Медет Халықов: Ғылым жоқ жерде дін қараңғылыққа алып келеді

10 Қазан 2022, 13:17
2129
Бөлісу:
Медет Халықов: Ғылым жоқ жерде дін қараңғылыққа алып келеді

Бүгінде Түркістан облысында 750 ғибадат ететін мешіт бар. Бұдан бөлек, өңірде ресми тіркелген алты протестанттық бағыттағы елуіншілер, жеті баптист, төрт пресвитериан мен үш  Егова куәгерлерінің діни бірлестігі жұмыс істейді. Сонымен қатар, ресми тіркелген бір миссионер бар, деп хабарлайды осы аймақтағы BAQ.KZ тілшісі. 

Кез келген мемлекет, оның ішінде қоғамдағы азаматтар тұрақты, тату-тәтті бейбітшілігі жарасқан ортада өмір сүргісі келеді. Қазір айналамызда түрлі оқиғалар орын алып жатқан сәтте ел ішіндегі тыныштық пен бейбітшіліктің өте маңызды екенін барша қазақстандықтар тереңінен сезініп отыр. Бүгінде Түркістан облысында діни ахуал қандай, әлеуметтік желіде жат ағымдардан қалай сақтану керек? Осы және тағы басқа да мәселелер жөнінде аймақтың дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттейтін орталықтың директорының орынбасары Медет Халықов айтып берді. 

– Медет Мұзаппарұлы, оңтүстік өңірде діни ахуал қандай?  

– Жалпы, Түркістан облысында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, діни ахуал зерделенді. Аймақтағы діни жағдайды тұрақты деп айта аламыз. Өзіңіз білесіз, Түркістан халқы салт-ғұрпымыз бен дәстүрлі дінді берік ұстанады. Мұнда халық саны да көп болғандықтан мешіттер де соған сәйкес көп, яғни облыста 750 ғибадат ететін мешіт бар. Оның үстіне, Ислам діні қазақ халқының тарихында ерекше орын алатындықтан, тәлім-тәрбие беретін өнегелік ағарту рөлі де бар. 

-Жалпы, елімізде қандай өзге діндерге рұқсат берілген?

– Қазақстанда түрлі сенімнің өкілдері көп екені рас, олардың тату-тәтті тыныш ымырада тұруы үшін елімізде барынша тиімді заң мен жағдай жасалынған. Басқа да дін өкілдері рухани өңірде ғана емес ортақ шаңырағымыз Қазақстанда бір тудың астында бейбіт өмір кешіп жатыр. Сол себепті біздің елдегі діни татулық әлемнің басқа мемлекеттеріне үлгі болып отыр. Ресми мәліметтерді сөйлетер болсақ, ҚР Әділет министрлігі 2021 жылдың бірінші қаңтарына дейін ресми тіркелген діни бірлестіктің саны – 3658-ге жетті. Әрине оның көпшілігін ханафи мен православтар құрайды. Бұдан басқа, католиктер, протестанттар, будда, иудей т.б. діни сенім өкілдері де баршылық. Бүгінде Қазақстанда үш жарым мыңға жуық ғибадат үйі тіркелген, екі жарым мыңнан аса мешіт пен үш жүзге жуық православие және жүзден аса католик шіркеуі жұмыс істеп тұр. 

-Жалпы елімізде күні бүгінге дейін қанша террористік оқиғалар орын алды?

– Елімізде қауіп-қатер жоқ деп айтуға келмейді, Тәуелсіздік алған жылдардан бері діни сенімге қатысты алауыздықтар көп болды. Мәселен, он бір жылдың ішінде  ел есінде террорлық оқиғалармен есте қалғаны жасырын емес. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда ислам экстремизмі 2011-ші жылы басталған. Мәселен, сарапшы әрі саясаттанушы Р.Иржанов он жыл ішінде 14 террористік әрекеттер болғанын, салдарынан 90 адамның көз жұмғаны туралы деректерді алға тартады. Ал 15-ші террористік акт деп осы жылдың басында орын алған қанды қырғын қаңтар оқиғасын жатқызамыз. Бұл баршамызға қатаң сынақ болғаны рас, елдің тұтастығына қауіп төне жаздады. Алаңдағы қырғынға жат ұйымдардың өкілі «якин инкардың» мүшелері қатысқандары анықталды. Жалпы, террористік оқиғалардың біріне тоқталар болсақ, Ақтөбеде болған террористік шабуылға көбіне жас адамдар тартылған. 2016 жылы Алматы шаһарында да лаңкестік акт болып, аталған екі қалада орын алған болған лаңкестік шабуылдардан 27 адам өлді, оның 18-і лаңкесшілер, төртеуі құқық қорғау саласының адамдары және бес адам опат болды. Террористік шабуылдар көбіне түрмелерге, құзырлы органдарға, сот орындарына  қарай бағытталған. Ал жарылыстарды жанкештілер жасап отырған. Бұдан бөлек басқа да экстремистік ұйымдардың қатысы бары анықталды.

