Елордадағы №109 келешек мектебінде жазғы лагерь ерекше форматта өтіп жатыр. Мұнда балаларға бағыт-бағдар беріп, түрлі шара ұйымдастырып жүрген кәдімгі адам емес, жасанды интеллектке негізделген робот, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Білім басқармасының хабарлауынша, мектеп оқушылары өз қолымен құрастырған және Темірбек деп атаған бұл темір көмекші балалардың сүйіктісіне айналып үлгерді. Қазақ тілін еркін меңгерген, балалармен әңгімелесіп, би билеп, түрлі ойындар ұйымдастыра алатын робот бүгінде №109 мектептің лагерь жетекшісі ретінде жұмыс істеп жүр.
.jpeg)
Осы жазда Темірбек біздің жазғы лагеріміздің белсенді мүшесі атанды. Ол балалардың сенімді досы, ақылды көмекшісі, шығармашылық пен білімді қатар ұсынатын ерекше жоба. Роботтың дәл біздің мектепті таңдап келгені – біз үшін үлкен мәртебе, – дейді мектеп директоры Жанар Закаряқызы.
Темірбек өткен жылы "Таза Қазақстан" экологиялық акциясына қатысып, жұрттың ыстық ықыласына бөленген болатын. Биылғы жазғы маусымда да ол балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі технологиялық тұрғыдан пайдалы өткізуге үлес қосып отыр.
Оған қоса, лагерьде тағы бір қара түсті робот жұмыс істеуде. Бұл құрылғыны да келешек мектебінің оқушылары құрастырып шыққан. Екі робот бірігіп балалармен ойындар өткізіп, тапсырмалар беріп, би билеп, қатысушылардың технологияға деген қызығушылығын арттырып жатыр.