Мерекелік фудблог. Наурыз көже қалай дайындалады?

22 Наурыз 2022, 10:05
8266
Бөлісу:
Мерекелік фудблог. Наурыз көже қалай дайындалады?
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақтың басты мерекелерінің бірі – Наурыз мейрамы жақындап қалды. Ұлыстың ұлы күнінде отандастарымыз 5 күн демалады. Қазіргі күні еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Әр өңірде киіз үй тігіліп, ұлттық ойындар насихатталып, қазақтың ұлттық тағамдары әзірленіп жатқаны сөзсіз.

Наурыздың басты тағамы – Наурыз көженің дәмін сағынғандар аз емес шығар. Бүгінгі мақаламызда Ұлыстың ұлы күнінің бір символы – Наурыз көженің дайындалу тәсілі туралы айтамыз.

Мерекелік фудблог. Наурыз көже қалай дайындалады?

Көжеге қандай дәнді-дақылдар қосады?

- Бидай
- Күріш
- Жарма
- Жүгері
- Тары
- Ет
- Айран
- Тұз
- Су.

Айта кетейік, дүкендерде бұл дәнді-дақылдар келісі үшін шамамен 800-1 000 теңге көлемінде тұрады. Мысалы, бір келі ақ не сары жүгері 1 000 теңге, жүгері жармасы 800 теңге.

Мерекелік фудблог. Наурыз көже қалай дайындалады?
Мерекелік фудблог. Наурыз көже қалай дайындалады?

Өңірлер көжені қалай дайындайды?

Маңғыстау облысы

Біздің өңірде Наурыз көжені мүлдем басқаша жасайды. Көжеге 7 дәм қосамыз. Сүр майды қазанға шыжғырып, кейін үстіне су құйып, қыс бойы сақталған сүр етті пісіріп аламыз. Ет пісуге жақын қалғанда алдын ала дайындап қойған бидай, жүгері, күріш, арпаны салып, пісіреміз. Бәрі дайын болғаннан кейін тұзын салып, дәмін көреміз. Қонақтардың қалауы бойынша көжеге сүт, шұбат немесе құрт қосып, араластырамыз, - деп айтты маңғыстаулық Күләш Аққұлова.

Сөзінше, жергілікті адайлар көжені осы рецепт бойынша әзірлейді.

Маңғыстау облысының тұрғына көжеге қосылатын әр дәмнің мынадай мағынасы барын айтты:

1. Су - ұрпағымыз көп, өзен судай тасысын;
2. Ет - ұзынасарға сақталған сүр етті асар көп болсын, қазан толсын;
3. Айран, құрт - ағымыз мол болып, сүттей ұйып отырайық;
4. Тұз - қазақ сөз қадірін білген, дәмсіз сөйлемейік;
5. Арпа, жүгері, күріш - емдік дақылдар, деніміз сау болсын;
7.  Бидай -  нанымыз көп болсын деген ниетпен қосылады деген мағынаны білдіреді.

Қызылорда облысы

Біздің өңірде жасалатын көженің басқа жақтан аса айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Мысалы, мен жүгері, бидай, маш, ловия (қызыл, ақ), кеспе, айран, су, тұз, сүр еттен дайындаймын. Алдымен жүгеріні бір күн бұрын қайнатып, пісіріп аламын. Әр дәмді бөлек-бөлек қайнатамын, - дейді Жаңақорған ауданының тұрғыны Қаламқас Атаханқызы.

Мерекелік фудблог. Наурыз көже қалай дайындалады?

Қызылорда облысының тұрғыны Наурыз мейрамының дастарханына жент, май сөк, талқан, құрт, қауын құрт, қақ сияқты ұлттық тағамдарды қоятынын айтты.

Батыс Қазақстан облысы

Батысқазақстандық Толғанай әженің айтуынша, Наурыз көже - 7 түрлі дәмнен тұратын ұлттық тағам.

Мерекелік фудблог. Наурыз көже қалай дайындалады?

