Мемлекет денсаулық саласын қаржыландырудан бас тарта ма?

16 Сәуір 2025, 10:33
803
Бөлісу:
Мемлекет денсаулық саласын қаржыландырудан бас тарта ма?
Фото: BAQ.KZ - архив

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруда бірқатар өзгерістер енгізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алдағы уақытта мемлекет біртіндеп денсаулық сақтауды қаржыландырудағы өз үлесін төмендетуі мүмкін бе? Осы сұрақты қорға тікелей қойып көрген едік.

Жарна мөлшерлемелерін арттыру тек мемлекетке қатысты жоспарланып отыр. Өздеріңізге белгілі, мемлекет республикалық бюджет қаражатынан МӘМС жүйесіне жеңілдікті санаттарға кіретін азаматтар үшін жарна төлейді (оның ішінде балалар, зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, жүкті әйелдер және басқалар бар). Қазір мемлекет төлейтін жарна мөлшерлемелері бастапқыда жоспарланған көрсеткіштерден 3,5 есе төмен – 2025 жылы небәрі 2%. Талдау көрсеткендей, Қазақстанда жарна мен аударым мөлшерлемелері жалпы алғанда ең төменгі деңгейде. Мысалы, Словакияда – 14%, Словенияда – 13,45%, Литвада – 9%, Чехияда – 14,5%, - деп жауап берді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры редакцияның ресми сауалына.

Сондай-ақ МӘМС жүйесіне қосымша міндеттемелер жүктелсе, қаржылық шығындарға қалай төтеп беретінін түсіндірді.

Бірыңғай медициналық көмек пакетінің енгізілуіне байланысты МӘМС жүйесіне қосымша міндеттемелер жүктеліп отырған қазіргі жағдайда қаржылық жүйе өсіп келе жатқан шығындарға төтеп бере алмайды. Бұл – актуарлық есептеулердің қорытындысы. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мемлекет төлейтін жарна мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру ұсынылады: 2027 жылдан бастап есептеу базасының 2,5%-ы көлемінде, ал 2037 жылға қарай 5%-ға дейін көтеру көзделіп отыр. Осылайша 2015 жылы қабылданған «МӘМС туралы» ҚР Заңының алғашқы редакциясында көзделген бастапқы қаржылық модельге ішінара оралу жүзеге асырылады (ол кезде мемлекет үшін жарна мөлшерлемесі 7% деңгейінде бекітілген болатын), - дейді қор.

Бұл шаралар келесі мүмкіндіктерді береді:

  • Жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін жарна мөлшерлемесін арттырмауға;
  • Жүйені ұзақ мерзімді перспективада тұрақты ұстау.

Қосымша қаржыландыру – бұл азаматтарға қосымша жүк емес, керісінше, ұлт денсаулығына салынатын инвестиция, - деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры.

Өзгелердің жаңалығы