Мемлекет басшысы Серік Жұманғаринді қабылдады

13 Сәуір 2023, 17:56
642
Бөлісу:
Мемлекет басшысы  Серік Жұманғаринді қабылдады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғаринді қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президентке еліміздің сауда саласының былтырғы даму қорытындысы, Үкіметтің бағаны тұрақтандыру және қазақстандықтарды отандық азық-түлікпен толық қамтамасыз ету жөніндегі шаралары туралы баяндалды, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ұсыныс берілді.

Серік Жұманғариннің баяндамасынан:

2022 жылы Қазақстандағы тауар айналымының жалпы көлемі – 134,4 миллиард долларға жеткен.

Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 32,1 пайызға көп; қызмет көрсету саудасы 26,3 пайызға өсіп, 12,3 миллиард долларды құрады.

Қазақстанның барлық негізгі сауда серіктесімен өзара тауар айналымында өсім байқалады; өңделген өнімдер экспорты 26,5 миллиард долларды құрап, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті.

Терең өңделген экспорт тауарларының тізімі кеңейіп, отандық тауарлар жаңа экспорт нарықтарына шықты;

Қазақстан тұрғындардың қажеттілігін 19 өнім түрінің 10-ы бойынша толық, 6 өнім түрімен 80-98 пайыз және тағы үш өнім бойынша 50-ден 68 пайызға дейін қамтамасыз етеді; 

импортқа тәуелділікті барынша азайту үшін алдағы уақытта өңірлерде іске асырылатын ірі агрожобалардың топтамасы жасақталады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және ауыл шаруашылығын дамыту, қосымша құны жоғары қазақстандық тауарларды экспортқа белсенді түрде шығару жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы