Мектептердегі қауіпсіздік мәселесі жыл соңына дейін шешілмесе, жауапты тұлғалар жұмыстан шығарылуы мүмкін

6 Желтоқсан 2022, 13:27
1308
Бөлісу:
Мектептердегі қауіпсіздік мәселесі жыл соңына дейін шешілмесе, жауапты тұлғалар жұмыстан шығарылуы мүмкін

Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі жыл соңына дейін шешілмесе, жауапты тұлғалар жұмыстан шығарылуы мүмкін. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің аппарат отырысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында білім саласы мамандары білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тыңдады. Бұл туралы вице-министр Ғани Бейсембаев баяндама жасаған болатын. 

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бірінші кезектегі мәселе. Ата-аналар балаларын мектепке, колледжге, балабақшаға жібергенде қауіпсіздікке қатысты ешқандай күмән болмауы керек. Президенттің тапсырмасы бар. Бұл - бір емес, осымен екінші жыл қатарынан қаралып отырған мәселе. Басқа елдердегі әртүрлі жағдайларды, оқиғаларды білесіздер. Ондай оқиғалар болмаса да, күнделікті өмірімізде бейнекамералар, дабыл түймелері, орталық жүйеге қосылған құрылғылар қажет, - деді бас ұстаз.

Аймағамбетов жоғарыда айтылғанның бәрі заңнамамен бекітілген талап екенін еске сала кетті.

БҚО, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Ақмола облыстарында орта білім беру ұйымдарындағы бейнебақылау жүйесі өте төмен деңгейде ұйымдастырылған. Дабыл түймелері бойынша да осы облыстарда тағы қайталанып отыр. Оған қоса Қызылорда мен Солтүстік Қазақстан облыстары да бар. Яғни осы облыстарда тиісті деңгейде жұмыс жүргізілмеген. Бұл облыстық әкімдіктердің мәселені бақылауға алмағынын да білдіреді. Сондай-ақ білім басқармалары мен білім бөлімдері де бұл жұмысты қанағаттанатындай деңгейде ұйымдастырып жатқан жоқ. Бір емес, екі жыл болды. Бұл қауіпсіздік мәселесіне немқұрайлы қарағандарыңыз ба? – деді министр.

Оқу-ағарту министрі колледждердегі мәселеге де тоқтала кетті. Ол атап өткендей, бейнебақылау жүйелері бойынша Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жұмыс төмен. 

Ал дабыл түймедері бойынша тағы да Түркістан облысы, тағы да Алматы облысы, тағы да Атырау және Қызылорда облыстары кездеседі. Неге 20 өңірдің тек осы 4-5-еуінде ғана барлық жерде бір проблема кездеседі?! Неге басқа облыстарда мұндай проблема жоқ? Олар да осы мемлекетте тұрып жатыр, олардың да жағдайы дәл осындай. Олар да бір заңнаманы орындап жатыр. Бірақ кейбір өңірлердің әкімдіктері, білім басқармалары, білім бөлімдері бұл мәселені бақылауда ұстап, Президенттің тиісті тапсырмасын орындап жатыр. Ал кей өңірлерде балалардың қауіпсіздігіне қатысты тиісті деңгейде шара қабылданып жатқан жоқ. Егер әртүрлі жағдайлар болса, оған кім жауап береді? Ең бастысы осы қауіпсіздік мәселесі емес пе? Сондықтан біз тиісті жауапты тұлғаларды қатаң жауапқа тарту бойынша ұсыныс жасаймыз. Сондай-ақ бұл мәселені Үкіметтің деңгейінде де көтереміз. Егер жылдың соңына дейін бұл мәселе шешілмесе, онда тиісті тұлғалардың жұмыстан шығарылуын талап етеміз, - деп айтты Асхат Аймағамбетов аппарат жиынында.

Ол балалардың тағдырымен, қауіпсіздігімен ойнауға болмайтынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы