Мемлекеттік қызметшілерге жасалған кез келген сый жемқорлық болып саналады

7 Қазан 2020, 11:21
2082
Бөлісу:
Мемлекеттік қызметшілерге жасалған кез келген сый жемқорлық болып саналады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші орынбасары Олжас Бектенов айтты.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заңға қол қойды.

Заң сыбайлас жемқорлық көріністерін жүйелі алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталған. Атап айтқанда Азаматтық кодексте мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады. 

Қылмыстық кодекстің 367-бабы бойынша мемлекеттік функцияны атқаруға уәкілетті тұлғалар мен оларға теңестілірген тұлғаларға құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар жасау қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676, 678-баптарына сәйкес, заңсыз сыйлық беру әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекет болып табылады. Осылайша қолданыстағы заңнамада кез келген құнды сыйлықтар тарту жемқорлық болып саналады. Сондықтан Азаматтық кодектің 509-бабымен көзделген норманы Әкімшілік және Қылмыстық кодекс нормасымен сәйкес келтіруге тура келді, -  деді ол. 

Осыған байланысты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қабылдайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынды.

Екіншіден, жемқорлық субъектісі болатын квазимемлекеттік сектордың лауазымдық тұлғалардың шеңбері кеңейді. 
Бұдан былай квазимемлекеттік сектордың Ұлттық қор мен мемлекеттік бюджеттен қаржыландыралатын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыратын  басқарушыдан төмен емес лауазымдық тұлғалары да коррупция субъектісі болып саналады.

Өзгелердің жаңалығы