Журналистерді аккредиттеудің жобасы таныстырылды

29 Қазан 2020, 11:55
1371
Бөлісу:
Журналистерді аккредиттеудің жобасы таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 28 қазанда әлеуметтік желілерде онлайн-трансляциясы бар «Жаңа репортер» алаңында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев Журналистерді аккредиттеу ережелерінің жаңа жобасын таныстырды.

Ереже жобасын талқылауға «Интерньюс» заңгері Ольга Диденко, «Информбюро» бас редакторы Михаил Дорофеев қатысты. Талқылауды белгілі журналист және медиа сарапшы Ержан Сүлейменов жүргізді.

Вице-министр Қ.Ойшыбаев журналистердің аккредиттеу процедурасынан өту және жеңілдетуге бағытталған жаңа Ережеде қарастырылған бірқатар жаңалық туралы хабарлады.

Атап айтқанда, аталған новеллалар тұрақты және уақытша аккредиттеуді енгізуді, журналисті аккредиттеу үшін ұсынылатын құжаттар тізбесін және оларды қарау мерзімін қысқартуды, аккредиттелген журналистердің тізілімін енгізуді, аккредиттеуші ұйымның іс-шараларды алдын ала хабарлау жөніндегі міндеттерін, журналистің куәлігін сипаттауды, сондай-ақ аккредиттеуші ұйымның заңсыз іс-әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдану мүмкіндігін көздейді.

Онлайн-трансляция барысында әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан журналистерді аккредиттеудің жаңа жүйесінің одан әрі жұмыс істеуі бойынша бірқатар сұрақтар мен ұсыныстар айтылды, оларға толық жауаптар берілді.

Қатысушылар осы ереженің әзірленуіне ризашылықтарын білдірді. Олардың пікірінше, Ереже журналистердің қызметіне оң әсер ететін тиісті рәсімдер мен шарттарды енгізеді.

Талқылау соңында вице-министр жаңа жүйенің жұмыс істеуі 2021 жылдың қаңтарынан басталатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы