"Медеу" спорт кешені жаңғыртылады

27 Желтоқсан 2023, 09:26
469
Бөлісу:
"Медеу" спорт кешені жаңғыртылады
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Алматы қаласының тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Жиынға қала тұрғындары, қоғам белсенділері, БАҚ, жергілікті спорт федерациялары мен турбизнес өкілдері, қаланың атақты спортшылары және басқа да сала мамандары қатысты. Кездесуді Ермек Маржықпаев министрліктің қазіргі қызметі, туризм және спорт саласындағы реформалар, лудоманияға қарсы күрес шаралары және ведомствоның алдағы жоспарлары туралы айтты. Биыл Алматыдағы Алатау, Зерделі және Жас Қанат ықшам аудандарында 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. 

Сондай-ақ Ақжар, Шұғыла, Саялы ықшам аудандарында және Авиатор стадионында тағы 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Нұркент ықшам ауданында 5000 орындық жеңіл атлетика манежінің жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталды. Сонымен қатар Орталық стадион және биік таулы «Медеу» спорт кешені жаңғыртылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін дамытуға басымдық беріледі. Осыған байланысты министрлік мемлекеттің спорттық тапсырысын іске асыру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Алматы қаласында 31 мыңға жуық бала мен жасөспірім тегін спорт секцияларымен қамтамасыз етілген.

 Алматы – дүниежүзілік додаларда ел мерейін асырған даңқты спортшылар мекені. Бақыт Сәрсекбаев, Александр Парыгин, Бақтияр Ибраев, Ольга Шишигина, Денис Тен, Дмитрий Баландин, Жансая Әбдімәлік және «Қайрат» футзал клубының спортшыларын атап өтуге болады. Жалпы алғанда, Алматы қаласы спортшыларының әлеуеті зор. Қазіргі таңда ұлттық құрамада 1 200-ге жуық алматылық спортшы бар. Бұл – негізгі құрамның басым бөлігін құрайды. Сәйкесінше еліміздің тәуелсіздік жылдарында Алматы Олимпиадаға қатысқан 56 спортшыны дайындап шығарған. Сонымен қатар биылғы республикалық жазғы Спартакиадада Алматы қаласы жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Команда қоржынында 84 алтын, 71 күміс, 74 қола бар. Қытайдағы Азия ойындарында Алматы қаласының спортшылары 1 алтын, 3 күміс және 9 қола жүлде жеңіп алды, - деді Ермек Маржықпаев. 

Алматы – жергілікті туристер үшін ғана емес, шетелдік қонақтар үшін де еліміздегі ең танымал туристік қалалардың бірі. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі әуе қатынасының географиясын кеңейтіп жатыр. Жаңа рейстерді іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, 2024 жылдың наурыз айынан бастап «Air Asia» әуе компаниясы Куала-Лумпур мен Алматы арасында аптасына 4 рейс жиілігімен, сондай-ақ Алматы-Джидда бағытында 2 рет жиілікпен тікелей тұрақты жолаушылар рейсін іске қосуға ниетті. 

Біз еліміздің қолда бар орасан зор туристік мүмкіндігін толық пайдалануымыз керек. Бүгінде қазақ туризмінің күретамырына айналған Алматы шаһары туристер үшін ең тартымды аймақтардың бірі. Біз инфрақұрылымды дамытуды және осы саладағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың барлық мүмкін шараларын көрсетуді жалғастырамыз. Жыл қорытындысы бойынша осы шараларды іске асыруда оң өзгеріс байқалады. Еліміз бойынша кәсіпкерлердің 800 млн теңгеден астам сомаға (туристік нысандар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салуға, тау шаңғысы курорттарына арналған техника, туравтобустар сатып алуға) өтінімдері мақұлданды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 7 есе көп, - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.  

Өзгелердің жаңалығы