«Мені де іздеп келетіндер бар екен...». Еріктілер қамкөңіл қарттардың еңсесін көтерді

6 Мамыр 2022, 21:03
2617
Бөлісу:
«Мені де іздеп келетіндер бар екен...». Еріктілер қамкөңіл қарттардың еңсесін көтерді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еріктілер қамкөңіл қарттардың еңсесін көтерді. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асыратын «Жеңіс» жобасының көздегені сол, көмек пен жай ғана жылы көңілге мұқтаж қарттарды жыл бойы қолдау. 

Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін тек 9 мамырда ғана еске алмау керегіне «Самұрық-Қазына» АҚ құрамындағы ерікті болуға асыққан кәсіпорын қызметкерлері де бір ауыздан келіседі.

Басым көпшілігі өңірлерде орналасқан өндіріс еңбеккерлері қамқорлығындағы қариялармен етене араласып кеткендерін жасырмайды. Олардың куә болған оқиғалары, түрлі күрделі тағдырлар жүректі қозғап, сананы дүр сілкінтеді.

«Мені де іздеп келетіндер бар екен...». Еріктілер қамкөңіл қарттардың еңсесін көтерді

Атырау аймағы бойынша теміржолшылар жастар арасындағы еріктілер қозғалысының үйлестірушісі Бекжан Жиенбетов 500-ге жуық рейд жасағандарын, өкінішке қарай, қазір өздері тілдесіп, қол ұшын созған егде жастағылардың біразы бұл дүниемен қош айтысқанын айтады. Мәселен еріктілер шарасы басталғандағы атыраулық 9 ардагердің түгелі қайтыс болған. Осы орайда ол бүгінде ауыр сырқаттан өмірден озған тыл еңбеккері Мария Юдаковаға барған кездерін тебіреніспен әңгімелейді.

1930 жылы туған әжеміз былтырғы желтоқсан айында көз жұмды. Жалғыз немересімен бірге тұратын еді. Барғанда «мені де іздейтін адам бар екен-ау» деп балаша қуанатын. «Еткен еңбегімді, өткенімді бағалағандарыңа, келгендеріңе рахмет» деп жылайтын. Соңғы рет жүздескенімізде омыртқасына зақым келіп, үш ай бойы төсек тартып жатты. Содан «Самұрық-Қазына» қорының қолдауының арқасында немересінің кірін жууға қажет болар деген ниетпен кіржуғыш машина алып бердік, - деп тарқатқан Бекжан тынымсыз қимылдап, тырбанудан қайтпаған кейуананың қозғалыссыз жатудан шаршап, бір мезет ән тыңдауға құмартқанын келтіреді. 

Еріктілер сыйға тартқан монитордан көне өлеңге құлақ құрышын қандырып, ескі жазбаны көрген Мария әжей алғысын жаудырған. Тіпті өмірінің соңғы сәтінде еріктілерге риясыз лебізін немересіне бейнетаспаға жаздыртып қалдырғаны анықталған. Қарияға әбден бауыр басып қалған аймақтағы еріктілер қозғалысының үйлестірушісі бейнежазбадан қатты әсер алғанын айтады. Артынша суыт хабар жеткен. 

Тауқыметке толы өмір иелері бізге, жастарға жаңа Қазақстанда тек бақытты ғұмыр кешіңдер, еліміз тыныш болсын деп отырады, - дейді жоба еріктісі.

Қызылорда қаласы бойынша еріктілер үйлестірушісі Айдана Нұрмашқызының да естелігі әріптесінікіне ұқсас, аянышты.

«Мені де іздеп келетіндер бар екен...». Еріктілер қамкөңіл қарттардың еңсесін көтерді

Қалдыгүл есімді жалғыз тұратын тыл ардагерінің мекен-жайын қалалық Қарттар қоғамынан анықтап барғанымызда, әжеміз көзіне жас алып, бізді құшақтап ұзақ егілді, «Жасым 83-ке келгенде өмірімде бірінші рет мені іздеп келген, тылда еңбек еткенімді елеп, көңілімді сұрауға шаңырағыма келген алғашқы адамдар екенімізді» алға тосып. Өзі кішкене ғана құрылысы толық бітпеген екі бөлмелі үйде тұрса да көңілі кең апамыз ескі сандығын ашып, жинаған 500 теңгелік ақшасын бізге ұсынды. Еріктілер екенімізді, шын ниетпен көмектесуге келгенімізді айтып тарқастық. «Келесі жолы бір күн бұрын ескертіп келіңдерші, ет асып, бауырсақ пісіріп, дастархан дайындап, көршілерімді шақырып қояйын, мені «Самұрық-Қазынаның» өзі іздейді деп бәріне мақтанайын», деп мәз-мейрам болатын, - деген магистральды желі бөлімшесі персоналды басқару бөлімшесінің жетекшісі апаға 9 мамыр кіріп шығатын ойы барын жеткізді.

Қарағанды магистарльды желі бөлімшесінің жетекші инженері, жергілікті еріктілер үйлестірушісі Үміт Кенжебаева Қарағанды қаласында 17 ҰОС ардагері өмір сүретінін тілге тиек етіп, олардың ішінде Сұңғат атаның айрықша жадыда жатталғанын айтады. 1923 жылдың 1 қаңтарында жарық дүние есігін ашып, жасы жүзге таяса да Сұңғат Сәттіғұлов өзі жиһаз жөндеп, қаптаумен айналысуда! Көңілді жабырқататыны, ұлдары шетелге кетіп қалған, күтушісімен тұрады. Алайда «Отан соғысы» ордені мен «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарының иегері ерік-жігері жасымай, елордаға қоныс аударып, Ақорданың қасында тұрғысы келеді.

«Мені де іздеп келетіндер бар екен...». Еріктілер қамкөңіл қарттардың еңсесін көтерді

18 жасында қанмайданға аттанған, 1942 жылы Сталинградты 7 ай бойы қорғауға қатысқан, ақыры жараланса да жау әскерін жеңген Сұңғат атаны туған балалары жалғыз тастап кеткені көңілге мұң ұялатады. Жалпы майдангер атамыз екінші дүниежүзілік соғыс барысында екі рет ауыр жараланған, - деген Үміт өткен жылдың шілде-желтоқсан айларында 90-нан астам ҰОС ардагері мен тыл еңбеккеріне көмек көрсетілгенін, қарияларға көбінесе адами қарым-қатынастың жетіспейтінін меңзеп, барлық ардагерге бүгінгі бейбіт өмір үшін басын иетінін жеткізді.

Жалпы жақсылыққа жаны құштар қор компанияларының қызметкерлері биыл да «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына хабарласып, егде жастағы аға буын өкілдерінің байланыс деректерін алуда. Осылайша қор тобындағы өңір жұмысшылары белсенділік танытып, ардагерлерге қолдау көрсетуге күш салмақ.

Былтыр болса, еске сала кетсек, еріктілер «Жеңіс» жобасы аясында қарияларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізді, үйлеріне жөндеу жасап, аулаларын қоқыстан тазалады. Көшелер мен үйлерге кіреберістерде шағын концерттер қойып, тұрғындардың көңіл-күйін көтерді. Жастар қарттар үйлеріне соғуды да ұмытпады. Әлбетте, пандемия кезінде, көпшілігінің денсаулығы сыр берген қазыналы қарттарға індет жұқтырмас үшін сақтық шаралары сақталды. Мәселен 2020-2021 жылдары 13019 волонтерлік рейд жүргізіліп, 650 ерікті атсалысқан олардың аясында 3355 қария қамтылды.

«Мені де іздеп келетіндер бар екен...». Еріктілер қамкөңіл қарттардың еңсесін көтерді

Мақсат – ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне тұрақты түрде қолдау жасау. Еріктілер қамқорлығындағы қариялаға жыл бойы барып, жалғызбасты, жәрдемге аса мұқтаж үлкен кісілерге айрықша назар аударады, - деп әңгімелейді «Samruk-Kazyna Trust» ресми өкілі Мирас Іргебаев. 

Нәтижесінде игі іске жұмылған Қор тобындағы еңбеккерлер қазақстандықтардың алғысына, оң әсер мен риясыз лебіздерге ие болып жатыр.

Айтпақшы, Сексеуіл станциясындағы локомотив депосы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғанов «Жеңіс» жобасының аясындағы белсенді іс-қимылымен көзге түсіп, Қызылорда облыстық мәслихатына депутат болып сайланды.

Сонымен қатар қалыптасқан дәстүр бойынша, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері Қазақстан мен ТМД аумағында теміржол көлігінде тегін қатынай алатынын атап өткен жөн. Бұл үшін билет кассасына ҰОС ардагері немесе мүгедегі куәлігін, ал тыл еңбеккерлеріне арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалғаны жайлы зейнетақы құжатын ұсыну қажет.

Өзгелердің жаңалығы