Мектепке жол: мыңдаған павлодарлық оқушыға қолдау көрсетіледі

15 Тамыз 2022, 15:46
915
Бөлісу:
Мектепке жол: мыңдаған павлодарлық оқушыға қолдау көрсетіледі
Фото: автордан

Ертіс өңірінде «Мектепке жол» дәстүрлі акциясы аясында мыңдаған оқушыға қолдау көрсетілмек, деп хабарлайды Павлодардағы BAQ.KZ тілшісі.

Сала мамандарының айтуынша, қайырымдылық көмекпен аз қамтамасыз етілген отбасылардың балалары, ата-ана қамқорлығынан айырылған оқушылар қамтылады. Өткен жылы республикалық акция шеңберінде 6,5 мың ұл-қызға көмек көрсетілген. Демеушілер тарапынан 60 млн теңге бөлінген.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың хабарлауынша, көмекке зәру ата-аналар білім беру басқармасы мен бөлімдеріне хабарласа алады.

Мекемелер жанынан шұғыл желілер ашылды. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік органға 130-дан астам азамат хабарласты. Балаларға қолдау көрсеткісі келетін кәсіпкерлер де өтініш білдіріп жатыр. Мәселен, Май ауданының бизнесмені 35 оқушыға мектеп құралдарын сатып алды. Ал соңғы екі апта ішінде кәсіпкерлер бес миллион теңге бөліп, 400 жеткіншекке көмектесті, - дейді Роза Ақанова.

Айта кетейік, биыл салалық министрліктің шешімі бойынша әлеуметтік қорғалмаған отбасылардың балаларына мектепке дайындалу үшін қаржы бөлінеді.  Әр оқушыға кем дегенде 43 616 теңгеден қарастырылған. Облыс бойынша бұл санаттағы оқушылар саны 17 мыңға жетті. 

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жаңа оқу жылында 359 мектепте 112 мыңнан оқушы білім нәрін сусындамақ. Осы күнге дейін бірінші сыныпқа 11 мыңға жуық бала қабылданған. 

Өзгелердің жаңалығы