Мемлекеттік көмекті мұқтаж жандардың алғанын қалаймыз

17 Шілде 2020, 21:35
1549
Бөлісу:
Мемлекеттік көмекті мұқтаж жандардың алғанын қалаймыз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Мемлекеттік көмекті мұқтаж жандардың алғанын қалаймыз. Бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің басқарма басшысы Бауыржан Бейсенбаев "Желмая" жобасында айтты.

Төлем алатын адамдардың бірінші санатына карантин шектеулеріне қатысты табысынан айырылған азаматтар, яғни ақысыз демалысқа жіберлігендер жатады. Екінші санатқа БЖТ-ны тұрақты төлеп жүрген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар алады. Министр Біржан Нұрымбетовтың әлеуметтік желілерде парақшалары бар, ол келіп жатқан сұрақтарды жіті қарап, проблемаларды айтып отырады. Өзінің бос уақыты болса, адамдарға өзі жауап береді, - деді Бейсенбаев.
 
Ол атап өткендей, 1 қыркүйекке дейін өтініш беруге уақыт бар. 
Төлемді тиісті адамдардың барлығы алады. Ешкім көлеңкеде қалмайды. Жұмыс беруші өтінім тапсырған кезде қызметкерінің төлемге мұқтаж екенін растап, дәлелдейді. Ал жалақысы тоқтамаған жұмысшыға  өтінім берсе, бұл жауапкершілік жұмыс берушіге жүктеледі, - деді ол. 

Бейсенбаевтың айтуынша, төлемді заңсыз алған тұлғаларға мемлекеттік сақтандыру қоры арыз беруі мүмкін.
Олар сотқа да жүгінуі мүмкін. Сондықтан төлемді тек мұқтаж жандар алса екен дейміз, - деді ол. 
Бауыржан Бейсенбаев біржолғы төлемнің алу жолдарын еске салды.
Жалдамалы қызметкер болып табылмайтын, төлем тағайындауға жататын азаматтар: egov.kz – электрондық үкіметтің веб-порталы; 42500.enbek.kz порталы, "электрондық үкімет" telegram-bot-ы, Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен  интернет-ресурстары арқылы өтініш бере алады, - деді ол. 

Сондай-ақ, ол төлем проактивті жолмен қабылданатынын да айтты.
Төлемдерді проактивті форматта тағайындау қарастырылған. Қызметі шектелген болса, соңғы рет төлем алған азаматтардан SMS арқылы табысын жоғалту фактісін растау сұралады. Оң жауап пен проактивті түрде тағайындауға келісім болған жағдайда, төлемдер өтінішсіз тағайындалады. Олардың порталдарға өтініш беруінің қажеті жоқ, олар өз мәртебесін одан әрі қадағалай алады, - дейді ол. 

Бейсенбаев атап өткендей, төтенше жағдай кезінде мұқтаж жандарға тегін азық-түлік бойынша көмек көрсетілген болатын. 
Қазір біздің базада бұрын алған адамдардың мәліметтері сақталған. Егер де бұрын алмай, бірақ қажеттілік туындаса, тұрғындар жергілікті әкімдіктер арқылы жұмыспен қамту басқармасына жүгіне алады. Төтенше жағдайдан кейін жұмысқа кіріспеген кәсіпкерліктер бар. Осы карантин шектеулерінде жұмысынан айырылғандар бар. Сондықтан президент Тоқаев халыққа көмек ретінде осындай төлемді қайта енгізді. Қиын-қыстау заманда халыққа қолдау көрсету үшін жасалып отыр, - деді ол. 

Ол мемлекеттік көмекті мұқтаж адамдар алғанын қалайтынын айтты. 
Кімде не бар? Кімде не жоқ? Барлығын тексеру мүмкін емес. Сондықтан жауапкершілікті әр адам сезінуі керек. Мемлекеттік көмекті мұқтаж жандар алғанын қалаймыз, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы