ҚАЖ мекемелеріндегі медицина мәселесі талқыланды

8 Қыркүйек 2020, 21:05
1874
Бөлісу:
ҚАЖ мекемелеріндегі медицина мәселесі талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Алмас Шамишев облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовпен кездесіп, жергілікті биліктің назарын түзеу мекемелеріндегі медициналық салаға қатысты проблемаларға аударды.

Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы Қанибек Жақсығалиев және облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Қожин қатысқан облыс әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңестік органының отырысында, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің облыстық әкімдікпен және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен медицина мәселелері бойынша өзара іс-қимыл мәселелері талқыланып, күні бүгінге дейін атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишевтің айтуынша, аталған ҚАЖ департаменті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының ынтымақтастықта бірлесе атқарған жұмысы нәтижесінде, 2019 жылы түзеу мекемелеріндегі және тергеу- қамауындағы 200 - ден астам сотталғандар консультативтік - диагностикалық көмектер алды және бүгінгі күнге дейін 22 сотталған осындай көмек түріне қол жеткізді. Сонымен қатар, түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілердің денсаулық жағдайын бақылау, аурудың уақытылы алдын алу мақсатында сотталғандар ФГДС, КТ және МРТ-дан өткізілді.

Карантин жағдайында түзеу мекемелеріндегі сотталғандар арасында COVID-19 пандемиясының таралуына жол бермеу, алдын алу мақсатында уақытылы медициналық көмек көрсетіліп, сотталғандарға күніне үш мезгіл аспен бірге дәрумендер беріледі. Жоғарыда аталған бірлескен жұмыстардың, сондай-ақ дер кезінде көрсетілген медициналық қолдаудың нәтижесінде, сотталғандар арасында коронавирустық инфекцияның таралуына жол берілген жоқ.

Кездесу соңында ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовқа және облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Қожинге карантин жағдайында сотталғандар арасында аурушаңдықты болдырмау мақсатында уақытылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Өзгелердің жаңалығы