«Мерейлі отбасы»: Қазақстанның 20 өңірінен келген өнегелі әулеттер марапатталды

Биыл байқауға 3 611 отбасы өтінім беріп, олардың арасынан 20 әулет республикалық кезеңнің жеңімпазы атанды. Олардың арасында бірнеше буын бойы бір кәсіпті жалғастырып келе жатқан ерекше еңбек әулеттері де бар.

3 Қараша 2026, 20:10
АВТОР
 ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов 3 Қараша 2026, 20:10
3 Қараша 2026, 20:10
129
Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

Бүгін Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңі қорытындыланып, еліміздің 20 өңірінен келген жеңімпаз отбасылар марапатталды. Олардың қатарында педагогтер, дәрігерлер, кеншілер, балықшылар, аграрлар әулеті, көпбалалы ата-аналар мен қоғам өміріне белсене араласып жүрген жанұялар бар. BAQ.KZ тілшісі салтанатты рәсімге қатысып, өнегелі отбасылардың тарихымен танысты. Толығырақ фоторепортажда.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі, Аналар кеңесі мен Әкелер одағының өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты.

Жеңімпаздарға құттықтау сөзін арнаған Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев отбасы институтының қоғамдағы маңызына тоқталып, оның ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізудегі және ел болашағын тәрбиелеудегі рөлін атап өтті.

Адалдық пен мейірім, еңбекке құрмет – бала бойына ең әуелі отбасында сіңеді. Үлкендердің күнделікті тіршілігінен өнеге алған ұрпақ осы қасиеттерді өміріне серік етеді. Әділетті қоғамның негізі де осындай тәрбиеден қаланады, – деді министр.

Сондай-ақ ол жаңа Конституцияда отбасы құндылықтарына айрықша мән беріліп, неке мен отбасының, ана, әке мен баланың мемлекет қорғауында болатыны бекітілгенін айтты. Министрдің сөзінше, бұл – мемлекеттің отбасы институтын қолдауға бағытталған ұстанымының көрінісі.

Бүгінде Қазақстанда 6 миллионнан астам отбасы бар. Әр шаңырақтың амандығы, балалардың қауіпсіз әрі мейірімге толы ортада өсуі мемлекеттік отбасы саясатының басым бағыттарының бірі саналады. Осы бағытта елімізде 160 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Министрлік отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға және отбасыларға қолдау көрсетуге басымдық беріп келеді, – деді Арман Қырықбаев.

Ресми мәліметке сәйкес, биыл байқауға аудандық және қалалық комиссияларға 3 611 өтінім түскен. Оның 2 024-і өзін-өзі ұсыну тәртібімен, 1 587-сі жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен заңды тұлғалардың ұсынысымен берілген. Қатысушылардың 60 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Ал өтінім бергендердің 2 194-і – көпбалалы, 1 417-сі – жас отбасылар.

Астана қаласындағы рәсімге қатысқан депутат Снежанна Имашева «Мерейлі отбасы» байқауын мемлекеттік отбасы саясатының маңызды жобаларының бірі деп атады. Оның сөзінше, конкурс отбасындағы өзара құрметті, сүйіспеншілікті, дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Байқау 2014 жылы басталды. Алғашқы жылы шамамен мың өтінім түссе, биыл олардың саны 3,5 мыңнан асты. Бұл жобаға деген қызығушылықтың артқанын көрсетеді. Мен бірнеше отбасының үйінде осы байқаудың марапаты ең құрметті жерде тұрғанын байқадым. Олар бұл атақты мақтан тұтады, – деді депутат.

Оның айтуынша, жеңімпаздарды іріктеу кезінде отбасының кәсіби жетістіктерімен қатар, өзара қарым-қатынасы, ұрпақтар сабақтастығы, отбасылық дәстүрлерді сақтауы және қоғамға қосқан үлесі де ескеріледі. Байқауға көпбалалы және жас отбасылармен бірге әртүрлі салада жетістікке жеткен әулеттер қатыса алады.

Бір шаңыраққа тоғысқан үш ұрпақ

Биылғы жеңімпаздардың арасында Жамбыл облысынан келген Теңізбаевтар отбасы ерекше тарихымен көзге түсті. Бұл – үш ұрпақтан тұратын балықшылар әулеті. Отбасының негізін қалаған Теңізбай Ибраимов 30 жылдан астам уақытын балық шаруашылығына және Мынарық балық зауытының дамуына арнаған. Оның еңбек жолы кейінгі ұрпаққа отбасылық кәсіптің үлгісін көрсетті.

Жұбайы Күміс Бәкірова – көпбалалы ана. Ол алты ұл мен үш қыз тәрбиелеп өсірген. Ана «Батыр ана», «Күміс алқа» және «Алтын алқа» марапаттарына ие болған. Бүгінде әулет мүшелері балықшылық дәстүрін сақтап, бірнеше ұрпақтың басын бір шаңырақ астына біріктіріп келеді.

Теңізбаевтар әулетінің өкілдері марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен де марапатталды.

Еңбек пен білімді ұрпаққа аманат еткен әулеттер

Байқау жеңімпаздарының қатарында білім беру саласына бірнеше буын бойы үлес қосып келе жатқан отбасылар аз емес. Мәселен, Шымкент қаласынан келген Қожамжаровтар отбасы – педагогтер мен дәрігерлер әулеті. Отағасы ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, бірнеше буынға білім мен тәрбие берген. Ал жұбайы он баланы тәрбиелеп өсірген.

Алматы облысынан келген Бақашовтар отбасы Кеген ауданының білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек еткен педагогтерден құралған. Ерлі-зайыптылардың жалпы педагогикалық тәжірибесі ондаған жылды қамтиды. Отбасы ауданның білім беру жүйесін дамытуға үлес қосып қана қоймай, кейінгі буынға тәлімгерлік етуді де жалғастырып келеді.

Шығыс Қазақстан облысынан келген Меденовтер әулетінің де өмір жолы білім саласымен тығыз байланысты. Отағасы 42 жыл, жұбайы 38 жыл ұстаздық қызмет атқарған. Осылайша, ерлі-зайыптылардың педагогикалық еңбек өтілі 80 жылға жеткен. Бес бала тәрбиелеп өсірген отбасының бүгінде 16 немересі бар. Отағасы ұстаздықпен қатар шығармашылықпен айналысып, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттайтын кітаптар жазған.

Қарағанды облысынан келген Кернебаевтар – агрономдар әулеті әрі ғылым саласының өкілдері. Отағасы өсімдіктерді қорғау саласында еңбек етіп, мекеме басқарған. Ал жұбайы көпбалалы ана болумен қатар, бірнеше кітаптың авторы. Ерлі-зайыптылар бес бала тәрбиелеп, бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр.

Көпбалалы аналар мен қоғамға үлгі болған отбасылар

Байқауда көпбалалы отбасылардың орны ерекше. Түркістан облысынан келген Мұхановтар отбасының тарихы соғыс жылдарындағы еңбекпен және кейінгі ұрпақтың ғылым-білімдегі жетістіктерімен сабақтасады.

Отбасының үлкені, 92 жастағы Айша Қайрақбайқызы – тыл еңбеккері, «Алтын алқа» иегері. Соғыс жылдарында анасы Үлмекенмен бірге тылда еңбек етіп, майдандағы жауынгерлерге қажетті киім-кешек дайындауға көмектескен. Бүгінде бес ұлы, екі қызы, 24 немересі және 39 шөбересі бар.

Ал Шымкенттен келген он балалы Қожамжаровтар, Жетісу облысынан келген он баланы тәрбиелеген Еркеновтер және Атырау облысынан келген сегіз балалы Оспановтар отбасы да көпбалалы шаңырақтың өнегесін көрсетті.

Батыс Қазақстан облысынан келген Қайрекеновтер әулеті мал шаруашылығымен айналысады. Отағасы өмірін ауыл шаруашылығына арнаса, жұбайы мәдениет саласында еңбек етіп, ұлттық өнер мен дәстүрді насихаттайтын «Шамшырақ» ансамблінің құрылуына бастамашы болған. Ерлі-зайыптылар бес бала тәрбиелеп, 15 немере сүйіп отыр.

Маңғыстау облысынан келген Бисемағамбетовтер отбасы еңбек пен қолөнер дәстүрін қатар ұстанады. Отағасы ауыл шаруашылығында еңбек етіп, түрлі марапатқа ие болған. Жұбайы Күнжарық Шанкеева қазақтың дәстүрлі қолөнерін сақтап, ұршықпен жүн иіру өнерін кейінгі ұрпаққа үйретіп келеді. Бүгінде әулетте 45 немере мен бес шөбере бар.

Байқаудың басты мақсаты – отбасылық тәжірибені дәріптеу

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде оған еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.

Жоба отбасы институтын нығайтуға, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға және қазақстандық отбасылардың оң тәжірибесін таратуға бағытталған.

Биылғы конкурсқа қатысушылар кәсіби, ғылыми, білім беру, шығармашылық, спорттық және қоғамдық қызметтегі жетістіктерімен бағаланды. Сонымен бірге отбасылық дәстүрлерді сақтау, ұрпақтар сабақтастығы, қайырымдылық, волонтерлік және тәлімгерлік қызмет те назарға алынды.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жеңімпаз отбасылардың өмір жолын көпшілікке таныстыру – байқаудың негізгі міндеттерінің бірі. Себебі әр әулеттің тарихы еңбектің, өзара сыйластықтың, жауапкершіліктің және ұрпақ тәрбиесінің қоғамдағы маңызын көрсетеді.

Наверх