Көктем шуағы. Металлург келіншек

8 Наурыз 2019, 10:45
2402
Бөлісу:
Көктем шуағы. Металлург келіншек

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде қазақ әйелдері отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамның түрлі салаларында еңбек етіп, ерлермен иық тіресе еліміздің дамуына тамшыдай болса да үлес қосып жүрген жандар. 

Ресми деректер Қарағанды облысының өндіріс алаңдарында 30 мыңға тарта нәзік жандының еңбек көрігін қыздыратындығын айтады. Өзін өндіріс саласында сынап көріп, кәсіпорында ерлермен қатар еңбек етіп жүрген арумен тілдескен едік.

Айнаш Акбиева Қарағанды облысының Қаражал қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Өркен-Атасу» кәсіпорнында компрессорлы құрылғының машинисті болып жұмыс жасайды. Облыс орталығынан шалғайда жатқан Қаражал қаласы кен орындары көп мекен. Мұнда тұрғындардың өмір салты өндіріспен тығыз байланысты. Қаладағы темір рудасын өндіретін кәсіпорында он екі жылға жуық еңбек еткен Айнаш Акбиева жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Осыған орай әріптестері арасында сыйлы, ұжымда құрметке ие.

«Еңбек етемін, осы арқылы адал нан табамын деген адамдарға елімізде жұмыс табылады. Ал ерінбей еңбек ететіндер үшін қандай жұмыс та оңай болады, тек жалқауларға ғана барлық іс қиын әрі ауыр деп ойлаймын. Мен өндіріске жиырма жасымда келдім. Осы кәсіпорында жұмыс жасағаныма 12 жыл болды. Негізі шахта ерлердің жұмыс жасайтын жері. Әйелдер бұл жерде еңбек етуі үшін олардың шыдамдылығы, төзімділігі жоғару болу керек», - дейді металлург келіншек.

Көктем шуағы. Металлург келіншек

«Біздің жұмысымыз шахтаға үзіліссіз, үздіксіз, үнемі ауа жіберу болып табылады. Яғни жұмыстың жауапкершілігі жоғары. Компресорлы құрылғыны үнемі бақалауда ұстаймыз. Мойнымызға әкімшілік, материалдық, тәртіптік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауаптылық та артылған», - дейді Айнаш Жанжолкеліні.

Жауапты жұмысты келіндік қызметімен қатар алып жүрген Айнаш екі баланың анасы. Ол жұмыстан бос уақытын бала тәрбиесіне, астың түр-түрін дайындауға арнайды.

«Ауысыммен жұмыс істейтіндіктен, балалардың тәрбиесі мен күтіміне ата-әжесі де қолғабыс етеді. Қызым мектептің даярлық сыныбына барады. Болашақта балалардан үлкен үміт күтеміз. Жолдасым Дархан екеуміз олардың білімді, үлгілі болып ер жетулері үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз», - дейді ол.

Металлург келіншек әйелдер өздеріне артылған міндетті табысты орындайды деген пікірде. Оларға артылған жүктің салмағы қаншалықты ауыр болса, нәзік жандылар соншалықты мықты болатынды дейді.

«Көктемнің алғашқы шуықты мерекесі 8-наурызда барлық аналарға, қыз-келіншектерге бақыт мен қуаныш тілеймін. Жер жүзіндегі әрбір әйел сый-құрметке, жылылыққа лайық деп ойлаймын. Ал, ерлермен қатар жауапты әрі қиын жұмыста еңбек ететін әйелдер қауымына күш-жігерлеріңіз таусылмасын дегім келеді», - дейді Айнаш Акбиева.

Өзгелердің жаңалығы