Мемлекеттік мекемелерде энергия үнемдеу бюджетке 11 млрд теңге пайда әкелуі мүмкін

11 млрд теңгеге дейін тұтынуды азайту: «Әділет» депутаттары энергия үнемдеу туралы заңға түзетулер әзірлеуде.

 https://adilet-partiyasy.kz/ 23 Қараша 2026, 12:31
23 Қараша 2026, 12:31
94
Фото: https://adilet-partiyasy.kz/

Мектептер, ауруханалар мен өзге де мемлекеттік мекемелердің электр энергиясына, жылуға, су мен газға жұмсайтын шығынын қалай қысқартуға болады? Бюджет қаражатын үнемдеп, коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға отандық бизнесті қалай тартуға болады?Осы мәселелер «Әділет» партиясы алаңында талқыланды. Мамандардың есептеуінше, тек бюджет саласында үнемдеу әлеуеті 11 млрд теңгені құрайды.

Талқылауға Құрылтай депутаттары, бейінді министрліктердің, Ұлттық энергия үнемдеу орталығының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы – энергия тиімділігін арттыруға бағытталған өзара байланысы бар екі заң жобасын қарау. Ұсынылып отырған өзгерістер ресурстар шығынын кешенді түрде азайтуды, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуды, мемлекеттік бақылауды жетілдіруді және жеке инвестицияларды тартуға жағдай жасауды көздейді.

Кездесуді ашқан «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов Мемлекет басшысының ресурс ысырабына жол бермеу және 2029 жылға қарай экономиканың энергия сыйымдылығын кемінде 15%-ға төмендету жөніндегі тапсырмасын еске салды. Оның айтуынша, заңнамаға енгізілетін өзгерістер талаптарды белгілеумен ғана шектелмей, заманауи технологияларды енгізуге экономикалық ынталандыру тетіктерін де қалыптастыруға тиіс.

«Энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге нақты ынталандыру тетіктерін жасау маңызды. Сонымен қатар энергосервистік компанияларды іріктеу, әсіресе бюджет қаражаты пайдаланылатын жағдайда, ашық әрі бәсекелі болуы керек. Ал айыппұлдар құқық бұзушылықтың сипаты мен бизнестің қаржылық мүмкіндіктеріне сай белгіленуі қажет», – деді партия төрағасының орынбасары.

Заңнамаға енгізілетін жаңа нормалар бойынша бастамашылардың бірі, «Әділет» партиясынан сайланған Құрылтай депутаты Арман Қалықов қолданыстағы энергия үнемдеу шараларының басым бөлігі өнеркәсіп саласына бағытталғанын атап өтті. Енді ғимараттар секторындағы – мектептерде, ауруханаларда, балабақшаларда және басқа да мемлекеттік мекемелерде жұмысты күшейту ұсынылып отыр. Бұл ретте аталған нысандарда қолайлы температуралық режимді қамтамасыз етіп, ресурстарды тиімсіз тұтынуды азайту көзделген.

«Энергия үнемдеу – көзге көрінбейтін, бірақ ең таза әрі тиімді энергия көзі. Заң жобасы энергетикалық мониторингті әлеуметтік маңызы бар 5 мыңнан астам нысанға кеңейтуді, энергия үнемдеу жоспарларын Экологиялық кодекспен сәйкестендіруді, сондай-ақ ғимараттарды салу және мемлекеттік сатып алу кезінде энергия тиімділігіне қойылатын талаптарды жетілдіруді көздейді», – деді депутат.

Ұлттық энергия үнемдеу орталығы басқармасының төрағасы Бауржан Смағұлов ұсынылып отырған шаралардың кешенді сипаты мен экономикалық тиімділігіне назар аударды. Оның мәліметінше, бүгінде Мемлекеттік энергетикалық тізілім энергия ресурстарының 30 түрі бойынша тұтыну көлемін бақылап отыр. Ал мемлекеттік мекемелерге мониторинг жүргізу кезінде пайдаланылатын отын түрі, жылыту жүйелері және өңірлердің климаттық ерекшеліктері ескеріледі. Мамандардың бағалауынша, үнемделген бір киловатт-сағат энергия экономика үшін жаңадан өндірілген энергияға қарағанда екі-үш есе арзанға түседі.

Сарапшылар жылу, электр энергиясы мен суды ұтымды пайдалану мәселесін қолданыстағы ғимараттарды жаңартумен ғана шектемей, нысандарды жобалау кезеңінен бастап ескеру қажет екенін атап өтті. 20 мың мемлекеттік мекемеге жүргізілген мониторинг шығындарды азайтудың айтарлықтай әлеуеті бар екенін көрсетті. Ұлттық энергия үнемдеу орталығының есептеуінше, бюджет секторындағы үнемдеу көлемі 11 млрд теңгеге немесе 160 мың тонна шартты отынға бағаланып отыр. Өнеркәсіп саласындағы қосымша әлеует 106 ірі кәсіпорын бойынша тағы 260 мың тонна шартты отынды құрайды.

