Мемлекеттік қолдау жемісін беріп жатыр – Еңбек Ерлері

 ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков 20 Қараша 2026, 11:23
20 Қараша 2026, 11:23
91
Фото: ©BAQ.KZ/Сырым Рахимбеков

Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумында Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұрат Қаражұманов пен Геннадий Зенченко аграрлық саланың бүгінгі жағдайы туралы пікір білдірді. Олар ауыл шаруашылығындағы маман тапшылығы, мемлекеттік қолдау және мал шаруашылығын дамыту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

45 жыл еңбек еткен механизатор жастарға кеңес берді

Қазақстанның Еңбек Ері Мұрат Қаражұманов 45 жылға жуық механизатор болып жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы ең үлкен қиындықтардың бірі – ауа райының қолайсыздығы. Соған қарамастан диқандар егінді уақытында егіп, өнімді ысырапсыз жинауға тырысады.

Бұл жұмыстың әр жылының өзіндік қиыншылығы бар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты егін егу де, оны жинау да оңай емес. Соның бәріне төзіп, ауа райының қолайлы уақытын пайдаланып, егінді егіп, ысырап қылмай жинап алуға тырысамыз. Бәрі еңбектің арқасы ғой, – деді ол.

Механизатор ауыл шаруашылығына жас мамандарды көбірек тарту қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бүгінде салаға жастар келіп жатқанымен, агроном, инженер және механизаторлар әлі де жеткіліксіз.

Жастарға айтатыным, ауыл шаруашылығында жұмыс істеу керек. Қазір жастар да келіп жатыр. Бірақ әлі де мамандар көбірек қажет. Агроном болсын, инженер немесе механизатор болсын, барлық бағытта маман жетіспейді. Өзім 45 жылдай механизатор болып еңбек етіп келемін. Бұл жеңіл жұмыс емес. Суықтың суығына, ыстықтың ыстығына төзуге тура келеді. Былтыр «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болдым. Бұл – еңбегімнің ақталғаны, – деді Мұрат Қаражұманов.

Мемлекеттік қолдау нәтижесін беріп жатыр

Ал Қазақстанның Еңбек Ері, «Зенченко» коммандиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін атап өтті.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі тапсырмалары нақты қаржыландыру бағдарламаларымен қамтамасыз етілген.

Бүгінде Президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында көздеген мақсаттарының жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Бұл сала үлкен қарқынмен дамып келеді. Ең бастысы, қойылған міндеттер сөз жүзінде қалған жоқ. Оларды жүзеге асыруға арналған нақты бағдарламалар жұмыс істеп, нәтижесін беріп жатыр, – деді Геннадий Зенченко BAQ.KZ тілшісіне.

Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қаржыны ерте бөлудің маңызына ерекше тоқталды. Себебі шаруалар көктемгі егіс науқанына дейін жанармай, тыңайтқыш, тұқым және қосалқы бөлшектерді сатып алып үлгеруі керек.

Біздің ұсынысымыз ескерілді. Ерте қаржыландыру қажеттігін қолдағаны үшін Президентке және Үкіметке алғыс айтамын. Қаражатты алдын ала бөлу өте маңызды. Сонда шаруалар тыңайтқышты, жанармайды, қосалқы бөлшектер мен тұқымды уақытында сатып алып, егіс жұмыстарына дайындала алады, – деді ол.

«Сүт таситын көліктер бос жүрмейді»

Геннадий Зенченко мал шаруашылығын дамыту мәселесіне де назар аударды. Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысындағы сүт өндірісінің тәжірибесі еліміздің басқа өңірлеріне де таралып жатыр.

Бүгінде Солтүстік Қазақстан өзгелерге үлгі болып отыр. Бұл тәжірибе бүкіл елге таралып, нәтижесін көрсетуде. Жолдарда сүт таситын көліктерді көріп жүрміз. Олар бос жүрмейді ғой. Бұл елімізде сүт өндіруге қажетті шикізат бар екенін білдіреді, – деді ол.

Оның пікірінше, мал шаруашылығы ауылдағы табысты кәсіптің біріне айналуы тиіс. Әсіресе, сүт өндірісін дамыту ауыл шаруашылығы жерлерінің экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Біз мал шаруашылығының табысты бизнес екенін түсіне бастадық. Адам тек нанмен ғана өмір сүрмейді. Бүгінде әр гектар жерді сүт өндіру үшін де тиімді пайдалануға болады. Мал шаруашылығына тиісті қолдау көрсетілсе, жердің әр гектарынан түсетін табыс та артады, – деді Геннадий Зенченко.

Ол мал шаруашылығы ауылдық елді мекендердің экономикалық тірегіне айналуы қажет деп есептейді. Аграрийдің пікірінше, мемлекеттік қолдау жалғаса берсе, ауыл шаруашылығы ел экономикасының дамуына елеулі үлес қоса алады.

Еске салайық, бүгін, 20 қарашада Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің III форумы өтті. Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жиында аграрлық маусымның қорытындысы шығарылып, саланы дамыту, шаруаларды мемлекеттік қолдау және ауыл еңбеккерлерінің мәртебесін арттыру мәселелері талқыланды.

Наверх