Мектеп тапсырыла ма, жоқ па?: Аймағамбетов Қосшыдағы білім ордасына қатысты тапсырма берді

1 Қазан 2021, 15:48
6783
Бөлісу:
Мектеп тапсырыла ма, жоқ па?: Аймағамбетов Қосшыдағы білім ордасына қатысты тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін БҒМ аппарат жиналысында салынып жатқан жаңа мектептердің құрылысы сөз болды. Министр Асхат Аймағамбетов мектептерді уақытылы тапсыруға қатысты тапсырма берді.

1 қыркүйек күні Қосшы қаласында болдым. Қалада жыл соңына дейін мектеп аяқталады деген уәде берілді. Қазір оның құрылысы жүріп жатыр, - деді Аймағамбетов.

Министр осы ретте Ақмола облысы бойынша мектепті салу қарқыны қалай жүріп жатқанын Білім басқармасынан сұрады.

Сізге биыл құрылысы бітетін мектеп туралы нақты сұрақ қойып отырмын. Ол мектеп тапсырыла ма, тапсырылмай ма? – деп сұрады министр.

Өз кезегінде Ақмола облысы Білім басқармасының басшысы Ботакөз Дүйсенова жыл соңына дейін Қосшыда бір мектеп тапсырылатынын мәлімдеді.

Бізде Қосшыда 3 мектеп салынады. Желтоқсанның аяғына дейін 1 200 орынға арналған мектеп тапсырылады, - деп айтты ол.

Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов 1-2 күннен кейін салынып жатқан мектепті өзі барып тексеретінін айтты.

Мектеп тапсырылатын болса, онда нақты айтыңыздар. Мүмкін жуырда, мүмкін 1-2 күн ішінде барып, тексеремін. Егер мектепті тапсырылады десек, онда ол желтоқсанның басында не соңында болса да тапсырылуы керек. Басқа ешқандай жауап қабылданбайды. Дайындаңыздар. Өзім барамын. Қараймыз. Мектепті көрдік. Қаншама бала бар. Орын жетіспей жатыр (Қосшыдағы жаңа мектеп – ред.). 3 ай шыдаңыздар, желтоқсанда мектеп тапсырамыз дедік. Мұны айтқаннан кейін толығымен орындау керек, - деді ол.

Бас ұстаз мектептердегі орын тапшылығы мәселесі толығымен шешімін табуы керегін атап өтті.

Естеріңізде болсын, оны ары қарай соза беруге ешкімге құқық, мүмкіндік берілмейді. Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында Үкіметке, әкімдіктерге 1 000 мектеп салуға тапсырма берді. Әрине, Білім және ғылым министрлігі де осы тапсырманы орындаушылар қатарында. Сондықтан берілген тапсырма міндетті түрде орындалады. Биыл 200 мектепті тапсыруымыз қажет. Жоспар бойынша ешқандай тәуекелдер жоқ деп есептейміз. Оны уақытылы тапсырамыз. Бірақ одан да артық мектепті тапсыруға мүмкіндік бар, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Министр жиналыста өңірлерге тиісті жұмысты жүргізуге қатысты тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы