Мемлекет басшысы Атыраудағы электр саласын сынға алды

8 Қараша 2022, 11:02
873
Бөлісу:
Мемлекет басшысы Атыраудағы электр саласын сынға алды

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атырау облысындағы тағы бір өзекті мәселе – электр желісінің тозуы. Оның 40 пайызға жуығы ескірген. Биыл 15 елді-мекеннің электр желісі жөнделіп жатыр. Дегенмен, бұл жеткіліксіз.

Соңғы жылдары аймақта электр қуаты жүйесі дұрыс істемейтін болды. Өңірдегі энергия тапшылығы – шамамен 200 мегаватт. Облыста өзінің электр станциясын пайдаланып отырған кәсіпорындар бар. Бірақ, олардың мүмкіндігі шексіз емес, - деді Президент.

Өнеркәсіп орындары дамып, халық саны көбейген сайын қуат көзіне деген сұраныс артады. 

Атырау облысының электр энергиясы жүйесін түгел жаңғырту жұмыстарын бастау қажет.Мен былтыр батыс аймағын еліміздің негізгі энергетика жүйесіне қосу туралы тапсырма бердім. Үкімет осы мәселені пысықтап, нақты шешім қабылдауы қажет. Сондай-ақ электр желілерін жөндеу жұмыстарын республикалық бюджеттен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Бұдан бөлек, «Атырау Жарық» компаниясының жұмысына қатысты сын-ескертулер бар. Егер компания өз міндеттемесін орындамаса, ондай келісімді бұзу қажет, - деді ол.

Атырау облысының инженерлік инфрақұрылымын дамыту туралы да айтылды.

Келесі мәселе. Атырау облысының инженерлік инфрақұрылымын дамыту туралы. Бұл да – күрделі мәселе. Мұнда тұрғын-үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бірақ, ескі үйлер әлі де көп.

Көп қабатты тұрғын-үйлердің төрттен бірі, яғни 432 үй апатты жағдайда тұр. Үкімет Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп, бұл мәселені шешуге тиіс. Сондай-ақ апатты үйлердің тұрғындарын көшіру үшін құрылыс жұмыстарын жандандыру қажет, - деді Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы