Мемлекет балаларды отбасынан тартып ала ма? – Оқу-ағарту министрлігі жауап берді

28 Наурыз 2024, 10:47
763
Бөлісу:
Мемлекет балаларды отбасынан тартып ала ма? – Оқу-ағарту министрлігі жауап берді
Фото: pixabay.com

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасында балаларды отбасынан тартып алатын норма жоқ екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомство өкілі атап өткендей, қазіргі таңда Парламентте әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша әзірленген заң жобасы талқыланып жатыр.

Бұл заң жобасында отбасылардан балаларды мемлекеттік органдардың тартып алуына мүмкіндік беретін нормалар бар деген жаңсақ ақпараттар таратылып жатыр. Ол ақпараттың ешбірі шындыққа сәйкес келмейді, - деп мәлімдеді вице-министр.

Оның сөзінше, қаралып отырған заң жобаларында және Мәжілістегі басқа да нормативтік-құқықтық актілерде балаларды отбасылардан тартып алуға қатысты бірде-бір норма жоқ.

Мемлекеттік саясат баланы туған отбасында тәрбиелеу құқығын қамтамасыз етіп, балаларды тәрбиелеу мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде ең алдымен ата-аналарға басымдық беруге бағытталған. Мемлекет өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған тиімді шараларды үнемі іске асырып келеді, - деп айтты Еділ Оспан.

Министрлік өкілі атап өткендей, осы бағытта кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялар құрылған. Психологиялық және отбасылық қолдау орталықтары жұмысы шеңберінде осындай отбасыларға тұрақты түрде көмек көрсетіліп келеді.

Құрметті ата-аналар! Әртүрлі фейктерге сенбей, тек ресми ақпарат көздеріне серуді сұраймыз, - деп Еділ Оспан ата-аналарға үндеу айтты.

Өзгелердің жаңалығы