MEDEÝ коллекциялық монетасы айналымға шығады

29 Желтоқсан 2020, 21:00
1652
Бөлісу:
MEDEÝ коллекциялық монетасы айналымға шығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Ұлттық банкі «Республика игілігі» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік «MEDEÝ» күміс коллекциялық монетасын айналысқа шығарып жатыр.

MEDEÝ коллекциялық монетасы Ұлттық банктің интернет-дүкенінде сатылады. Сату күні туралы ақпарат ҚҰБ ресми сайтында қосымша жарияланады. 

Монетаны онлайн сату және жеткізу Ұлттық банк интернет-дүкенінің жаңартылған платформасында жүзеге асырылады. Тапсырыстарды өңдеу белгілі бір уақытты қажет ететіндіктен, монета сату бірнеше күнге бөлінеді. 

MEDEÝ монетасы дизайнының тұжырымдамасы атақты бөгеттің және «жарылыстан туындаған» мұз айдынының пайда болу тарихын суреттейді. 

Монета дизайнының графикалық тұжырымдамасы бүкіл әлемге әйгілі «Медеу» биік таулы мұз айдынын қоршаған Іле Алатауының жартасты тауларын аллегориялық қабылдау негізінде жасалған. 

Монеталар алтын жалатылған күмістен жасалған. Массасы - 24 грамм, диаметрі - 37 мм, «proof» сапасы, таралымы – 3 000 дана. Монета коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. 

Монета аверсінің орталық бөлігінде «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» жазбасының, монета номиналын және монета дайындалған металды, оның сынамасы мен массасын білдіретін жазбалардың қоршауында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген. 

Монетаның реверсінде ортада жартасты таулар аясында биік таулы «Медеу» мұз айдынының бейнесі орналасқан. Коллекциялық монета Қазақстанның теңге сарайында дайындалған.

Өзгелердің жаңалығы