Құрылтай депутаты Сұңғат Есімханов энергия үнемдеу мәселесіне тек электр энергиясын үнемдеу тұрғысынан ғана емес, кең ауқымда қарау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы саясат газ, көмір, мұнай және су сияқты бастапқы ресурстарды, сондай-ақ электр энергиясы мен жалпы энергия сыйымдылығының шамамен 20 пайызын құрайтын мотор отынын қоса алғанда, қайталама ресурстарды да қамтуға тиіс. Сонымен қатар депутат ресурстарды ең көп тұтынатын 106 ірі кәсіпорынға бақылауды күшейтіп, энергетикалық аудиттің сапасын арттыруды ұсынды.

Ірі тұтынушыларға бақылауды күшейту мақсатында Сұңғат Есімханов бақылау функцияларын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен Энергетика министрлігіне беруді қарастыруды ұсынды. Оның айтуынша, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өңірлік департаменттері жоқ. Соның салдарынан тиісті басқарма ірі кәсіпорындарды толық қамтып, бақылау жүргізуде қиындықтарға тап болады. Депутаттың атап өтуінше, мұнда әңгіме негізгі энергия ресурстарын тұтынушыларға жүйелі бақылау орнату туралы болып отыр.

Бейінді мемлекеттік органдардың, соның ішінде жылу беру маусымының тұрақты өтуіне, электр станцияларының, электр желілері мен ұзындығы 13 мың шақырымды құрайтын жылу желілерінің жұмысына жауапты энергетикалық қадағалау органдарының өкілдері бақылау жүйесіндегі өзгерістерді қолданыстағы өкілеттіктер мен кадрлық жүктемені ескере отырып, кешенді түрде пысықтау қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП өкілдері 2028 жылға қарай энергетикалық аудит саласында өзін-өзі реттеуге кезең-кезеңімен көшуді қарастыруды ұсынды.

Қатысушылар жеке инвестицияларды энергосервистік шарттар (ЭСКО) арқылы тарту мәселесіне де ерекше назар аударды. Бұл тетік бизнеске нысандарды өз қаражаты есебінен жаңғыртып, салған инвестициясын ресурстарды нақты үнемдеу есебінен қайтаруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсілді электрмен жабдықтау саласында да, жылумен жабдықтау бағытында да қолдануға болады. Кездесуде айтылғандай, отандық өндірушілер жылу пункттерін автоматтандыруға арналған шешімдерді, энергия тиімділігі жоғары терезелер мен есіктерді, жарықдиодты шамдарды, заманауи сорғылар мен трансформаторларды жеткізуге дайын.

«Alageum Electric» ЖШС бас директоры Еркебұлан Ілиясов инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту жағдайында суға, электр энергиясына және басқа да ресурстарға ұқыпты қарау объективті қажеттілікке айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін жетілдіру және бизнестің жаңғырту бағдарламаларына қолжетімділігін кеңейту жағдайында қазақстандық өндірушілер жабдықтарды жаңартуға өз қаражаты есебінен қатысуға дайын. Атап айтқанда, мемлекеттік секторда заманауи энергия тиімді трансформаторлардың өзін-өзі ақтау мерзімі шамамен екі жыл деп бағаланып отыр.

«Атамекен» ҰКП өкілдері мемлекеттік мекемелерді ресурстардың барлық түрін ұқыпты пайдалануға және жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуды қоса алғанда, ұзақ мерзімді ЭСКО тетіктерін қолдануға ынталандыру үшін бюджеттік жоспарлауды түзетуді ұсынды. Сонымен қатар бизнес-қоғамдастық жеке инвестициялар есебінен әлеуметтік нысандарға күн электр станцияларын орнатудың заңнамалық шарттарын нетто-тұтыну тетігін пайдалана отырып пысықтауды ұсынды.

Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Бекжан Әлімқұлов ресурстарды үнемдеу саласында мемлекет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың түсінікті әрі ашық қағидаларын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Қатысушылар өңірлерде пилоттық жобаларды іске қосу мәселесін де талқылады. Бұл жекелеген мектептердің мысалында жаңғыртудың нақты тиімділігін бағалап, үздік шешімдерді кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша депутаттардың, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің ұсыныстары заң жобаларын келесі талқылауға дайындау барысында жұмыс тобы тарапынан қосымша пысықталатын болады.

Бұл жұмыс «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында жүргізіліп жатыр. Құжатта барлық салада ресурстарды «жаппай үнемдеу» қағидатын орнықтыру көзделген. Атап айтқанда, су ресурстарын үнемдеу, 2030 жылға қарай тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендете отырып, 86 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту, отандық өндірушілерге басымдық беру және бюджеттен тікелей шығын шығармай ЭСКО нарығын дамыту қарастырылған.

Бағдарламаның негізгі міндеттерінің қатарында тұтынушыларды жылу, электр энергиясы, су және газды есепке алатын заманауи құралдармен кезең-кезеңімен жабдықтау, әрбір киловатт, гигакалория мен текше метр есепке алынатын энергия үнемдеудің бірыңғай цифрлық платформасын құру, сондай-ақ азаматтардың коммуналдық шығындарын азайтуға бағытталған «Энергосауаттылық» ұлттық жобасын іске қосу бар.

Наверх