Баланы мектепке қалай дайындау керек?

27 Тамыз 2019, 17:28
4222
Бөлісу:
Баланы мектепке қалай дайындау керек?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 қыркүйектен бастап еліміздің білім ордаларында сабақ басталады. Осыған орай ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшылары ата-аналарға балаларды мектепке қалай дайындау жөнінде кеңес берді. 

Балаңыздың қажетті екпелердің барлығын алуын қадағалаңыз 

Профилактикалық екпе егу күнтізбесі балаларды жұқпалы аурулардан тиімді қорғау үшін вакцина салуға оңтайлы уақытты анықтайды. Баланың уақытылы екпе алуы маңызды. Қарсы көрсетілімдері болмаған жағдайда, дәрігердің тексеруінен кейін жасына сәйкес барлық қажетті екпені салдыртқан жөн. 

Мектепке қажетті киім-кешектер сатып алыңыз 

Мектеп киімі мен құралдарына қойылатын нақты талаптар бар екендігін білесіз бе? Мысалы, қауіпсіз әрі сапалы мектеп портфелінің салмағы 1 кг аспауы қажет, оның ортопедиялық арқашасы мен жарыққа шағылысатын элементтері болуы керек. Бір оқу күніне есептелген барлық кітаптың жалпы салмағы құрал-саймандарымен бірге сөмкенің салмағын ескермегенде: I–II сыныпта — 1,5–2,0 кг; III–IV сыныпта — 2,0–2,3 кг; V–VI сыныпта — 2,3–3,0 кг; VII–VIII сыныпта — 3,0–3,5 кг; IX–XII сыныпта — 3,5–4,5 кг аспауы тиіс. Мектеп формасы баланың қозғалысын шектемейтініне және жыл мезгіліне сай келетініне назар аударыңыз. 

Баланың сабақ оқитын орнына көңіл бөліңіз 

Баланың денсаулығы жақсы болу үшін, ол қолайлы жағдайда оқуы керек. Баланың сабақ қарайтын орны жақсы жарықтануы тиіс, шам сол жақ бөлікте, егер балаңыз солақай болса – оң жақта орналасуы керек. Үстелдің биіктігі баланың бойына сәйкес болуы қажет, бойы 120 сантиметр болған жағдайда – үстелінің биіктігі 52 сантиметрден аспауы керек, ал бойы 120 сантиметрден асқан жағдайда – 60 сантиметр болуы керек. 

Баланы жеке-бас гигиенасын сақтауға үйретіңіз 

Тамақ ішер алдында және дәретханадан кейін қолды жуу – баланы көптеген аурудан қорғайтын ең қарапайым ереже. 

Балаға күн тәртібін сақтауды үйретіңіз 

Күн тәртібі — бұл кез келген баланың салауатты өмір салтының маңызды бөлігі. Мектеп жасындағы балаға дұрыс ұйқы режимі және тұрақты үйлестірілген тамақтану режимі қажет. Мектеп оқушыларына арналған түнгі ұйқының нормасы: 1-4 сыныпта – 10-10,5 сағат, 5-7 сыныпта – 9,5-10 сағат, 8-9 сыныпта – 9-9,5 сағат, 10-11 сыныпта – 8-9 сағат. Бірінші сынып оқушылары күндіз шамамен 2 сағатқа дейін ұйықтап алу қажет. Мектеп жасында төрт рет тамақтанған жөн, әр 4 сағат сайын тәуліктік рационды бірдей бөліп тамақтану қажет: таңғы ас – 25%, екінші таңғы ас – 20%, түскі ас – 35%, кешкі ас – 20%. 

Психологиялық тұрғыдан мектепке дайын болыңыз 

Психологиялық жайлылық балалар үшін де, ата-аналар үшін де маңызды. 1 қыркүйекті күйзеліссіз қарсы алыңыз. Тыныштық сақтап, мектепке әзір болыңыз! 

Жалпы, бұл қарапайым ережелерден бөлек, ең бастысы – балаңызды көбірек бауырыңызға басып, құшақтауды ұмытпаңыз. Бұл оларға қорғаныш сезімі мен сенімділік береді. Балалар ата-анасы өзін жақсы көретінін, түсінетінін, қолдайтынын біліп, сезетін болады. Балаңызды сабақтағы үлгеріміне және академиялық жеңістеріне қарамастан жақсы көріңіз!

Өзгелердің жаңалығы