Мердігер баланың өліміне әкеп соқтырған қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды

14 Қазан 2024, 20:32
301
Бөлісу:
Мердігер баланың өліміне әкеп соқтырған қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ -архив

Сот мердігер баланың өліміне әкеп соқтырған қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақмола соттарының хабарлауынша, 2018 жылы Ақмола облысы, Төңкеріс ауылында ЖШС директоры балабақша құрылысын бастап, 2021 жылы қаржы тапшылығына байланысты жұмысты тоқтатқан.

2023 жылы жаздың бір күнінде төрт жасар бала құрылыс алаңына емін-еркін кірген. Ойнап жүріп суы бар құдыққа құлап кетіп, қайтыс болған.

Шортанды аудандық сотына құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, абайсызда баланың өліміне әкеп соққан (ҚК-нің 277-бабының 2-бөлігі) кінәні мойындау туралы процестік келісіммен айыпталған адамға қатысты қылмыстық іс түскен. Сотта анықталғандай, ЖШС директоры құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағаламаған, қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметін құруды қамтамасыз етпеген, - делінген хабарламада.

Осылайша, ЖШС директоры құрылыс нормалары мен ережелерін келесідей бұзушылықтарға жол берген:

- елді мекендегі құрылыс алаңы бөгде адамдардың кіруіне жол бермеу үшін қоршалмаған;

- құрылыс алаңының аумағында күзет болмаған;

- объектінің кіреберіс қақпасы дұрыс жабылмаған және бөгде адамдардың еркін кіруіне еш кедергі болмаған;

- қауіпті аймақтар қауіпсіздік белгілерімен белгіленбеген, қорғаныс қоршаулары орнатылмаған; - құдықтар қақпақтармен жабылмаған және басқа қазылған тұстары қоршалмаған, түнгі уақытта қоршауларға электрлік ескерту шамдары белгіленбеген.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, баланың өлімі суға бату салдарынан болған.

Осылайша, ЖШС басшысы құрылыс кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзған, осы жағдай жас баланың өліміне әкеп соққан.

Кінәні мойындау және шын жүректен өкіну, асырауында жас балалардың болуы, жәбірленушілермен медиациялық келісім жасасу және

келтірілген зиянды өтеу, жәбірленушілердің процессуалдық келісімге келісімі жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларға жатады.

Ешқандай ауырлататындар жоқ. Жәбірленушілер сотқа азаматтық шағым түсірмеген. Айыпталушының өз кінәсін толық мойындауы туралы мемлекеттік айыптаушы жасаған процессуалдық келісім аясында прокурор соттан сотталушыға шартты түрде жаза тағайындауды сұрады. Сот дәлелдемелерді зерттемей, істі қысқартылған тәртіпте қарады. Қылмыстық кодекстің 277-бабының 2-бөлігінің санкциясында 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру және 3 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығы немесе онсыз жаза көзделген, - делінген соттың хабарламасында.

Осыны ескере отырып, сотталушыға құрылыс саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы