Мемлекетке 950 млрд теңгеден астам актив қайтарылды – Бас прокурор

29 Желтоқсан 2023, 14:10
420
Бөлісу:
Мемлекетке 950 млрд теңгеден астам актив қайтарылды – Бас прокурор
Фото: Арман Мухатов - архив

Бас прокуратура заңсыз алынған мүлікті қайтару туралы депутаттардың сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, активтерді қайтарудың негізгі қағидаттарының бірі - процеске қатысушылардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғаудың заңдылығының басымдығы.

Ол Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті заңда көзделген барлық шара мен тетікті жүзеге асыра отырып, ұлттық заңнамаға сəйкес қатаң жұмыс істейтінін атап өтті.

Комиссияның бірнеше отырысы өтті, бірқатар адам Тізілімге енгізілді, хабарламалар берілді жəне декларациялар күтіліп отыр. Активтердің ашылуын күтпей-ақ, комитет бірінші күннен бастап субъектілер туралы мəлімет жинау бойынша жұмыс жүргізуде, оларды активтерді сатып алу (шығу) көздерінің заңдылығына талдау жəне тексеру жүргізеді, заңсыз баю белгілері бар нақты істерге бастама жасайды жəне алға жылжытады, - делінген Бас прокурордың ресми жауабында.

Сонымен қатар біз жүздеген активтерді, яғни ірі холдингтерді бақылайтын тұлғалар туралы айтып отырғандықтан, комитет деректердің үлкен көлемімен, соның ішінде шетелдік көздерден алынған деректермен айналысады.

Мəселен, бүгінде комитет сарапшыларының зерделеуінде субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларының 250 мыңға жуық банктік операцияcы бар. Заң бойынша шаралар қабылдаумен қатар, бұрын басталған іс-шаралар жалғасып жатыр. Бүгінде мемлекетке 950 миллиард теңгеден астам активтер қайтарылды, - деп жауап берді Берік Асылов.

Оның айтуынша, комитеттің штатында 50 маман бар. Жедел кадрлық жəне материалдық-техникалық қамтамасыз ету тиісті ведомстваға өзінің негізгі функцияларын бірден дерлік орындауға кірісуге мүмкіндік берді.

Комитет барлық құқық қорғау, арнайы мемлекеттік жəне уəкілетті органдармен белсенді өзара іс-қимыл жасайды. Жұмыс шетелдік юрисдикцияларға қатысты мəселелерге (сұраныс бағыты, шетелдік мүдделі тараптармен байланыс жəне т.б.) сəйкес құрылымдалған, тартылған жұмысшылардың барлығы дерлік осымен айналысады.

Халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жалпы қолдауды 4 қызметкерден тұратын мамандандырылған басқарма қамтамасыз етеді. Активтерді қайтару жөніндегі іс-шаралар заңмен қорғалатын құпияны сақтаудағы шектеулерді ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында үнемі жарияланады.

Өзгелердің жаңалығы