азайды, - деді ол.

Мейірім, қолдау, шыдамдылық. Ерекше жандар неге мұқтаж?

Ұлжекова атағандай, көп ата-анада баласын үйірмесіне беруде кедергілер туындайды.

Олар «балам мүгедек, ол қалай спортпен айналысады?» деп ойлайды. Осы таптаурындарды бұзу бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол.

Психолог Анаргүл Маулиқызының айтуынша, ата-аналарға қорқынышты сейілту бойынша курстар өткізіледі.

Қандай жағдай болмасын, одан қашып кету мүмкін емес. Оны тек әрекет ету арқылы шешу керек. Әрекет ету арқылы нәтиже шығарып жатамыз. Ата-аналарға, ең алдымен, шыдамдылық керек. Себебі тез арада барлығы тәуір болып кете алмайды. Бұл орайда ата-аналардың да типтері көп. Баласының дертін уақытша диагноз ретінде қабылдайтын ата-аналар бар. Иә, кейбіреуі жазылып кетуі мүмкін. Бірақ басқа жағдайлар да бар. Өмір бойына созылатын дерт болады. Олардың тек өмірге бейімделу қабілетін көтеруге болады, - деді ол.

Психолог балабақша мен мектептегі білімді тәжірибеде қолдануда ата-аналарға шыдамды болуды насихаттайтынын айтты.

Балаға қолдаушы болу, мұғалімге көмекші болуды үйретеміз. Себебі ата-ана мен ұстаз арасында байланыс болмаса да қиын болады. Арнайы орталықтар ата-анаға мемелкеттік қызмет көрсету болған соң, оның ығына да жығылуы керек. Кейбір ата-аналар диагноздың қандай зияны бар екенін де түсінбей, ұрып, ұрсып жатады. Осы орайда оларға барынша шыдамды болуы керек. Себебі аз уақытта жылдам нәтижеге жету мүмкін емес, - деді маман.

Қазақстанда инклюзивті орта кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ерекше жандардың мүмкіндігін орта ғана шектеп отыр. Ерекше тұлғаларға қолдау жан-жақтан көрсетілсе, олардың ерекше екені де байқалмайды.

Өзгелердің жаңалығы