Салт-дәстүріміз бойынша көжені дайындау үшін алдымен суды құямыз. Оған қыстан шыққан сүр етті салып пісіреміз. Одан бөлек бидайды суға пісіріп аламыз. Кейін дәнді-дақылдар дайын болғанда, миіз бен өрікті ыстық суға жуып алып, дайын болған көжеге қосамыз. Ең соңынан тұзын қосып, жылығаннан кейін айранмен араластырамыз, - деп әже өз рецептімен бөлісті.

Толғанай әже атап өткендей, Наурыз көже қазақтың салты, бұрыннан келе жатқан дәстүрі бойынша ақтан әзірленеді.

Әжеміз биыл да осы әдіс бойынша Наурыз көжесін әзірлеп үлгерді.

Басқа зат қоспау керек. Қазір көріп жүргеніміздей, біреулері сәбіз, кеспе қосады. Ал біз бұрыннан келе жатқан тәсіл бойынша 7 түрлі дәммен әзірлейміз. Атап айтқанда, су, сүт, бидай, миіз, өрік, сүр ет, айран, тұз, - дейді әже.

Толғанай әженің ауылы, яғни Шыңғырлау ауданы Сегізсай ауылы шағын ғана болғандықтан Ұлыстың ұлы күнін ауыл болып жиналып, мектепте тойлайды. Осылайша батысқазақстандық Толғанай әженің әзірлеген көжесін ауылдықтар да мейрам күні дәм татады.

Мерекелік фудблог. Наурыз көже қалай дайындалады?

Абай облысы, Семей қаласы

Семей қаласының тұрғыны Ұлдана Серқұл ұлттық тағамды дайындауда арнайы рецепті жоқ екенін айтты. Ол көжеге тары, ет, айран немесе қара құрт, қызыл үрмебұршақ қосады.

Алдымен сүр етті пісіріп аламын. Кейін оның сорпасына дәнді-дақылдарды пісіремін. Барлығын пісіріп алған соң, қара құрт немесе айранмен көжені араластырамын. Осымен көжеміз дайын болады. Отбасым Наурыз көжені қуана ішеді. Себебі оны тек наурызда ғана дайындайтын болғандықтан, көженің дәміне деген сағыныш болады, - деп айтты ол.

Семейлік Ұлдана да Наурыз мейрамының дастарханына міндетті түрде бауырсақ, шелпек пісіріп, ұлттық дәмдерімізді қояды.

Алматы қаласы

Алматылық Айнара Байжан да өзі дайындайтын Наурыз көжеге 7 түрлі дәм қосатынын айтты. Ол көжені Қостанай облысының тәсілімен әзірлейді.

Мерекелік фудблог. Наурыз көже қалай дайындалады?

Оның алғашқысы – су. Екінші дәм – ет. Қазақы дастарқанның берекесі. «Ұзынсарыға» сақталған сүрі етті, қазыны, шұжықты қазан толсын, ас мол болсын деген ырыммен тұтастай Наурыз көжеге салып қайнатады. Үшінші ас – тұз. Тұз кез келген астың дәмін келтіреді. Ет бір қайнаған соң көбігін алады да, отты орташа етіп қояды. Осылайша 2,5 сағат бойы баппен қайнату қажет, - дейді алматылық тұрғын.

Айнара көжені дәнді-дақылдарсыз елестету мүмкін емес екенін айтты.

Әр көже дайындаушының қалауына қарай көжеге арпа, бидай, тары, күріш сияқты дәндер қосылады. Біз төртінші дәмге 200 гр күріш, бесінші дәмге 200 гр тары (сөк), 200 гр жүгері қостым. Жетінші дәм етіп Тан сусынының 1 литрін құйдым. Ең дәмді рецепт осы деп ойлаймын. Наурыз көжелеріңіз дәмді болсын! – деп Айнара Байжан өзі дайындаған Наурыз көженің рецептін бөлісті.

Өзгелердің жаңалығы