Құрылтайда Үкімет сағатында Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрағасы Наталья Годунова өңдеу өнеркәсібін дамытуға бөлінген мемлекеттік қолдаудың нәтижелеріне тоқталып, салада шешімін күткен бірқатар жүйелі мәселе бар екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, министр мен басқа әріптестерінің баяндамаларында өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында қол жеткізілген оң нәтижелер, соның ішінде жаңа өндіріс орындары, өнім түрлері мен жұмыс орындары туралы айтылды. Алайда Комитет жүргізген талдау саланың одан әрі дамуын тежеп отырған мәселелер әлі де бар екенін көрсеткен.
Годунова соңғы жылдары мемлекет өңдеу өнеркәсібін қолдауға қомақты қаржы бөлгенін атап өтті. Оның айтуынша, 2010 жылдан бері бюджет пен Ұлттық қордан осы секторды қолдауға кемінде 10 трлн теңге бағытталған. Осы кезеңде өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,3 пайыздан 12,8 пайызға дейін, яғни небәрі 1,5 пайыздық тармаққа өскен.
Осыған байланысты ол мемлекеттік қолдау көлемі мен қол жеткізілген нәтижелердің арақатынасына назар аудару қажеттігін айтты. Өйткені өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі ел экономикасының орнықтылығын көрсететін маңызды өлшемдердің бірі.
Экспорт өскенімен, жоғары технологиялық өнім үлесі аз
Өңдеу өнеркәсібі экспорты 15 млрд доллардан 29 млрд долларға дейін, яғни екі есеге жуық өскен. Дегенмен оның елдің жалпы экспортындағы үлесі небәрі 10 пайыздық тармаққа артып, 36 пайызды құраған. Ал жоғары технологиялық өнімдердің үлесі әлі де өте төмен.
Экспорт құрылымында металлургия өнімдері басым. Сондықтан өндіріс көлемінің өсуі өздігінен экономиканың жеткілікті деңгейде әртараптандырылғанын білдірмейді, - деді ол.
Еңбек өнімділігі де маңызды көрсеткіштердің бірі. Номиналды доллармен есептегенде, бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 30 мың доллардан 63 мың долларға дейін өскен. Ал нақты өсім шамамен 70 пайызды құраған. Годунова өндіріс тиімділігінің артуын бағалау үшін дәл осы нақты көрсеткішке назар аудару қажет екенін атап өтті.
Импортқа тәуелділік әлі жоғары
Комитет төрағасы өңдеу өнеркәсібінде импортқа тәуелділік мәселесі де сақталып отырғанын айтты.
Шығыс Қазақстан облысында өткен көшпелі отырыс кезінде Комитет мүшелері азық-түлік өндіретін кәсіпорындардың өзі қаптама материалдарын, түрлі компоненттерді, кей жағдайда шикізатты да шетелден алатынына көз жеткізген.
Оның пікірінше, бұл жекелеген өндіріс орындарын ғана емес, толыққанды өндірістік тізбектерді дамыту қажеттігін көрсетеді.
Жалпы, өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің импорты 21 млрд доллардан 61 млрд долларға дейін өскен. Сонымен қатар ішкі тұтынудағы отандық өнім үлесінің қалай өзгеріп жатқанын ешбір мемлекеттік орган жүйелі түрде қадағаламайды, - деп айтты депутат.
Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі қалай өлшенуі керек?
2020-2025 жылдары өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі шамамен 11 трлн теңгені құраған.
Алайда Годунованың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың әрбір теңгесіне қанша жеке инвестиция тартылғанын анықтау да маңызды. Өкінішке қарай, «Бәйтерек» холдингінде мұндай деректер жоқ. Себебі қаржылай қолдау шараларынан бөлек, салықтық жеңілдіктер, жер учаскелері мен мемлекеттік заттай гранттар да беріледі. Олардың барлығының ақшалай баламасы бар. Ал бұл көрсеткішті есепке алмай, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау мүмкін емес.
Осыған байланысты Комитет өнеркәсіп саясатының нәтижесін ең алдымен мына көрсеткіштер арқылы бағалауды ұсынады:
• қосылған құнның өсуі;
• еңбек өнімділігінің нақты артуы;
• өнімді өңдеу тереңдігі;
• импортқа тәуелділіктің төмендеуі;
• жеке инвестициялар ағыны.
Годунованың пікірінше, өнеркәсіп саясатының тиімділігі бөлінген қаржы көлемімен емес, ең алдымен осындай нақты экономикалық нәтижелермен өлшенуі керек.