- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Мереке күндері жұмыс істегендерге қанша теңге төленуі тиіс?
Мереке күндері жұмыс істегендерге қанша теңге төленуі тиіс?
-
Айым Серікбайқызы
BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға шығарушы редакторы
27 Қараша 2026, 14:49
Мереке күндері жұмысқа шығатындарға жұмыс беруші әдеттегіден кемінде бір жарым есе артық ақы төлеуге міндетті. Бұл теңгемен есептегенде қанша болады, ақша қашан түседі және мереке күніне қатардағы күндей төленсе не істеу керек? Осы сұрақтардың жауабын BAQ.KZ бухгалтерлік есеп саласындағы сарапшы Майра Мұрзабековадан сұрап білді.
Қандай күндер мереке болып саналады?
Желтоқсанда – 16 желтоқсан, Тәуелсіздік күні, ол сәрсенбіге түседі. Жаңа жыл – 1 және 2 қаңтар жұма мен сенбіге сәйкес келеді.
Православиелік Рождество – 7 қаңтар да демалыс күні. 31 желтоқсан жұмыс күні болып қалады, қазақстандықтардың желтоқсанда қалай демалатыны туралы толығырақ BAQ.KZ бұған дейін жазған болатын.
Қанша төлеуі тиіс?
Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа күндік немесе сағаттық мөлшерлеменің кемінде бір жарым еселенген мөлшерінде ақы төленеді. Егер еңбек немесе ұжымдық шартта көбірек көрсетілсе, шарт бойынша төлейді.
Сарапшы мысал келтіріп есептеді. Бес күндік жұмыс аптасындағы қызметкердің айлығы 300 мың теңге және ол 16 желтоқсанда жұмысқа шығады делік.
«Есептеп көрейік: 2026 жылдың желтоқсанында 22 жұмыс күні бар. 300 000 теңгені 22 жұмыс күніне бөліп, 1,5 мөлшерлемеге көбейтеміз. Сонда 16 желтоқсандағы 8 сағаттық бір күн үшін 20 455 теңге шығады. Егер барлық жұмыс күндерін толық істеп, мереке күні де жұмысқа шықсаңыз, желтоқсан айы үшін салық пен жарналар ұсталғанға дейін 320 455 теңге есептеледі», – деп түсіндіреді Майра Мұрзабекова.
«Жұмыс беруші одан да көп төлей алады, бірақ заңда белгіленген мөлшерден кем болмауы тиіс», – деп толықтырады сарапшы.
Мереке күні үшін төленетін ақыдан да қалыпты жалақыдағыдай сол салықтар мен жарналар ұсталады, сондықтан қолға тиетін сома азырақ болады.

Ақша қашан түседі?
Мереке күні үшін бөлек төлем күтудің қажеті жоқ.
«Мереке күні үшін ақы жеке емес, жалақымен бірге төленеді. Мысалы, 16 желтоқсан үшін төлемді желтоқсан айының жалақысымен бірге аласыз», – деп нақтылайды Майра Мұрзабекова.
Ақша ма, әлде демалыс күні ме?
Еңбек кодексінің 85-бабының 2-тармағына сәйкес жоғарылатылған ақының орнына қызметкер басқа демалыс күнін ала алады. Таңдауды қызметкердің өзі жасайды. Үстемеақыны да, тынығу күнін де бірден алу мүмкін емес, заң біреуін ғана береді.
«Басқа демалыс күнін сұрауға бола ма? Иә, сіздің мұндай құқығыңыз бар. Егер қосымша демалыс күнін алғыңыз келсе, ол үшін өтініш жазып, жұмыс берушімен келісу қажет», – дейді сарапшы.
Демалыс күндері және үстеме жұмыс
Дәл осындай ережелер әдеттегі демалыс күндеріне де қатысты. Егер сізді сенбі немесе жексенбі күні жұмысқа шақырса, бұл күнге кемінде бір жарым есе мөлшерде ақы төленеді.
Белгіленген уақыттан тыс жұмысқа да Кодекстің 108-бабы бойынша кемінде бір жарым есе артық төленеді. Үстемеақының орнына артық істеген әр сағат үшін кемінде бір сағат демалыс беру туралы келісуге болады.
