Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты қоғамда қызу талқыланып жатыр. «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген атауының өзі Қазақ елінің дамудың даңғыл жолында екенін көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы әуелі өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған. Айтуынша, былтыр Конституциялық сот жұмысын бастады. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын жаңа ереже бойынша сайлап, аудан қала әкімдерін таңдадық. Ұлттық қордан балаларға қаржы бөлінетін болды. Ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды. Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Өткен жылды екшелеп, болашақты бағамдаған көлемді әрі мазмұнды мақалаға мұқым ел оң пікір білдіруде.
Жомарт Сімтіков, саясаттанушы:
Мотивациялық сұхбат. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбаты мазмұны жағынан мемлекеттік саясаттың үш түрлі күрделі мәселесін қамтыды деп ойлаймын.
Біріншіден, мемлекеттің ішкі саясатындағы өзекті экономикалық-әлеуметтік мәселелер, энергетикалық қауіпсіздік қозғалды.
Екіншіден, сыртқы саясаттағы жақын көршілермен қарым-қатынастың басым бағыттары туралы сараптама жасалды.
Үшіншіден, егемен елдің келешекке алдағы кезеңде Стратегиялық бағдарлама ретінде озық ойлы ұлт болып қалыптасуға бағыт-бағдарға бағытталған.
Мақалада Мемлекет басшысы ретінде елдің ішкі саясатындағы көкейтесті мәселелерге көзқарасын білдірді. Оның ішінде халықтың қарызға батуы күрделі борышкерлік, қымбатшылықтың белең алуы, тарифтердің өсіп, жұмыссыздық мәселесінің шиеленіскеніне және аймақтардағы жалпы ахуал сынды мәселелерге тоқталды. Ал, сыртқы саясатта ағымдағы жылдың наурыз айындағы Ресейдегі өтетін Президент сайлауына қатысты өз ойымен бөлісті. «Ресей Федерациясының әлемдік саясатта аса маңызды рөл атқаратынын және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі екенін ұмытпаған жөн. Ресей Президенті Владимир Путин – сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуалға ықпал ететін тұлға. Ресейдің ұстанымымен бүкіл әлем санасатыны жасырын емес. Бұл мемлекеттің қатысуынсыз дүние жүзінде бірде-бір проблема шешілмейді. Ол айдан анық. Сондықтан Ресей секілді алпауыт елдегі президент сайлауының халықаралық мән-маңызы қашанда жоғары және оған әлемнің көптеген елі назар аударады», -делінген сұхбатта.
Сонымен қатар, мақалада ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек деген қағида айтылды. Қазақ ұлтының ғаламдану жағдайындағы ұлттық идеологиясында жалғандыққа жол бермеу мәселесі көтеліп, жалпыұлттық құндылықтар бәрінен биік тұру керектігі сөз болды.
Біз озық ойлы ұлт болу үшін адал азаматқа тән қарапайымдылық, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, нағыз отаншыл қасиеттер мен құндылықтар басымдыққа ие болуы керек. Сұхбатта «Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптесек, оларды ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз»- деген тезис айтылды.
Сондықтан Президент сұхбаты еңселі елдің дамуына ерекше мотивация бере алады деп сенемін.
Қазыбек Дәуітәлиев, заңгер:
Сұхбаттың ерекшелігі ретінде саяси тақырыптарды қозғауын атауға болады. Қаңтар оқиғасы туралы баға берілген. «Билік транзиті» секілді мемлекеттікке қауіп төндіретін жағымсыз саяси үрдісті алғаш рет жария сынға алады.
Сұхбатта Президент жастарға айрықша үміт артатындығын жеткізеді. Алайда бұл тәжірибесі мол кадрларды елемеу дегенге ұрындырмауы тиіс дейді. Қалай болғанда да салқынқанды мемлекеттік басқару тұжырымдары жасалуы керек. Бұл орайда «Президенттік кадрлық резерв» оң жұмыс істеп бастады. Мемлекеттік басқаруға талантты әрі моральдық тұрғысы таза жастар келуде. Елімізде айтарлықтай жедел әрі жүйелі жүріп жатқан саяси реформалардың сандық көрсеткіші көз қуантады. Шетелдік басылымдар да мұны атап көрсетуде. Саяси реформалардың 5 түрлі пакеті аясында көптеген заңдар қабылданды. Конституциялық реформа жасалды. Осы бір ғана конституциялық реформа аясында 27 конституциялық және жәй заң қабылданды. Осының бәрі аз уақыт ішінде қарқынды жүріп жатқан өзгерістер. Әрине, өзгерістердің сапалық ерекшелігіне де назар аударуымыз қажет. Бұл жағы әлі де дамытуды және жетілдіре түсуді қажет ететіндігін Президентте жақсы түсінеді. Десе де, Президент айтқандай ендігі жерде ескі жүйеге кері қайту мүмкін емес. Өзгерістер жаңа конституциялық реформалардың мәні мен талабына сай алдыға қарай жүріп, іске аса беретін болады. Бұл жұмысты қоғам мен билік бірлесе атқаруы тиіс.
