Мемлекет кәсіпкерлерге туристік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтейді

28 Ақпан 2023, 20:47
614
Бөлісу:
Мемлекет кәсіпкерлерге туристік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтейді

Қазақстанда туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірнеше құралы іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәлімдеуінше, олардың ішінде-бизнестің туристік объектілерді салуға және қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындарын ішінара өтеу де бар. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен енгізілген төрт жаңа заңнамалық нормалардың арқасында жүзеге асып отыр.

Біріншіден, туристік объектілерді салу және реконструкциялау үшін кәсіпкерлерге оның шығындарының 10% өтеледі. Екіншіден, жол бойындағы сервис объектілерін (қонақ үйлер, жанармай құю бекеттері, сауда және тамақтану пункттері және т.б.) салған кәсіпкерлерге де осы мөлшерде субсидия қарастырылған. Үшіншіден, 8 немесе одан да көп орындық туристік автобустарды сатып алу үшін өтемақы 25% құрайды. Төртіншіден, тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтарды сатып алу үшін де дәл осы мөлшерде өтемақы қарастырылған. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау субсидияланады (айына 83 000 теңге).

Мысалы, Ақмола облысындағы Зеренді ауданында 75 млн. теңгеге балаларға арналған сауықтыру орталығы қайта жаңартылып жатыр. Кәсіпкерге жоба құнының 10% өтеледі.

Ақмола облысы мен Шығыс Қазақстан облысының екі кәсіпкеріне туристік автобустар сатып алғаны үшін 11 млн теңге өтеледі. Сондай-ақ, биыл еліміз бойынша 567 санитарлық-гигиеналық торапты ұстауға арналған шығындарды өтеу көзделген.

«Туризмді дамыту бизнеспен белсенді ынтымақтастықсыз мүмкін емес. Сондықтан біз Қазақстанның туристік инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз. Жаңа техниканы сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу шынымен де ірі жоспарларды іске асыруға түрткі болады. Кәсіпкерге тек өтінім беріп, өз жобасын ұсынуы керек»,-деп атап өтті Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Өзгелердің жаңалығы