Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Әдиева мәлімдеді.
Оның айтуынша, медициналық бригадалардың құрамында терапевтер, стоматологтар, офтольмолгтар, маммологтер, хирургтер және басқа да бағыттарда қызмет ететін 36 маман болады.
Өкінішке қарай, кейбір ауылдарда фельдшерден басқа маман тапшы, сол себепті де шағын станциялардың тұрғындары жай ғана флюрографияға түсу немесе аудандық ауруханаға барып анализ тапсыру үшін, ондаған километр жол жүруге мәжбүр әрі бұл қосымша шығын әкеледі. Көбіне дәрігерге қаралуға мүмкіндік болмағандықтан, адамдар ұзақ жылдар бойы емделмей жүріп, ауруын асқындырып алады, - деп атап өтті қордың бас директоры.
Сондай-ақ осы уақыт ішінде медициналық пойыздың мамандары оқыс жағдайға түскен жандарды құтқарып қалған жайттар да кездескен.
Мысалы, 2019 жылы Жамбыл облысында 8 жасар бала мотоциклден құлап, өте ауыр жағдайда түсті. Оны медициналық пойыздардағы мамандар тексеріп, «ішке қан кету», «бауырдың жарылып кетуі» деген диагноздар қойылды. Баланы бірден аудандық ауруханаға жіберіп, сол күні ота жасалып, аман қалды. Сондай-ақ Алматы облысында 4 жасар балаға аутизм диагнозы қойылып, әрі қарай көмек көрсету үшін елордаға жолдама берілді. Маңғыстау облысының 10 тұрғынына онкология диагнозы қойылса, Қызылорда облысынан үздіксіз қайталанатын эпилепсия ауруына шалдыққан бала «Ақсай» республикалық балалар ауруханасына жатқызылды, - деді Альфия Әдиева.
Сонымен қатар пойыз дәрігерлері сирек кездесетін аурулардан Меньер ауруы, монорхизм, бүйректің коралл тәрізді тасы, терминалды гидронефроз, туа біткен МПС аномалиялары, гидронефроз, сондай-ақ крипторхизм және гипоплазирленген бүйрек ауруларын анықтаған. Ал Алматы облысында ең жиі тіркелген аурулардың қатарында жүрек-қантамыр аурулары, артериялық гипертензия, А, В гепатиті, онкологиялық аурулар және балалар арасындағы қант диабеті бар.
Айта кетерлігі, жоба алғаш рет 2010 жылы іске қосылып, 2019 жылға дейін жыл сайын іске асырылып, коронавирус індеті кезінде үзіліс алған. Осы кезең ішінде «Денсаулық», «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» атты үш консультациялық-диагностикалық пойыз Қазақстанның шалғайда орналасқан 1700-ден аса елдімекенін аралап, 488 881 тұрғынды тексеруден өткізді, оның ішінде 101 614 бала бар. 1 647 138 диагностикалық ем-шара, 11 981 кіші амбулаториялық операция өткізілді. Маммолог мамандар 67 148 әйелді қабылдаса, жалпы адамдар дәрігердің қабылдауында 2 873 542 рет болды.