«Қазақтелеком» компаниясы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, клиенттерге қазақша қызмет көрсету, құжат айналымын мемлекеттік тілде жүргізіп, қазақ тілінде сөйлеу мәдениетін жақсарту жұмыстары қолға алған. 2023 жыл компанияда «Сервис жылы» болып жарияланған болатын. Соның шеңберінде Алматы, Астана қалаларында «Мен қазақша сөйлеймін» атты ауқымды іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл іс-шаралар қазақ тілінде қызмет көрсету сапасын арттыру, сыртқы ортамен байланыста және күнделікті жұмыста әріптестер арасында қазақ тілін негізгі коммуникация құралы ретінде дәріптеу мақсатын көздеді.
Мұндай нәтижелі жұмыстарды жүйелі түрде өткізіп тұрғанымыз жөн, компания мұндай шаралардан ұтпаса, ұтылмайды. Сондықтан алдағы 2024 жылы да осы форматтағы іс-шараларды еліміздің басқа аумақтарында да жалғастыруды жоспарлап отырмыз. «Қазақтелеком» басшылығы осындай игі іс-шараларға, бастамаларға бұдан кейін де қолдау көрсете беретін болады», - деп атап өтті Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Қыркүйек айында Алматыда өткен шараларға 80-ге тарта қызметкеріміз қатысса, Астанада желтоқсанда өткен шараға 60-тан астам компания қызметкері жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта халық тарапынан қазақ тілінде қызмет алуға деген сұраныс күннен күнге артып келеді. Біздің компанияның халықпен тікелей жұмыс жасайтын ұйым екенін ескерсек, аталған бағыттағы бізге қойылатын талаптар, міндеттер жүгі арта түсетіні өзінен өзі түсінікті. Бұл жерде мемлекеттік тіл саясатымен қатар, азаматтардың да ана тіліміздің дамуына деген оң көзқарасы, жеке жауапкершілігі маңызды рөл атқарады. Өткізіліп жатқан екі күндік шараның да негізгі мақсаттарының бірі осы, - деп атап өтті қазылар алқасының төрағасы, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі Сайлаухан Райымбеков.
Шараның бірінші күні компанияның орталық аппараты және филиалдарынан (дивизиондар) келген клиенттермен және жалпы сыртқы ортамен жұмыс істейтін қызметкерлерге Дана Рысмамбетованың басқаруындағы Ұйымдастыру-бақылау департаменті арнайы семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренингтің соңында арнайы тапсырма алған қатысушылар көше, сауда орталықтары және т.б. көпшілік орындарда тұрғындар арасында қай тілде қызмет алатындығы, қазақша қызмет алуда туындайтын мәселелер, смартфондағы түрлі қосымшалар мен бакноматта таңдау тілі қандай, Қазақтелекомның мемлекеттік тілдегі ақпарат сапасы, қызмет алу тәжірибесі және пікірлерімен бөлісу жөнінде сауалнама түрінде сұхбат жүргізіп, ролик әзірледі.
Шараның екінші күні командалар қызмет көрсету, жалпы жұмыс барысында туған қақтығыстық жағдайды дұрыс шешуге қатысты көрініс көрсетіп, компанияда қазақ тілін қалай трендке айналдыру туралы өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Компания қызметтеріне қазақша (аударма тілі емес) жарнамалық ұрандар жазды, сонымен қатар қызмет көрсету саласында қолданылатын қазақ тіліндегі лексика-фразеологиялық және терминдік қорды меңгеруі тексерілді. Байқауға қазылық етуге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің өкілдері мен белгілі журналистер, тіл жанашырлары шақырылды.
ҒЖБМ Тіл саясаты комитеті Тіл саясатын іске асыру басқармасының басшысы Қайыржан Рақымжанов іс-шараға жоғары баға берді.
Сұрақтар, берілген тапсырмалар да сіздердің ұшқырлықтарыңызды, креативтілігіңізді көрсете білді. Қазақтелеком ұжымымен, сіздер сияқты білікті мамандармен танысқаныма қуаныштымын, әрқайсыңыз осылайша мемлекеттік тілдің дамуына өз үлестеріңізді қостыңыздар, - деп қатысушыларға алғысын білдірді.
Тағы бір атап өтерлік жәйт, компанияда тіл саясатына қатысты жүргізіп жатқан жұмыстарға қатысты министрлік өкілдері «Қазақтелеком» ұжымына Алғыс хат табыс етті.
Соңғы жыларда жақсы үрдіс, жақсы тенденцияны байқаймыз. Ол қызмет көрсету орталықтары, қай жерге хабарлассақ та біз қазақ тілінде сапалы қызмет ала алатын болдық. Өйткені өздеріңіз айтып отырсыздар «Қазақтелекомда» құжат айналымы 95 пайызға жетіпті, бұл өте жақсы көрсеткіш. Сол үшін және осындай ауқымды іс-шара ұйымдастырғанына компания басшылығына алғыс айтамын. Әрқайсымыз тіл сақшысы болып, дамытуымыз керек, - деп, қазылар алқасының мүшесі, тележүргізуші, ақын Назира Бердалы өз пікірімен бөлісті.
Шара барысында әріптестеріміз мемлекеттік тілді білу деңгейін көрсетіп қана қоймай, компанияда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын әрі қарай дамытудың жаңа, соны ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген Ұйымдастыру-бақылау департаменті осы форматтағы жұмыстарды дәстүрге айналдырмақ.
Шараны ұйымдастырып, басы-қасында жүрген «Қазақтелеком» АҚ Ұйымдастыру-бақылау департаменті осы форматтағы жұмыстарды дәстүрге айналдырмақ. Бұл ретте семинар- тренингтерді өткізу ісіне компанияның корпоративтік университетінің аға оқытушылары да (тіл мамандары) белсене атсалысқанын атап өту керек.