- Мұқаба
- Жаңалықтар
- "Мэр, министр және полицей": Шетелдегі лауазымды қызметтерді бағындырып жүрген қазақстандықтар
"Мэр, министр және полицей": Шетелдегі лауазымды қызметтерді бағындырып жүрген қазақстандықтар
BAQ.KZ тілшісі шетелде лауазымды қызметтерде мансап құрған қазақстандықтарға шолу жасады.
Бүгiн 2026, 11:57
Кейінгі жылдары шетелдік халықаралық ұйымдарда, ірі компанияларда және мемлекеттік құрылымдарда жоғары лауазымға тағайындалған қазақстандықтар көбейіп келеді. Олардың қатарында әлемдік қаржы институттарында, технологиялық корпорацияларда, дипломатиялық ортада және саясатта танылған мамандар бар. Сондай-ақ Қазақстанда туған, кейін шетелде мансап құрған тұлғалар да халықаралық деңгейдегі ықпалды қызметтерге көтеріліп жатыр. Бұл үрдіс қазақстандық кадрлардың жаһандық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетін көрсетеді. BAQ.KZ тілшісі шетелде лауазымды қызметтерде мансап құрған қазақстандықтарға шолу жасады.
Лондондағы қазақ мэр
Өткен аптада Қазақстан тумасы Санжар Әбішев Лондонда мэр болып сайланғаны туралы ақпарат тарады. Консервативті партия атынан сынға түскен Әбішев 2,3 мың сайлаушының қолдауына ие болып, St. James ауданының мэрі болды. Ол бәсекелесінен 350 дауыс алға озған. Санжар небәрі 33 жаста. Лондондағы атақты Malvern коллежін, сосын университет бітіріп, артынша қалалық Westminster City council атқарушы органына мүше болып енген.

АҚШ-тың қаржы министрлігіндегі қызметке негізгі үміткер
Қазақстанда туған Сәуле Омарова АҚШ-тағы Ақша айналымын бақылау басқармасының басшысы қызметіне негізгі үміткерлердің бірі атанған еді. Омарова Қазақстанда дүниеге келіп, кейін Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап, АҚШ-қа қоныс аударған.
The New York Times басылымының жазуынша, Сәуле Омарова АҚШ-тың бұрынғы президенті кіші Джордж Буш әкімшілігі кезінде Қаржы министрлігінде реттеу саясаты жөніндегі арнайы кеңесші болған. Оған дейін бес жыл бойы Davis Polk & Wardwell заң фирмасында жұмыс істеген.

Басылым Омарованың ғылыми еңбектері оның қаржы жүйесіне қатысты көзқарасын аңғартатынын жазады. Ол криптовалюта нарығының бақылаусыз қарқынды дамуы банктер үшін үлкен қауіп тудыратынын бірнеше рет айтқан. Омарованың пікірінше, криптовалютамен байланысты операциялар банктерге Федералдық резерв жүйесі мен өзге де реттеуші органдардың назарынан тыс сауда жүргізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Егер ол аталған қызметке тағайындалғанда, JPMorgan Chase және Citigroup секілді ірі банктердің криптовалюта бағытындағы қызметіне бақылауды күшейтуі ықтимал еді.
Алайда 2021 жылдың желтоқсанында Сәуле Омарова АҚШ Қаржы министрлігінің Валюталық бақылау басқармасын басқару қызметіне кандидатурасынан бас тартқан. Сол кездегі АҚШ президенті Джо Байден оның өтінішін қанағаттандырған.
Чехиядағы алғашқы қазақ министр
Жамиля Стегликова – Чехияда министр болған қазақ қызы, ел тарихындағы чех ұлтынан шықпаған алғашқы министр. Ол 2007-2009 жылдар аралығында Чехия үкіметінің Адам құқықтары және ұлттық азшылықтар істері жөніндегі министрі болған.
Жамиля Стегликова 1962 жылы 6 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі – сәулетші Алмас Баймұханұлы Ордабаев, анасы - химик-ғалым Рауза Әбдіхамитқызы Сембаева. Ол Қазақ КСР-інің бұрынғы ағарту министрі Әбдіхамит Ибнеұлы Сембаевтың немересі. 1988 жылдың тамызында чехословакиялық жұбайы Милослав Стегликпен бірге Чехословакияға қоныс аударып, қоғамдық қызметпен айналыса бастады.

