Мемлекет басшысы Асхат Жұмағалиды қабылдады

6 Қараша 2023, 17:45
672
Бөлісу:
Мемлекет басшысы Асхат Жұмағалиды қабылдады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің биылғы 10 айда атқарған жұмысының нәтижелері жөнінде баяндалды.

Асхат Жұмағалидың баяндамасынан:

осы уақыт ішінде елімізде жемқорлыққа қатысты 1500-ге жуық қылмыс тіркеліп, 1100-ден астам адамның ісі әшкереленді. Оның 158-і – түрлі деңгейдегі басшылар;
сотқа мыңнан астам іс жолданып, 282 миллиард теңге шығын өтелді;
2022 жылдан бері бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны шамамен 857 миллиард теңге болатын мүлік активтері мен қаржы қайтарылған;
сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын жүзеге асыру аясында тапсырылу мерзімі кешіктірілген, қаржы жымқыру қаупі бар әлеуметтік нысандар құрылысына мониторинг жүргізіліп жатыр. Агенттік еліміздің барлық өңірі бойынша жалпы бюджеті 2,44 триллион теңгені құрайтын осындай 156 нысан бар екенін анықтаған;
азаматтық қоғаммен өзара тығыз қарым-қатынас орнату арқылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске асырылуда. Қазіргі уақытта жемқорлықтың белең алуына бей-жай қарамайтын 2 мыңнан астам азамат бұл бастамаға атсалысып жатыр.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы іс-қимылды және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы