ХҚКО қызметкерлері ым-ишарат тілін меңгеруде

23 Қыркүйек 2019, 16:24
2997
Бөлісу:
ХҚКО қызметкерлері ым-ишарат тілін меңгеруде
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы ХҚО-ға жүгінетін есту қабілеті нашар азаматтарға мемлекеттік қызметтерді ым тілінде де көрсетіп жатыр. Бұл туралы аталған корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады. 

23 қыркүйек халықаралық ым тілдері күні болып атап өтіледі. Арнайы датаны БҰҰ 2017 жылы белгілеген.

Күн сайын еліміздегі 348 фронт-офиске мыңдаған қазақстандық мемлекеттік қызмет алуға келеді. Олардың сұранысын өтеп, сапалы қызмет көрсету – ХҚО қызметкерлерінің міндеті. Қызмет алушылардың арасында ерекше қажеттілігі бар тұлғалар да бар. Есту қабілеті нашар адамдар үшін фронт-офистерде ишарат тілін меңгерген мамандар қызмет көрсетеді.

«Әр күнін тыныштықта өткізетін азамат ХҚО сияқты мекемеге келіп, өзін түсіне алатын қызметкермен ыммен тілдесіп, керек қызметін ала алады. Біз қашанда ерекше қажеттілігі бар тұлғаларға бар жағдайды жасауға тырысамыз. Арбамен жүретіндер үшін пандустар, зағиптар үшін брайль әліпбиіндегі жазулары бар тақтайшалар қойылған, нашар еститіндерге сурдоаударма тілін меңгергендер қызмет көрсетеді», - деді басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.

Еліміз бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарының бөлімдерінде еңбектенетін 1300-ден астам қызметкер биыл ишарат тілін меңгеру курстарынан өткен. Олардың 1100-ден астамы арнайы сертификаттарын алған. Оның ішінде Алматы қаласы бойынша 15 маман ымдау тілін меңгерді.

4.jpg

Мемлекеттік корпорацияның Алматы қалалық филиалында қызмет ететін Арман Байділдаевтің айтуынша, ым тілін үйрену ұсынылғанда, ол бірден келісімін берген. Адамдарға көмектесу – басты парызым, деп білген ол курстардан өту арқылы қызмет алуға келетін ерекше тұлғаларға пайдасын тигізе алатынын айтады. 

«Аз уақыт ішінде біз ым тіліндегі амандасу, қоштасу, әріптер, сандар сияқты негізгі сөздері мен терминдерін меңгердік. Қызмет алушыларға қандай анықтама, құжат қажет деп сұрай аламыз, мейлі ол жеке куәлік не паспорт болсын», - деді Байділдаев. 

Айта кетейік, мемлекеттік корпорацияда I, II, III топ мүгедектігі бар 745 жұмыскер еңбектенеді. Жұмыспен қамту стратегиялық жоспарына сәйкес, мүгедектігі бар қызметкерлердің жалпы штат көлеміндегі үлесі 4% кем болмауы тиіс.  III топ мүгедектігі бар азаматтар мемлекеттік корпорацияға еш конкурстық іріктеусіз жұмысқа орналаса алады.

Өзгелердің жаңалығы