Мемқызметкерлердің салғырттығынан қарағандылық тиісті зейнетақысын ала алмай отыр

2 Қазан 2019, 14:05
1930
Бөлісу:
Мемқызметкерлердің салғырттығынан қарағандылық тиісті зейнетақысын ала алмай отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке жолдаған сауалында тиісті зейнетақысын ала алмай отырған қарағандылық әйелдің жағдайын баяндап, жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметшілердің жұмысын сынады.

Оның сөзінше жуырда «Халық комунистері» фракциясынан қарағандылық әйел жәрдем сұраған.

«Қарағанды облысының Шет ауданынан келген азаматша өмір бойы «Қоңырат» шаруашылығында, яғни совхозында еңбек етсе де, зейнетке шығу кезінде еңбек өтілін дәлелдей алмай, ең төменгі 23 мың теңгемен зейнетке шыққан. Себебі оның деректері архивте болмаған, еңбек кітапшасындағы жазбалар да ескерілмеген. Сонда кезіндегі шаруашылықтың салақ басшыларының кесірінен неліктен азаматтар зардап шегуі тиіс?» - деді Ахметбеков.

Депутат әйелге зейнетақы тағайындау кезінде қажетті заңдық көмек көрсетілмегенін, Шет ауданында осы шаруашылықта еңбек еткен қаншама азамат осылайша заңды табысынан қағылып отырғанын айтты.

«Кезінде бұл совхозда кемінде 500-1000, мүмкін одан да көп адам жұмыс істегенін ескерсек, оның салдарын елестетудің өзі қиын. Яғни, Қарағанды облысында осындай жағдайға тап келген қаншама азамат бар. Ал бүкіл республикамыз бойынша жағдай қандай деген орынды сұрақ туындайды. Бұл әйелдің сол жылдары совхозда еңбек еткенін көршілерінің бәрі біледі. Көбісі сол жерде күні бүгінге дейін тұрады. Көршілерінің куәлігіне жүгіну арқылы, ардагерлер ұйымдары арқылы, тіпті қажет болса, сот шешімі арқылы еңбек өтілін қалпына келтірудің заңды жолдарын айтып көмек жасамаған», - деді ол.

Ахметбеков зейнетақы төлеу орталықтарында істейтін мемлекеттік қызметшілердің жұмысын сынға алып, олардың халыққа зейнетке шығудың заңды жолдарын түсіндіріп отыруы тиіс екенін айтты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болса бұл мәселені жіті назарда ұстауы керек.

«Зейнетақы тағайындау барысында қазақстандықтар заңды табысының бір бөлігінен қағылып, конституциялық құқығы тапталып жатыр. Мұндай жағдайға, әсіресе, құқықтық сауаты төмен, қарапайым еңбек адамдары тап болады. Осындайда бір шенеуніктің шалағай жұмысы бір отбасының тұрмыс-тіршілігіне, яғни қоғамдағы көптеген отбасының күнкөрісіне әсер етеді. Сондықтан қарағандылық әйелдің зейнетақысын есептеу кезінде кеткен қателіктерді тез жөндеу үшін қызметтік тексеріс жасап, тиісті шешім қабылдауыңызды сұраймыз. Әділдік орнайтынына сенгіміз келеді», - деп сөзін түйіндеді ол.


Өзгелердің жаңалығы