Әбдіқалықова медицина қызметкерлерін құттықтады

19 Маусым 2020, 10:39
2239
Бөлісу:
Әбдіқалықова медицина қызметкерлерін құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова медицина ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. 

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын.Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Ұлт денсаулығы - мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі" деген болатын. Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі, - деді Гүлшара Әбдіқалықова. 

Облыс әкімі айтқандай, бүгінгі күні облыс бойынша 23 стационарлық, 21 амбулаториялық емханада 2 423 дәрігер, 9 528 орта буынды маман медициналық қызмет көрсетіп келеді.

Жылдан-жылға осы саланың материалдық-техникалық базасы нығайып, әлемдік озық технологиялар мен телемедицина күнделікті қолданысымызға еніп отыр. Сала қызметінің сапасын жақсарту мақсатында "2019-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау нысандарының өңірлік перспективалық даму жоспары" бекітіліп, жалпы құны 73,5 млрд. теңгеге заман талабына сай 118 нысан салу жоспарланды, - деді ол. 

Сондай-ақ, Әбдіқалықова ардагер дәрігерлердің еңбегін ерекше атап өтті. 

Денсаулық сақтау саласының тарихында, аймақ медицинасының дамуына зор үлес қосқан ардагерлер, алтын қолды дәрігерлер Ернияз Омарұлы, Тұрғанбай Маханұлы, Рая Әбдешқызы, т.б. секілді аға буын өкілдерінің еңбегі бүгінде талайға үлгі. Сыр дәрігерлері COVID-19 індетімен күрес кезінде уақытпен санаспай, белгілі хирург Абдулла Сыздықұлы, халықтың құрметіне бөленген Шынжырбай Оразмаханұлы мен Жұқпалы арулар ауруханасының бас дәрігері Айна Қарабұзауқызы, т.б. ел амандығын сақтау жолында асқан жауапкершілік пен батырлықтың үздік үлгісін көрсетуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Сіздерге деген халықтың ыстық ықыласы мен риясыз алғысының дәлелі ретінде ерекше қолдау білдіруде, - деді ол. 

Қызылорда облысының әкімі дәрігерлерге Сыр жұртшылығының атынан алғыс айтты. 

Бірнеше ай бойы отбасыларыңыздан жырақта, өз денсаулықтарыңызды қатерге тігіп, қауіпті вируспен күресіп жүрген Сіздерге барша Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымды білдіремін! Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін. Жақындарымызға жанашыр болайық! Біз - біргеміз! - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы