Мерейлі мезет: музыкант Ілия Жақанов туған жұртымен емен-жарқын жүздесті

12 Желтоқсан 2022, 09:00
950
Бөлісу:
Мерейлі мезет: музыкант Ілия Жақанов туған жұртымен емен-жарқын жүздесті

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, өнертанушы, сазгер Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды деп хабарлады BAQ.KZ.

Кеште жазушының «Жайлаукөл кештері», «Таңғажайып махаббат», «Дүлдүл» атты жаңа кітаптарының таныстырылымы ұйымдастырылды.

Мерекелік шараға арнайы келген Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Ілия Жақановты шығармашылығының кезекті белесімен құттықтап, алдағы уақытта да толағай табыстарға жете беруін тіледі.

Кезінде қазақтың кең даласын күй әуеніне толтырған Біржан сал, Ақан сері, Құрманғазы, Шәмші, Нұрғисалардың киелі жолын біздің өлкемізде туған музыкалық зергер Ілия Жақанов лайықты жалғастырып келеді. Бүгін оны киелі Әулиеатада кездестіру бақыты бұйырды. Бұл – өнерсүйер қауым үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе деп білемін, – деді Нұржан Нұржігітов сөйлеген сөзінде.

Аймақ басшысы танымал композитордың қазақ өнері мен әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын да атап өтті. 

Музыка да, сөз де сізге бірдей бағынады. Бұл да таланттылардың бәріне беріле бермейтін қасиет. Ең бастысы, сіз осы екі қастерлі бағытты да жоғары деңгейде жетілдіріп, игеріп, қалың қазаққа қымбат та құнды дүниелеріңізді ұсынып отырсыз. Руханиятты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесіңіз үшін шын жүректен алғысымды айтамын! Сізге және сіздің отбасыңызға денсаулық және амандық! - деді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Молдиярұлы.

Кеш барысында Ілия Жақановтың әндері орындалды, оның шығармаларын Қазақстанның белгілі вокал өнерінің майталмандары нәшіне келтіре шырқады.

Салтанатты іс-шара Тараз қаласындағы ардагерлер үйінде жалғасты. Онда музыкант Ілия Жақанов қалалық, облыстық ардагерлер кеңесі мүшелерімен, жалпы өңірдің аға буынымен, замандастарымен кездесті. Мәртебелі қонақты Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған топ құшақ жая қарсы алып, төріне оздырды. Құрметтеп, сый-сияпат көрсетті.

Ілия Жақанов жиналғандарға өзі және шығармашылық жолы туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Көзкөрген тарихи тұлғалар жайында да баяндап, тартымды естеліктерімен бөлісті. Көпшіліктің сауалдарына жауап беріп, жылы лебізін де білдірді.

Ілия Жақанов орыс музыкасының, мәдениетінің, өнерінің және жаңа заман тарихының дамуына үлкен үлес қосты. Ол қазірдің өзінде 86 жаста, бірақ осындай егде тартқан жасына қарамастан, шығармашылық қызметін талмай, жалықпай жалғастыруда. Ілия Жақанов – «Балқадиша» әні туралы мақаланың авторы, онда туындыгер әннің жазылу тарихына тоқталып, мән-мағынасын оқырманға барынша аша түседі. Бұл әннің бірнеше нұсқасы бар, оның түпнұсқасын Ілия Жақанов тауып алған, – дейді Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сатыбалды Досымбекұлы.

І.Жақановтың әндерінің ішіндегі ең әйгілісі – «Еділ мен Жайық» әні, ол тек Қазақстанда ғана емес, түркітілдес бірнеше мемлекетте кеңінен орындалады. Дәл осы шығарма танымал болған 70-80 жылдары композитордың атақ-даңқы, тіпті шарықтаған болатын.

Ілия Жақанов қазақтың ақын-күйшілері Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Естай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ шығармаларын жан-жақты әрі түбегейлі зерттеді десек, қателеспейміз. Сонымен қатар, ол – белгілі қазақ композиторлары Мұқан Төлебаевтың, Латиф Хамидидің, Қапан Мусиннің және тағы басқа өнер қайраткерлерінің қызметіне арналған тарихи, сүбелі туындылардың авторы.

Жазда қазақ халқының музыкалық мұрасын зерттеуге арналған он томдық кітаптың жұмысын аяқтадым. Бұл – көп жылғы қажырлы жұмыстың жемісі дер едім, мен оған өзімді толығымен арнадым, зерттеу процесі маған қатты ұнады әрі тереңдеген сайын шабыттана бердім. Бізге, кейінгі буынға өз халқымыздың тарихын білу және есте сақтау өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарымды әлі де жалғастыра беретініме бек сенімдімін, - деді Ілия Жақанов жиналғандарға.  Жиынды қорытындылай келе, Ілия Жақановтың иығына әсем безендірілген шапан жабылды. Кездесуге қатысушылар ғалым мен музыкантқа зор денсаулық және алдағы уақытта шығармашылық табыс тіледі.

Айта кетейік, Ілия Жақанов 1936 жылы 6 мамырда Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Ақтоғай ауылында дүниеге келген. Сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телерадио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінде әдеби редактор, музыкалық фильмнің бас редакторы қызметтерін атқарды. Қазақ радиосының редакциясында да біршама жылдар бойы еңбек етті.

Ілия Жақанов қазақтың біртуар қобызшысы, күйші Ықылас Дүкенұлы туралы «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс» сияқты кітаптарымен кеңінен танылды. Сондай-ақ қазақ мәдениетінің қайраткерлері туралы «Бірінші концерт», «Екі жирен», «Махаббат уәлаяты» және тағы басқа деректі жинақтар шығарды.

Жамбылдықтар белгілі жерлесіміздің еңбегін құрметтейді және оны жоғары бағалайды. Өйткені, ол өткен жылдардағы музыкалық шығармалар туралы көптеген мәлімет жинады әрі оны көркем тілмен туған халқына ұсына білді. Соның арқасында қазақстандықтар халқының тарихы мен мәдениетімен танысуға бірегей мүмкіндік алды.

Әсел Мұратбекқызы

Өзгелердің жаңалығы