Министр ретіндегі қызметінде Стегликованың маңызды бастамаларының бірі – сыған ұлты өкілдері мен әлеуметтік осал топтар тұратын аймақтарды әлеуметтік интеграциялау агенттігін құру болды. Сонымен қатар Чехия Әділет министрлігімен бірлесіп, сталкингке қарсы заң мен азаматтардың тең құқықтарын қамтамасыз ететін антидискриминациялық заң жобасын әзірледі. Бұл құжаттар азаматтарды кемсітуден қорғауға және құқықтық тетіктерді күшейтуге бағытталды.
Алайда оның кейбір бастамалары қоғам тарапынан кең қолдау таппады. Соның бірі – балаларға күш қолдануға тыйым салуды көздейтін заң жобасы.
2009 жылғы 23 қаңтарда үкіметті қайта құру кезеңінде қызметінен кетті. Оның орнына Михаэл Коцаб тағайындалды.
Кейін Жамиля Стегликова Либералдық-экологиялық партия қатарына қосылып, 2014 жылғы 16 ақпанда өткен құрылтай съезінде партия басшылығы құрамына сайланды.
Аустралиядағы шенеунік қыз
Аустралияда тұратын қазақстандық Мадина әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын аударған видео жариялады.
Кадрларда бойжеткеннің саяси мінберде сөз сөйлеп тұрғанын көруге болады. Видео сипаттамасында ол бұл жиынға кәсіби қызметі аясында қатысқанын айтқан.

Мен мемлекеттік қызметкермін және азық-түлік жүйелеріне жауап беремін. Бұл – экономика, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, аштықты азайту, дағдарысқа төзімділік, нутрициология, экология, әлеуметтік теңдік пен қоғамдық денсаулық сақтау салаларының тоғысқан тұсы. Барлығы өзара байланысты, ал тамақ – қоғамның өзегі. Мен біздің “мэрияның” жұмысы, азық-түлік жүйелеріндегі сәтті тәжірибелер туралы айтып, сондай-ақ байырғы халықтарды шешім қабылдау процестеріне тарту бойынша практикалық құралдарға арналған білім беру воркшопын екінші рет ұйымдастырдым, - деді ол.
Мадинаның парақшасына шамамен 50 мың адам жазылған. Ол әлеуметтік желіде саяхаттары мен кәсіби қызметі туралы қызықты әрі жарқын контент жариялап отырады.
Нью-Йорк полициясындағы қазақстандық
Қазақстанда туған Игорь Пинхасов 2021 жылы Нью-Йорк полициясы инспекторының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол 1996 жылы Түркістаннан АҚШ-қа қоныс аударған.
Мектепті тәмамдап, колледжге түскеннен кейін 2002 жылы Нью-Йорк полициясында кадет ретінде еңбек жолын бастаған. Детективтік бөлімдерде қызмет атқарған. 2004 жылы Пинхасов Сент-Джон университетін, кадет бағдарламасын және Полиция академиясын үздік аяқтаған.
Кейін ол Нью-Йорк полициясының 104-бөлімшесінде жұмыс істеп, 2006 жылы Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасына ауыстырылды. Ал 2008 жылы осы басқармада детектив-аналитик қызметіне тағайындалды.

Фото:facebook.com/RussianAmericanOfficersAssociation
Игорь Пинхасовтың басқарушылық мансабы 2010 жылы басталды. Сол кезде ол сержант шенін алып, 110-полиция бөлімшесіне, кейін Ішкі істер бюросына жіберілді. 2014 жылы лейтенант атағын алды. Одан кейін 2015 жылы 76-учаскелік детективтік бөлімнің, ал 2016 жылы 67-учаскелік детективтік бөлімнің командирі болды.
2016 жылдың қазанында Пинхасовқа капитан атағы беріліп, ол детективтік бюрода аумақ капитаны қызметін атқарды. 2017 жылы Бронкс ауданындағы ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің басшысы болып тағайындалды.
Ірі ресейлік компаниядағы Қазақстан тумасы
Биыл Ресейдің Новосібір облысының бұрынғы көлік министрі Сергей Титов «Сибмост» акционерлік қоғамының басшысы болып тағайындалды. Ол аймақтық үкіметтегі қызметінен кеткеннен кейінгі күні жаңа міндетіне кіріскен.
Титовтың кандидатурасын «Сибмост» директорлар кеңесі мақұлдаған. Кеңесті компанияның негізін қалаушы әрі жуырда ғана президент қызметін атқарған Альберт Кошкин басқарады. Экс-шенеунік жаңа қызметіне 10 наурызда кірісті.

Сергей Титов 1961 жылы Қазақстанның Петропавл қаласында дүниеге келген. Сібір автомобиль-жол институтын тәмамдаған.
2004-2010 жылдары «Сибирь» автомобиль жолдары мемлекеттік мекемесі басқармасы басшысының орынбасары және бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Ал 2010-2012 жылдары «Ресей автомобиль жолдары» мемлекеттік компаниясының Воронеж филиалын басқарған.
Ең оқылған:
- Хантавирус тараған лайнердегі жолаушылар өз елдеріне жаппай қайтарылып жатыр
- Ақтөбеде бұрынғы қайын атасына қоқан-лоқы көрсеткен жігіт көше сыпыратын болды
- Көкшетауда әйел адам қаза тапқан апатқа қатысты жаңа дерек шықты
- Тоқаев Нәлібаевқа бірқатар маңызды тапсырма берді
- Түркия әуе кеңістігінен 430 миллиард теңгеден астам табыс тапты
Сымбат Сатыбалдина