- «Жусан» операциясы бойынша біздің облыста қаншауы елге қайтарылды? Олармен қалай жұмыс жасалынып жатыр?

- Өзге ағымның салдарынан жат жерге кетіп қалғандар иә болмады емес, болды. Мәселен, Түркістан облысы бойынша «Жусан» операциясы арқылы алты отбасы (6 әйел, 26 ұл-қыз) туған еліне қайтарылды. Террористік әрекеттер өршіп тұрған елдерден қайтарылған әйелдер мен балаларға қазіргі таңда оңалту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды қоршаған ортаға бейімделуі үшін оқу курстарына жолдады, сондай-ақ әлеуметтік басқа да қолдаулар алып жатыр. Келген әйелдердің біразы бұрынғы сенімдерінен бас тартты, қалғандарымен жұмыс жасалынуда. 

– Осы ретте мектепте орамал тағу, қыз балалар бөлек оқитын мектептің ашылуы дұрыс па, осыны айта кетсеңіз. Бұл мәселе біздің облыста қалай болып жатыр?

- Иә, жасыратыны жоқ, мектеп оқушылары арасында да дін мәселесі ушығып тұр. Соның бірі мектепке орамал тағып келу, сабақ уақытында діни жоралғыларды орындау, мектеп формасын сақтамау т.б. Ата Заңымыздың 30-бабында азаматтардың орта білім алуы міндетті екендігі айтылған. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктері туралы» Заңының 3 бап, 7 тармағында ешкімнің де өз діни наным сенімдеріне байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерді атқаруы тиіс, одан бас тартуға болмайтыны көрсетілген. Мектеп – ол оқушылардың білім алатын бірден бір орны, оның заңға сай талабы мен өз тәртібі бар. Өкінішке қарай, осы оқушылар арасында орамал тағатын жайттар кездесіп қалуда. Соңғы кездері ата-аналар да мектеп тәртібін сақтағысы келмей, балаларын діни киімдермен жіберіп жатқан оқиғалар тіркелді. Өз кезегінде бұл өзге ата-аналар мен балалардың наразылығын туындатады. Жалпы, хиджаб киюге тыйым салынған. Себебі, кез келген нышан мен элементтер дінді насихаттап тұрады. Заң алдында барлық дін тең, сол себепті зайырлы мемлекетте қандай да бір діндерге артықшылық бермейді. Айтпақшы, мектеп формасының тәртібін сақтауға тек орамал ғана жатпайды, білім ордасына сәнді және спорттық киімдер, әшекейлері бар көзге түсетін киімдерді де киюге болмайды. Форма деген ұғым осы аталған жайттарды реттеумен айналысады. 

Әлеуметтік желілерде кері ағымның өкілдеріне, жат ағымның арбауына түсіп қалмас үшін нені білу керек? 

– Қазір әлеуметтік желілер өзіңіз айтқандай ақпарат алмасу жағынан кең таралған. Қолдануы да оңай, өйткені әлемнің сонау қиырындағы адаммен байланысу түк те қиынға соқпайды. Дегенмен, осы интернеттің пайдасы мен тиімділігін жат пиғылдылар да өз мақсатына қолданып қалу мүмкіндігін қалт жібермеуде. Лаңкестік топтар ақпарат тарату арқылы әсер етіп, санасы ненің зиян, ненің дұрыс емесін ажырата алмайтын қолданушыларды уысына түсіреді, ықпал етеді. Яғни олар нысанасына көбіне жағдайы төмен, өзіндік көзқарасы әлі қалыптасып үлгермеген топтарды іліктіруге тырысады. Ал мұндай қармаққа түскен адам радикалды ұйымдарға оңай жем болады. Тағы бір мәселе, жат ағымдардың кейбір сайттары лаңкестік қадамдар жасауға насихаттамауы да мүмкін, бірақ астыртын мұсылмандар арасына жік салып, ислам дінін бөлшектеуді көздейді. Мәселен, намаз бен оразаны өтемесе кәпір деп санап, дәстүрлі ханафи мазхабына сәйкес келмейтін мәліметтер береді. Бұл орайда діннен сауатты білімі жоқ адамдар әртүрлі дереккөздерден дін жайында берілген ақпараттар мен мәліметтерді қаз қалпында түсініп жатады. Осылайша азаматтар діни ұстанымда бір-бірімен түсініспей, дауласып жатады. Жалпы, жат пиғылды ұйымдар ғаламторларда өте белсенді болып келеді. Теріс ағымдар арнайы көпшілік білетін хэштегтермен өздерінің дүниелерін таратумен айналысады. Радикал діннің көздегені өз идеологиясын адамдардың миына тек интернетпен ғана емес, қазіргі заманғы қосымшалармен де сіңіруге тырысуда. Салдарынан көптеген азаматтардың елді сүю, отаншылдық, төзімді болу, отбасы және басқа да құндылықтары құлдырап жатыр. Мұның соңы бір ту астында өмір сүріп жатқан жұртшылықтың жік-жікке бөлінуіне әкеліп соғуда. Радикалды ұйымдардың ықпалына түсіп қалғандар өз Отанына қарсы қатігез зомбылықты ұйымдастыруға дайын тұрады және өз қатарларына жаңадан адамдар тартуды мақсатты түрде жүзеге асырады. Әсіресе жастар таптырмайтын ресурс, себебі олар жас, бойында лаңкестік жасауға қажетті күші тасып тұрады. Танымал көпшілік жиі қолданатын әлеуметтік желілерде кері ағымдардың идеологиясы 70 пайызды құрайтынын зерттедік. Қалған әлжелілер мен өзге арналардан өзі өмір сүріп отырған елдердің жүйесін құлатуды, заңдарын мойындамауға астыртын шақырған фактілер де кездесті. Сол себепті, әрбір азаматтардың адаспас үшін еліміздегі ресми бекітілген сенімді сайттар мен ақпарат көздеріне ғана жүгінгені дұрыс. 

– Террористік ұйымдармен күресудің жолдары қандай? 

– Қазақстанда терроризмге қарсы орталық бар, ол 2003 жылы 29 желтоқсанда құрылған болатын. Орталықтың міндетіне террористік және де экстремистік қауіп-қатер мен соның белгілері жайында мәліметтерді жинау, сараптап талдау, лаңкестікке қарсы қызметтің ережесі мен бағдарламасын әзірлеу, жолын кесуге бағытталған. Сондай-ақ, терроризммен күресетін халықаралық орталықтар, ұйымдармен бірге жұмыс істеу, байланысу, жобалар дайындауға атсалысу, қатысу т.б. функцияларды атқарады. Елімізде төрт жылға бекітілген лаңкестікке қарсы мемлекеттік бағдарламаның барын айта кеткім келіп отыр. Бүгінде республиканың түгелге жуық өңірлерінде қоғамға қауіп төндіретін террористік әрекеттерді болдырмау мақсатында арнайы орталықтар ашылып, белсенді жұмыстар атқаруда. Өз кезегінде ата-аналар балаларына бейтаныс жандармен сөйлеспеуге, үйде жалғыз қалған кезде бөтен біреулерге есік ашпауға, иесіз жатқан ойыншықтар мен заттарға жақындамауды үйретуі қажет. Көлікте жүрісі күдікті адамды көрсе тез арада хабарлауы керек. Бөгде адамдардың қолынан зат алмау, тіпті қол тигізбеуі қажет. Қысқасы, әрбір азамат діни сауатын арттырғаны жөн. Ғаламтордағы кез келген ақпаратты зерттеп, тексеріп үйрену, дұрыс тағылымды тарихи кітаптар мен елге танымал қайраткерлердің дін туралы ойларымен тереңінен танысып шыққаны абзал.

–  Деструктивті дін деп көп айтасыздар? Түсіндіре кетіңізші. 

