Биыл мектептер түлектердің бітіру кешін өткізуге рұқсат бере ме? Бұл туралы Жетісу облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Алишер Башаров айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрлік мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру бойынша арнайы тұжырымдама дайындайды. Осымен үшінші жыл қатарынан мектеп бітіру кештері салтанатты жиын түрінде тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылады. Мектепте, кафе-ресторандарда, ойын-сауық орындарында ешқандай отырыс ұйымдастыруға жол берілмейді, - деп айтты ол.
Сөзінше, мектеп бітіру кештеріне оқушылар тек мектеп формасымен келеді.
Сонымен қатар сыйлыққа ақша жинауға да рұқсат етілмейді.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алу мақсатында оқушылар мен ата-аналардан мектепке, мүғалімдерге, сынып жетекшілеріне сыйлықтарға ақша жинауды болдырмау мақсатында облыстық Білім басқармасы аудандық, қалалық білім бөлімдеріне тиісті бұйрықтар шығарылып, білім беру мекемелері басшылары танысты, - деп түсіндірді Алишер Башаров.
Бұған дейін биылғы оқу жылы 31 мамырда аяқталатынын хабарлаған болатынбыз.