Биыл мектептерде сабақ 31 мамырда аяқталады

28 Сәуір 2023, 11:49
2170
Бөлісу:
Биыл мектептерде сабақ 31 мамырда аяқталады
Фото: Артём Чурсинов

Жетісу облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Алишер Башаров 2022-2023 оқу жылының қалай аяқталатынын түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орта білім беру ұйымдарында оқу сабақтары 31 мамырда аяқталады. Яғни республиканың барлық мектебінде соңғы қоңырау мерекесі өткізіледі. Негізгі орта мектеп бітіруші 9-сыныптарда білім алушылардың қорытынды емтихандары 2-13 маусым аралығында өткізіледі, - деді ол.

14 маусымда мектеп қабырғасында негізгі орта мектеп бітірушілерге аттестат табыстау рәсімі өткізіледі. Себебі 9-сынып оқушылары колледжге немесе кәсіптік мектепке түсу үшін құжаттарын тапсырады.

Ал жалпы орта мектеп бітіретін 11-сыныптарда оқушылардың мемлекеттік емтихандары 5-19 маусым аралығында өткізіледі. 11-сыныптарда жалпы білім беру аттестатын табыстау рәсімі 21 маусымда өтеді деп жоспарланып отыр.

Биылғы оқу жылын облыста 129 мыңға жуық оқушы аяқтайды. Оның ішінде 9-сыныпты 11 600 оқушы болса, 11-сыныпты 6 000 түлек аяқтайды. Білім және ғылым министрінің №125 бұйрығына сәйкес 9, 11-сыныптар түлектері қорытынды аттестаттаудан өтеді. Нәтижесі бойынша негізгі және орта мектепті аяқтағаны жайлы аттестат алады, - деп түсіндірді Алишер Башаров брифингте.

Өзгелердің жаңалығы