Мектептер қаншалықты қауіпсіз?

16 Ақпан 2023, 13:55
849
Бөлісу:
Мектептер қаншалықты қауіпсіз?
Фото: inbusiness.kz

Петропавл мектептерінің бірінде болған қайғылы оқиға әркімге әр түрлі ой салды, ата-аналардың уайымын арттырды. Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов өңір мектептерінің қауіпсіздік деңгейі туралы айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Білім министрлігі еліміздің барлық мектептерін тексеруді тапсырды, ал ҚР Премьер-Министрі оқушылардың қауіпсіздігін жақсарту шараларын пысықтау қажеттігін атап өтті. Облыс мектептерін қандай өзгерістер күтіп тұр?

Ақмола облысында 900-ден астам білім беру нысаны бар – 542 жалпы білім беретін мектеп, 250-ден астам балабақша, 32 колледж және 50-ден астам қосымша білім беру ұйымдары. Білім басқармасы жергілікті жерлерде білім беру бөлімдерімен, аудандар мен қалаларда полиция департаментімен бірлесіп білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізеді. Ол білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жұмыс істейді, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары. 

Ол атап өткендей, бұл нұсқаулық Білім министрлігімен әзірленген және бекітілген және ҚР ІІМ-мен келісілген. Нұсқаулыққа сәйкес барлық білім беру нысандары үш топқа бөлінеді. 

Білім беру нысандарының алғашқысы 300 адамға дейінгі нысандар. Бұл білім алушылар мен жұмысшы персонал. Екінші топ – 300-ден 700 адамға дейін, үшіншісі – 700-ден астам адамға арналған нысандар. Нұсқаулықта бірінші топқа міндетті түрде бейнебақылау және ішкі құлақтандыру жүйесінің болуына байланысты талаптар қойылатыны айтылады. Бүгінгі таңда барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. 300-ден 700 адамға дейінгі нысандарға қатаң талаптар қойылады. Мұнда бейнебақылау ЖБО-ға немесе полицияның кезекші бөлімдеріне қосылуы керек. Сондай-ақ, дабыл түймесі болуы тиіс, ол ЖБО-ға немесе полицияның кезекші бөліміне шығарылады. Үшінші топ үшін жоғарыда аталған талаптарға турникеттің болуы да қосылады. Осы талаптарға сәйкес облыста білім беру нысандарын белгіленген нормативтерге келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп бөлісті Валерий Гамазов.

Оның айтуынша, бүгінде барлық нысандар бейнебақылау жүйесімен жабдықталғанына қарамастан, бейнекамераларды жаңарту, оларды ішінара ауыстыру және санын көбейту қажет. Бұл жұмыс жоспарлы түрде жүргізіледі.

Бұдан басқа, нұсқаулыққа сәйкес облыс орталықтарында, ірі қалаларда, аудан орталықтарында орналасқан үлкен білім беру объектілеріне тиісті лицензиясы бар мамандандырылған күзет фирмалары объектіні күзету бойынша талаптар қояды. Бұл талап орындалды, - деп қосты басқарма басшысының орынбасары.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі Ақмола облысы әкімдігінің бақылауында тұр.

Жақында бұл туралы Үкімет отырысында да әңгіме болды. Премьер-Министр бұл жұмысты күшейтуді, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын стандарттарды, талаптарды қайта қарауды тапсырды. Атап айтқанда, білім беру нысандарында бейнекамералар санын көбейту бойынша тапсырма берілді. Енді жаңа стандарттарды ескере отырып, нысандарды қорғауды қамтамасыз етуде қандай да бір ауытқуларға жол бермеу үшін оларды білім беру нысандарына қосу жалғасатын болады. Ата-аналармен және білім беру нысандарының қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, қауіп төнген жағдайда әрекет ету, хабарлау, білім беру орындарында эвакуациялау алгоритмі пысықталуда, – деп толықтырды Валерий Гамазов.

Ол мектепте баламен психологтардың жұмыс жүргізуі негізгі талаптардың бірі екендігіне тоқталды.

Барлық білім беру ұйымдарында, жалпы білім беретін мектептерде министрлік бекіткен талаптарға сәйкес психологиялық қызмет жұмыс істейді. Олардың жұмысы - баланың мінез-құлқындағы әртүрлі ауытқуларды, алаңдаушылық деңгейін анықтау, ата-аналарға, мұғалімдерге ұсыныстар беру. Жасөспірімнің мінез-құлқындағы ауытқуларды ерте анықтау және алдын алу шараларын қабылдау үшін бұл жұмыс мұғалімдермен, сынып жетекшілері, студенттік топтардың кураторларымен бірлесіп жүргізіледі, - деп нақтылады басқарма басшысының орынбасары.

Ол «облыс мектептерінде оқушылар металл іздегіштермен тексеріле ме?» деген сауалға жауап берді.

Әзірге бұл талаптар қолданыстағы нұсқаулықпен белгіленбеген. Бірақ сонымен бірге оқу орнына алып кіруге тыйым салынған құралдардың тізімі анықталды. Бұл әдетте травматикалық заттар. Бұл тізім оқушылар мен ата-аналарға таныстырылды. Мұндай заттар тасымалданбауы үшін мектеп педагогтары мен қызметкерлерінің бақылауымен қатар, білім ордалары күзетпен тұрақты негізде қамтамасыз етіледі. Бейнетіркеу жүйелеріндегі жазбаларды сақтау, оларды жедел түрде қарау өңірдегі оқу орындарында тұрақты негізде жүргізіледі, - дейді Валерий Гамазов.

Бірқатар мектептерде зейнет жасындағы адамдардың күзетші болып жүргені жасырын емес.

Күзетпен байланысты жұмысқа, әсіресе ауылдық жерлерде аз төленеді. Әдетте, бұл жұмысқа зейнет жасындағылар барады. Бұл күрделі мәселе. Бірақ, білім алушылар мен қызметкерлер саны көп ірі білім беру нысандарын мамандандырылған фирмаларға қорғауға беру туралы талаптар белгіленген. Бұл –талаптарға сәйкестігі тексерілген және күзет қызметіне лицензиясы бар компаниялар. Ал білім беру ұйымы оларды мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы таңдайды. Бұл бәсекелестік орта. Әрине, білім беру ұйымдары қызметкерлеріне өз талаптарын қояды. Өйткені күзет компаниялары әртүрлі нысандарды күзетеді, бірақ білім беру нысандарын күзету ерекше қырағылықты талап етеді, – деп түйіндеді басқарма басшысының орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы