«Мен де аяқ басып жүргім келеді». Сал ауруына шалдыққан балаға экзоскелет берілді

2 Қараша 2022, 11:01
1142
Бөлісу:
«Мен де аяқ басып жүргім келеді». Сал ауруына шалдыққан балаға экзоскелет берілді

Сал ауруына шалдыққан үшінші бала «Қазақстан халқына» қорының қайырымдылық бағдарламасы аясында экзоскелет алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрылғының көмегімен 11 жасар Санжар Серік үйде бұлшық еттерін дамытып, дұрыс жүруге үйренетін болады. 

Санжар көпбалалы отбасынан шыққан. Ақмола облысының Талапкер ауылында тұрады.  Әкесі Мәди Әпендиннің айтуынша, екі жасында дәрігерлер балаға церебральды сал ауруы диагнозын қойған. Содан бері түрлі мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдарда емделіп, оңалтудан өткен. Баласының аяққа тұруын тілеген ата-ана, тіпті, халық емшілеріне де жүгінген екен.

Кез келген ата-ана секілді, біз де әр түрлі емдеу жолдарын іздедік, ешқашан мойыған емеспіз. Сондықтан экзоскелеттен үмітіміз зор. Осыған дейін ата-аналар мен мамандардан экзоскелеттің тиімділігі туралы естігенбіз. Оның көмегімен өздігінен жүре бастаған балалар бар екен. Келесі жылы бұйыртса Санжар жүріп кетсе, балаларымды балыққа апарамын. «Балам аяққа тұрды, менімен бірге балық аулап жатыр деп» деп міндетті түрде видеоға түсіретін боламын, - дейді Мәди Әпендин. 

Қазір Санжар жүріс құралымен жүре алады. Боксқа қызығушылығы жоғары. Құрдастарымен бірге спорт секцияларына қатыса алатын сәтті асыға күтуде. Қазір болса үйде бокстың әдістерін меңгеруде. 

Мен де бәрі сияқты аяқ басып жүргім келеді. Үйде ағаммен жекпе-жек жасаймыз. Бірақ спорт үйірмелеріне жеке қатысып, барғым келеді, - дейді Санжар. 

Спортпен қатар ол көркем әдебиетке қызығушылық танытып, журналист болуды армандайды.

Мен журналист атанғым келеді. Теледидардан жаңалықтарды көргенді ұнатамын. Өскенімде Ерқанат Көпжасар сияқты жүргізуші болғым келеді. Маған оның бағдарламаны қалай жүргізетіні өте ұнайды, - деді Санжар Серік. 

Бес күн ішінде Санжар Балаларды оңалтудың ұлттық орталығында (БОҰО) әкесімен, дәрігерлермен, «Mbionics» отандық өндіруші компаниясының мамандарымен бірге экзоскелетті сынақтан өткізді. Тестілеу және оқыту қорытындысы бойынша, сондай-ақ БОҰО жанындағы пәнаралық топтың мақұлдауы бойынша экзоскелет берілді.

            Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін «Қазақстан халқына» қоры сал ауруына шалдыққан екі балаға экзоскелет алып берді.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының мәліметінше, экзоскелеттермен қамтамасыз ету жөніндегі қайырымдылық бағдарламасы тірек-қимыл аппараты бұзылған (церебральды сал ауруы, ми жарақаттары, жұлынның зақымдануы, параплегия, бұлшықет дистрофиясы, Ретт синдромы және т.б.) халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға арналған. Бағдарламаға аясында 13 балаға 117 млн теңге көлемінде құрылғы сатып алынады: бір экзоскелеттің құны 9 млн теңге.

Жобаның серіктесі пациенттік ұйым болып табылатын «CyberFund» қайырымдылық қоры балалардың құжаттарын әзірлеу және жинауды жүзеге асырады. 

Экзоскелетті өндіруші «Mbionics» отандық компаниясы. Бағдарлама аясында салмағы 25 килограмм болатын әрбір экзоскелет әр баланың жеке қажеттіліктері мен физиологиялық параметрлерін ескере отырып жасалады. Биіктігі 130–дан 160 см-ге дейін және салмағы 60 кг-ға дейінгі балаларға арналған экзоскелет шығаралады. Экзоскелеттің қызмет ету мерзімі – 5 жыл. Өндіруші компания бір жыл ішінде аппараттың жұмысына бақылау жүргізеді.

Өзгелердің жаңалығы