Билік пен қоғам арасындағы конфронтация алынуы керек. Қоғамның ұсынысы мен тілек-талабын тыңдау – мемлекеттік орган үшін міндет деп атап көрсетті. Бұл бюрократияны ауыздықтайтын бірінші және маңызды қадам. Бұл бағытта арыз-талаптармен айналысатын арнайы бөлімдер жұмыс істеп отыр. 250-ден астам Қоғамдық кеңестер орталықта және өңірлерде жұмыс істеуде. Жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары аталатын өзін-өзі басқару құрылымдары да жанданып келеді.
Қоғам тарапынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси-құқықтық ойы мен көзқарастарына да баға беруге тиіспіз. Ашық объективті талдаулар жүруі қажет. Ел басқаруда ұстанатын принциптері мен моральдық ұстындарын дұрыс танып, ажырату өте маңызды. Өйткені бұл адамдардың тағдырына да әсер ететін болады. Әзірге байқап отырғаным, Тоқаевтың пайымдауларында легистік сарын басым. Заңдылық пен құқықтық тәртіпке айрықша назар аударады. Арқа сүйейді. Жемқорлық пен олигополиядан мемлекеттіктің іргесі шатқаяқтап тұрған қазіргі таңда бұл ұстаным өзінің оң нәтижесін беретіні сөзсіз.
Тоқаев жүргізіп жатқан реформаларды жинақтап қарайтын болсақ, олардың іргелі үш бағытта дамып отырғандығын көреміз: бірінші – билікті орталықсыздандыру немесе децентралдандыру үрдісі. Екінші – адам құқығын дамытудың мәселелері. Үшінші – жергілікті демократия мен өзін-өзі басқаруға көңіл бөлуі. Егер Президент осы аталған үш бағытты өзінің бір мерзімдік өкілеттік аясында толықтай енгізіп, мәніне сай іске асуын шешіп кете алса, бұл Қазақстан дамуындағы демократиялық серпіліс болады.
Әкежан Кеңесов: Алматы қалалық Жастар Рухы Жастар қанатының төрағасы:
Президент Тоқаев өз сұхбатында жастардың әлеуетіне деген сенімін нақты атап өтті, бұл қабылданған шараларда, оның ішінде Президенттік жастар кадрлық резервін құруда көрініс тапты. Бұл бастама оның жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық қызметтерді атқаруға қабілетті деген сеніміне тікелей жауап болды.
Сұхбатта президент өз мәлімдемелерінде баса айтқан саяси реформалар да көрініс тапқан. Әртүрлі топтарға, соның ішінде әйелдер мен ерекше қажеттіліктері бар адамдарға квота енгізу оның саясатта көбірек өкілдік етуге деген ұмтылысына сәйкес келеді.
Жастардың мемлекеттік органдарда белсенділік таныта бастағаны президенттің саяси өмірдегі жастардың рөлін арттыру қажеттігі туралы мәлімдемесімен тікелей байланысты.
Бұл кезекте жас менеджерлердің алдында тұрған міндеттер туралы ескертпелерінде Тоқаевтың оларға тәжірибе жетіспесе де, оларға өздерін көрсетуге мүмкіндік беру маңызды деген салмақты хабарламасын атап көрсетеді.
Сұхбатта сынға жауап та оппозиция мен «сарапшылардың» қарсылығына қарамастан жүйені жаңартуды мақсат еткенін атап өткен Президенттің жолдауларына сәйкес келеді.
Тәжірибе мен инновация арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығы атап өтіледі, бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының тұрақтылық пен мемлекеттілік үшін тәжірибе мен идеяларды біріктіру қажеттігі туралы мәлімдемелерінің тікелей көрінісі болып саналады.
Автор: Жанна Абайқызы