Мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені алаңдатады –Тоқаев

14 Шілде 2022, 11:28
1602
Бөлісу:
Мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені алаңдатады –Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез келді. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.

Президент елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатқанын, бірақ, нақты шараларға қарамастан, жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келе жатқанын айтты.

Кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары – соның қатарында. Үкімет және облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Жыл аяқталғанда тиісті қорытындысын шығарамыз,-деді президент.

Сонымен қатар ол адам капиталын дамыту ісінде білім саласы негізгі рөл атқаратынын айтты. 

Біз жуырда Білім және ғылым министрлігін екіге бөлдік. Бұл қадам қордаланған мәселелерді шешу үшін қажет болды. Үкімет және жаңа министрліктердің басшылары отандық білім және ғылым саласын тың серпінмен дамытуға күш салады деп сенемін. Мен осы жылды Балалар жылы деп жарияладым. Бірақ, соңғы жылдары мектеп қабырғасында зорлық-зомбылықтың көбейіп кеткені алаңдатады. Оның үстіне, толық жабдықталған мектептердің 65 пайызында, яғни 3 мың мектепте бейнебақылау жүйесі талапқа сай емес, кейде мүлдем жұмыс істемейді,-деді Тоқаев.

Президент сондай-ақ еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуы, азайғанын жеткізді. Дегенмен, Алматы, Жамбыл, Қостанай және Маңғыстау облыстарында мұндай оқиғалар көбейіп барады.

Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға, суицидтің алдын алуға, әрбір баланың құқықтарын қамтамасыз етуге арналған кешенді жоспар қажет,-деді ол.

Өзгелердің жаңалығы