- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Мемлекеттік қызметтегі популизм және басқарушылық әлсіздік: Заң талаптары қандай?
Мемлекеттік қызметтегі популизм және басқарушылық әлсіздік: Заң талаптары қандай?
Мемлекеттік қызметтегі популизмнің себептері, оның қоғам сеніміне әсері және құр уәде мен нақты нәтиженің арақатынасы қандай?
10 Қараша 2026, 18:29
Мемлекеттік қызметтегі популизм қалай көрінеді? Көпшілікке ұнайтын уәделер мен нақты нәтиженің арасы неге алшақтайды? Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі, кәсібилігі мен азаматтар алдындағы міндеттері заңда қалай белгіленген? BAQ.KZ тілшісі мемлекеттік қызмет туралы заң мен Әдеп кодексін зерделеп, осы мәселеге құқықтық тұрғыдан шолу жасады.
«Мәселе бақылауда», «жұмыс жүргізіліп жатыр», «тиісті шаралар қабылданады». Мемлекеттік органдардың ресми жауаптарында жиі кездесетін мұндай тіркестер азаматтарға таныс. Алайда айтылған сөз нақты нәтижеге ұласпаса, мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі мен жұмыс тиімділігі туралы сұрақ туындайды. Халық үшін маңыздысы – мәселенің қарастырылып жатқаны туралы ақпарат емес, оның нақты қашан және қалай шешілетіні.
Мемлекеттік қызметтегі популизм мен басқарушылық әлсіздік мәселесі осы тұста көрініс табады. Бірі – көпшілікке ұнайтын мәлімдемелер мен уәделердің нақты іс-әрекеттен басым түсуі болса, екіншісі – шешім қабылдау, жұмысты ұйымдастыру және оның нәтижесіне жауап беру кезінде байқалатын кемшіліктер. Бұл ұғымдар заңда жеке құқық бұзушылық ретінде белгіленбегенімен, мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қойылатын заңнамалық талаптар олардың алдын алуға бағытталған.
Есептілік пен жауапкершілік – заң талабы
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңның 4-бабында мемлекеттік қызмет саласындағы негізгі қағидаттар көрсетілген. Оның 1-тармағының 3) тармақшасында есептілік, бақылауда болу және жауапкершілік қағидаты бекітілген.
Аталған нормаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қоғам алдында есеп береді, жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың бақылауында болады. Сонымен қатар олар өздерінің қызметтік өкілеттігі шегінде қабылдаған шешімдері, әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін заңда белгіленген тәртіппен жауапты.
Бұл талап мемлекеттік қызметшінің жұмысы тек тапсырманы орындаумен шектелмейтінін көрсетеді. Қабылданған шешімнің орындалуы, оның нәтижесі және азаматтар алдындағы есептілік те қызметтің маңызды бөлігі саналады.
Заңның 7-бабында мемлекеттік қызметті өткеру қоғамның мемлекеттік қызметке сеніміне және мемлекеттік қызметшінің берген антына адал болуына негізделетіні жазылған. Сондай-ақ бұл бапта мемлекеттік қызметшілерге кәсібилік, клиентке бағдарлану, ашықтық, әдептілік және мінсіз бедел талаптары қойылған.
Уәде мен нақты нәтиженің арасы
Мемлекеттік қызметшінің жұмысы қандай өлшемдермен бағалануы керек? Бұл сұраққа заңның 9-бабы жауап береді.
Баптың 1-тармағында кәсібилік мемлекеттік қызметшінің білімімен, қажетті құзыреттерімен, жұмыс тәжірибесімен және лауазымдық міндеттерді атқару тиімділігімен айқындалатыны көрсетілген. Ал 2-тармақта тиімділік мемлекеттік органдардың қызмет көрсеткіштеріне қол жеткізуді, тапсырмалар мен актілерді уақытылы әрі тиісінше орындауды қамтитыны жазылған.
Демек, мемлекеттік қызметшінің кәсіби деңгейі оның айтқан сөзімен ғана емес, жүктелген міндеттерді қаншалықты сапалы орындағанымен де бағаланады.
Мәселен, тұрғындар бірнеше жылдан бері жол жөндеу мәселесін көтеріп, жергілікті атқарушы органнан жауап күтіп отыр делік. Мұндай жағдайда жөндеу жұмыстарының жоспарланғаны туралы хабарлау жеткіліксіз. Жұмыстың мерзімі, қаржыландыру көзі, орындалу барысы және ықтимал кедергілер туралы нақты ақпарат беру де маңызды.
Әрине, кез келген жобаның уақытында аяқталмауына объективті себептер әсер етуі мүмкін. Сондықтан орындалмаған әрбір уәдені популизм деп бағалау дұрыс емес. Алайда мемлекеттік органның міндеті – туындаған кедергілер туралы ашық ақпарат беріп, мәселені шешудің нақты жолдарын түсіндіру.
Азаматқа жауап беру – жай ғана ресми хат жолдау емес
Жаңа заңның 10-бабы мемлекеттік қызметтегі клиентке бағдарлану қағидатын айқындайды. Оның 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметші азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін заңнамада белгіленген мерзімде қарап, өз өкілеттігі шегінде толық әрі жан-жақты жауап ұсынуға міндетті.
Заңның 11-бабы да осы мәселемен сабақтас. Онда мемлекеттік қызметшінің ашықтығы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуді қамтитыны жазылған. Баптың 2-тармағы бойынша, заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтарға ақпарат беруден негізсіз бас тартуға, оны кідіртуге немесе анық емес әрі толық емес ақпарат ұсынуға жол берілмейді.
Яғни мемлекеттік қызметтегі ашықтық тек есеп жариялаумен шектелмейді. Азаматтың сұрағына түсінікті, толық және шынайы жауап беру де осы қағидаттың бір бөлігі.
Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшіден нені талап етеді?
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби міндеттерімен қатар, олардың күнделікті мінез-құлқына қойылатын талаптар да бар. Бұл нормалар Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде қамтылған.
Кодекстің 5-тармағында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделетіні көрсетілген.
Біріншісі – адал ниеттілік, яғни қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби әрі жауапты қызмет ету. Екіншісі – адалдық, өз міндеттеріне шынайы көзқарас таныту. Үшіншісі – әділдік, заңды шешім қабылдауда біржақтылық пен субъективтілікке жол бермеу.
Сондай-ақ құжатта ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану қағидаттары белгіленген. Соңғысы мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына назар аударуды, қызмет сапасын арттыруды, өтініштерді қарау кезінде төрешілдік пен әуре-сарсаңға жол бермеуді көздейді.
Осы талаптардың барлығы мемлекеттік қызметшінің тек лауазымдық міндеттерін орындауына ғана емес, азаматтармен қарым-қатынас мәдениетіне де қатысты екенін көрсетеді.
Ал жаңа заңның 12-бабында мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдепті сақтауға және мінсіз беделді ұстануға міндетті екені жазылған. Бұл талапты бұзу тәртіптік жауаптылыққа, тіпті атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға дейін алып келуі мүмкін.
Мемлекеттік қызметтің беделі неден қалыптасады?
Екі құжатты қатар қарастырғанда, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптардың бір-бірін толықтыратынын байқауға болады. Мемлекеттік қызмет туралы заң кәсібилікке, есептілікке, ашықтық пен жауапкершілікке басымдық берсе, Әдеп кодексі осы міндеттерді орындау кезіндегі мінез-құлық мәдениетін айқындайды.
Осы тұрғыдан алғанда, популизм мен адами әлсіздік мәселесін тек орындалмаған уәделер арқылы бағалау жеткіліксіз. Негізгі назар шешімнің қаншалықты негізді қабылданғанына, азаматтарға қандай ақпарат берілгеніне және белгіленген міндеттердің орындалуына аударылуы керек.
Өйткені мемлекеттік қызметтің беделі ресми мәлімдемелердің көптігімен емес, халықтың күнделікті өмірінде сезілетін өзгерістермен қалыптасады. Ал азаматтардың мемлекеттік органдарға сенімі уәде мен нәтиже арасындағы алшақтық азайған кезде нығая түседі.
Ең оқылған:
- «Жоғары табысқа кенелесіз»: Ақтөбеде ерлі-зайыпты 8 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды
- Жәрдемақыға кімдер күн көріп отыр және мемлекеттен қандай қолдау күтуге болады
- Қар аралас жаңбыр және көктайғақ: Алдағы күндері ауа райы қалай өзгереді?
- Көлігі былғанғаны үшін жолаушыға балағат сөз айтқан такси жүргізуші қамауға алынды
- Nvidia басшысы тыңшылық дауына ілікті: Не белгілі?
Жанерке Жәкен