Мемлекет басшысы Сербия Президенті Александр Вучичке құттықтау жеделхатын жолдады

4 Сәуір 2022, 20:31
1112
Бөлісу:
Мемлекет басшысы Сербия Президенті Александр Вучичке құттықтау жеделхатын жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Сербия Республикасының Президенті болып қайта сайлануымен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Сайлаудағы айқын жеңісіңіз – отандастарыңыздың Сізге және Сербияның дамуын баянды етуге, азаматтарының әл-ауқатын еселеуге және халықаралық сахнадағы беделін арттыруға бағытталған саралы саясатыңызға көрсеткен кең қолдауының айғағы екені сөзсіз. Осы ретте, Сіздің басшылығыңызбен еліңіз одан әрі өркендеп, мерейі әрқашан үстем болуына тілектеспін, – делінген жеделхатта.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген мазмұнды саяси диалог пен сауда-экономикалық байланыстардың аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын зор ризашылықпен атап өтті. Сондай-ақ әлеуеті зор ынтымақтастықты одан әрі өркендету үшін Сербия Президентімен бірлесе күш жұмылдыруға дайын екенін растады.

Мемлекет басшысы сербиялық әріптесіне сарқылмас күш-қуат, аса жауапты қызметі мен қолға алған тың бастамаларына толағай табыс, ал достас серб халқына мол бақыт, құт-береке тіледі.

Өзгелердің жаңалығы