Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Олимпиада ойындары-2026: Спортшылар медальдардың тез сынып қалатынына шағымданып жатыр

Бүгiн, 15:08
209
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Милан-Кортинада өтіп жатқан 2026 жылғы Олимпиада ойындарының ұйымдастырушылары медальдардың сыну мәселесіне «барынша назар аударып жатқанын» айтты. Себебі бірнеше спортшы мадальдардың сынып қалғанын хабарлаған болатын. Бұл туралы BBC Sport жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

АҚШ құрамасының екі алтын медаль иесі – Бризи Джонсон мен Алиса Лю жүлдені алғаннан кейін көп ұзамай медальдsң лентасы үзіліп, ажырап қалғанын айтты.

Әйелдер арасындағы тау шаңғысы бойынша жылдамдықпен түсу сайысында алтын алған Джонсон жарыстан кейінгі баспасөз мәслихатында сынған медалін көрсеткен.

Міне, медаль. Ал мынау – лента. Лентаға кіріп, медальды ұстап тұруға тиіс кішкентай бөлігі бар еді, иә, сол бөлшек сынып қалды, – деді ол журналистерге.

Лю да осындай мәселе туралы әлеуметтік желіде жариялаған видеосында айтты. Ол АҚШ құрамасы сапында мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыста алтын жүлде жеңіп алғаннан кейін түсірілген роликте медаль мен лентаны екі қолына бөлек ұстап тұрып, «Менің медаліме лента керек емес» деген жазба жариялаған.

Бұл мәселе биатлоннан қола жүлде алған Германия құрамасына да әсер еткен. Instagram-дағы видеода команда қонақүйінде қуаныштан секіріп тұрған спортшылардың бірінің медалі лентасынан түсіп қалғаны көрінеді.

2026 жылғы ойындардың бас операциялық директоры Андреа Франчизи ұйымдастырушылар бұл жайтты тексеріп жатқанын мәлімдеді.

Біз жағдайдан толық хабардармыз. Мәселенің нақты неден туындағанын анықтап жатырмыз, Медальдарға барынша назар аударамыз. Әрине, марапаттау сәті мінсіз өткенін қалаймыз, өйткені бұл – спортшылар үшін ең маңызды сәттердің бірі, – деді Франчизи.

АҚШ Олимпиада және Паралимпиада комитетінің өкілі BBC Sport-қа ұйымдастырушылардың мәселені қалай шешетінін күтіп отырғандарын айтты.

Әзірге спортшыларға берілген медальдардың орнына жаңасы табысталып не табысталмайтыны нақтыланған жоқ.

Бұл Олимпиада медальдарының сапасына қатысты күмән тудыратын алғашқы жағдай емес. 2025 жылғы ақпандағы мәліметке сәйкес, Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиадада алынған медальдардың тозуына байланысты оларды ауыстыру жөнінде жалпы 220 өтініш түскен.

Медалі «күңгірттене бастағанын» байқаған спортшылардың бірі – суға секіруден Ұлыбритания құрамасына 2024 жылғы ойындардағы алғашқы жүлдені әперген Ясмин Харпер болатын. Сол кезде Париж-2024 ұйымдастырушылары барлық бүлінген медаль ауыстырылатынын мәлімдеген еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль үшін ең қомақты сыйақы беретін елдердің бестігіне кірді.

Өзгелердің жаңалығы