–  Жат ағымдардың қолдаушылары Қазақ елінде тұратын түрлі ұлттардың салт-дәстүрін, құндылығын, мәселен беташар, сәлем салу секілді ғұрыптарды, дүниеден өткен марқұмдарға құран бағыштауды, наурыз тойын тойлауды қажет етпейді және жоққа шығарады. Мемлекеттің зайырлы өмір сүру ұстанымдарын мойындамайды және мемлекетті айшықтап тұратын рәміздер мен мерекелерді құрмет тұтпайды. Сонымен қатар, Орталық Азия мен басқа да мұсылман қоғамының діни мектептерін, жалпы мазхабтарды мойындай қоймайды. Әсіресе Қазақстандағы ханафи мазхабын дұрыс емес деп есептейді. Деструктивті ислам өкілдері өзге мұсылмандарды күпірлік жасаушылар деп ашық айыптайды және басқа дінді ұстанатындар мен дінді ұстанбайтындарға мүлдем төзе алмайды. Заманауи мәдениет және өнер түрлеріне (музыка, балет, бейнелеу өнері және т.б.) өшпенділік танытады. Қазіргі заманға сай өнер мен мәдениетті, ән-күй, балет, бейнелеу, т.б. жаны қас. Керек десеңіз, әскерде борышын өтемеу, орта білім алмай қоя салу, бекітілген заң талаптарын орындамау, екпе, вакцина салдырмау, денсаулыққа қажет болса да ағза мүшелерін трансплантациялау және т.б. бас тартады. Мектепте биология, дене шынықтыру, ән-күй, сурет салу және т.б. пәндерге қатыспауға, оқымауға шақырады.

– Салафилердің білім алудағы қателіктерін айтып беріңізші. 

– Ең бірінші, «салафилердің» қателігіне тоқталсам, олар шетелде заңсыз, еш жерде ресми тіркелмеген діни оқу орындарының ықпалына түсіп қалып жатады. Қайталап айтамын, елімізде діни білім алғысы келетін жастарды осы Қазақстандағы діни оқу орындарына түсуіне кеңес беремін. Мұнда оқуға түсу мүмкіндігі жоғары әрі сапалы білім алып шығады. Қазір елімізде бір ислам университеті, тоғыз медресе мен колледж бар. Бұдан бөлек, республикамызда білдей бес жоғары оқу орнында теолог мамандарды дайындап шығаратын бөлім бар. Олар: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеттері. Екінші айта кететін нәрсе, бәзбір діндарлар білімді діни және дүниелік деп екіге бөледі. Сол себепті, оқудың қажеті жоқ деп ысырып қоя салуда. Білім мұсылманның қос қанаты әрі ол маңызға ие. Ғылым жоқ жерде дін қараңғылыққа алып келеді. Шариғат ілімі адам баласын көркем болуға, сауапты істер жасауға жетелейді, сол арқылы қоғам да дамиды. Дінді дұрыс меңгерген адам қоршаған ортаға мейіріммен қарап, құрметтей түседі, жақсылық жасағысы келіп тұрады. Зайырлы білімді меңгеру - жаратқан Раббыңды тану деген сөз. Мұсылман ғалымдар халал мен харам деген шешім шығару үшін алдымен химия, медицина, астрономия секілді ғылым салаларын меңгереді. Демек өз дінін сүйетін мұсылман қандай мамандық иесі болмасын терең меңгеруі қажет. Адамзат жаратылыстану ғылымын елеп ескермесе жер бетіне жіберілген өз миссиясын толық орындай алмайды. Сондықтан мұсылман үмбетінің дін мен ғылымды қатар алып жүруі негізгі міндеті болып саналады. Үшіншіден «сәләфилердің» қателігі ғаламтордағы бұрмаланған ақпараттарға сүйенуі. Діни білім алып жатырсыз ба, демек ұстаз бен шәкірттің бетпе бет отыруы хадисте де айтылып кеткен. Сондай-ақ өзің білмейтін нәрселерге  жауап бермеу. Алайда, өкініштісі сол, дәл осы ұстанымда жүрген  «сәләфилерді» кездестіру мүмкін емес болып тұр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, білімнің әр саласында өз үлесімізді қосып, әлемнің ашылмаған жаңалықтарын зерттеп-зерделеп, діни салада болсын, дүниеауи салада болсын еңбек етіп, білім мен біліктілігімізді  паш еткізуіміз керек. 

-Сұхбатыңызға рахмет!

-

Өзгелердің жаңалығы