Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Қытай» саммитінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Энергетика саласындағы, оның ішінде, мұнай-газ секторындағы қарым-қатынасты дамытуға мол мүмкіндік бар. Біз мұнай экспортын көбейтуге мүдделіміз. Сол үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырының тасымал мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Күн тәртібінде қолданыстағы «Атырау – Кеңқияқ», «Кеңқияқ – Құмкөл» мұнай құбырларының өткізу мүмкіндігін арттыру мәселесі тұр, - деді Президент.
Мемлекет басшысы мұнай өнімдерін тұтыну көлемі ұдайы өсіп келетінін айтты.
Қазір мұнай өнімдерін тұтыну көлемі ұдайы өсіп келеді. Сондықтан, Шымкент мұнай өңдеу зауытынан шығатын өнім көлемін жылына 6-дан 12 миллион тоннаға дейін көбейтуді көздеп отырмыз. Газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін жетілдіру Қазақстан үшін басым бағыт саналады. Біз үшін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді газ құбырының екінші тармағын салу өте маңызды. Қашаған кенішінде жылына 4 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт құрылысына да баса мән береміз. Қытайлық достарымыз аймақтағы осы маңызды жобаларға қолдау көрсетуді жалғастырады деп сенеміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.