Жалақы 300 мың теңге және желтоқсандағы норма 176 сағат болса, бір жұмыс сағаты шамамен 1 705 теңге тұрады. Үстеме жұмыстың әр сағатына кемінде 2 557 теңге төленуі тиіс.
Шектеусіз үстеме жұмыс істеуге болмайды. Үстеме жұмысқа тек қызметкердің жазбаша келісімімен және тәулігіне екі сағаттан асырмай, ал ауыр және зиянды жұмыстарда бір сағаттан асырмай жол беріледі. Бір айда 12 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды.
Егер сіз күн сайын кешігіп қалсаңыз, бірақ есеп айырысу парағында үстеме жұмыс көрсетілмесе, демек артық еңбегіңізге ақы төленбей жүр. Хат алмасуларды және кестеден тыс жұмыс істегеніңізді растайтын кез келген дәлелді сақтап қойыңыз. Олар шағым түсіргенде қажет болады.
Мереке еңбек демалысына түскенде күндер қалай есептеледі?
Көпшілік еңбек демалысын желтоқсанның соңында немесе қаңтардың басында алады, ал мерекелер оны ұзартады.
«Еңбек демалысына келсек, мереке күндері демалыс күндеріне кірмейді. Мысалы, 14 желтоқсаннан бастап 14 күнтізбелік күнге демалыс алсаңыз, 16 желтоқсан демалыс күні болып саналмайды және жұмысқа 29 желтоқсанда шығасыз. Егер демалысқа 1 және 2 қаңтар түссе, екі күн артық демаласыз. Ал әдеттегі сенбі мен жексенбі демалыс күндеріне кіреді», – деп түсіндіреді Майра Мұрзабекова.
Мереке күні жұмыс істеуден бас тартуға бола ма?
Қызметкерді мереке күні жұмысқа тек оның жазбаша келісімімен немесе өтініші бойынша ғана шақыруға болады, бұл – Еңбек кодексінің 85-бабының 1-тармағы. Ерекше жағдайлар 86-бапта көрсетілген.
Шағын ЖШС-лар да төлеуге міндетті
Сарапшының айтуынша, іс жүзінде заңды бәрі бірдей сақтай бермейді. Шағын ЖШС-лар мереке мен демалыс күндеріндегі жұмыс үшін көбіне мүлдем үстемеақы төлемейді. Қызметкерлер мұны жиі біле бермейді және үндемей қалыпты мөлшерлемені ала береді.
Алайда Еңбек кодексі бәріне бірдей және бизнес көлеміне қарап жеңілдік жасамайды. Бір жарым есе төлемді кез келген жұмыс беруші төлеуге міндетті – ол ірі компания ма, шағын ЖШС ма, әлде жалдамалы қызметкерлері бар жеке кәсіпкер ме, бәрібір. Егер еңбек шартында заң талап еткеннен аз мөлшер жазылса, ол шарттың күші жоқ.
Ақы қалыпты күндегідей төленсе не істеу керек?
«Егер сізге мереке күніне қатардағы күндей төленсе және сіз басқа демалыс күнін таңдамаған болсаңыз, алдымен бухгалтерияға хабарласып, есептеулерді, содан кейін табельді тексеруді сұраңыз. Мүмкін, жай ғана қателік кеткен шығар. Ал егер жұмыс беруші мереке күні үшін үстемеақы төлеуден бас тартса, e-Otinish порталы арқылы хат жазып, еңбек инспекциясына жүгіне аласыз. Мұның бәрі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде қарастырылған», – деп кеңес береді Майра Мұрзабекова.
Жұмыс берушіге жазбаша түрде жүгінген жөн, сонда қолыңызда растау құжаты қалады. Ол мәселе еңбек инспекциясына дейін жетсе қажет болады.
Ең оқылған:
- Қазақстанда биылғы қыс қандай болады? Сарапшылар болжамы
- Желтоқсанда Қазақстанда не қымбаттайды?
- Тоқаев: Интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек
- Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин AI Journey 2026 көрмесін аралады
- Үйді 20 жылға дейін жалдап, кейін сатып алуға болатын бағдарлама басталды: Кім қатыса алады?