Мәжілісмен елімізде бүйрек ауруларының көбейгенін айтып, мәселе көтерді

13 Қазан 2021, 15:55
73470
Бөлісу:
Мәжілісмен елімізде бүйрек ауруларының көбейгенін айтып, мәселе көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мәжілісмен Вакиль Набиев айтты. Ол Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдады.

Депутаттық сауал жолдауымызға еліміздегі бүйрек жеткіліксіздігі бойынша аурушаңдық көрсеткішінің артуы мен оған шалдыққан пациенттердің өлім-жітімінің жоғары деңгейі себеп болып отыр. Қазіргі уақытта әлемде 850 миллионға жуық адам бүйректің түрлі ауруларынан зардап шегуде. Дүние жүзіндегі он ересек адамның біреуінде бүйректің созылмалы ауруы бар. Зерттеу көрсеткіштері республикамызда дамыған елдермен салыстырғанда аурушаңдықтың таралу деңгейі 1,5-2 есеге артық екенін көрсетеді, - деп атап өтті мәжілісмен.
Депутаттың мәлімдеуінше, диализге мұқтаж науқастар қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығына шағымданады.
Мәселен, емге балама – «Кетостерил» препаратын қолдану болып табылады. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша дәрілер тізіміне енгізілмеген. Препаратты қабылдау науқастардың өмірін сақтап, ұзартады. Сондай-ақ гемодиализге баруды, сәйкесінше, ағза алмастыруды кейінге қалдыруға көмектеседі. Мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмек алатын адамдар берілетін препараттар көлемінің қысқаруы жыл сайын проблемаға айналып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда, - деді Вакиль Набиев.
Сондай-ақ фосфордың жоғары деңгейімен күреске арналған дәрі-дәрмекке қолжетімділік проблемасы да бар.
Соңғы 10 жылда Қазақстандағы диализ орталықтарының саны 24-тен 40-қа дейін көбейген. Заманауи «жасанды бүйрек» аппараттарын енгізу жүзеге асырылды, орын алмастырушы бүйрек терапиясының жаңа әдісі – бикарбонатты диализге ауысу орын алды. Бұл пациенттердің жағдайын біршама жеңілдетті. Бүгінде «жасанды бүйрек» аппаратын қолданатын пациенттер саны 1608 адамды құрайды, - деді депутат.
Ол өз сөзінде жыл сайын елімізде жасалатын ағза трансплантациясының саны 5-6 операциядан аспайтындығын алға тартты. Диализге баратын қазақстандықтардың барлығы жаңа бүйрекке мұқтаж. Алайда мамандардың айтуынша, донорлық ағзалардың қоры өте төмен.
Жасанды бүйрек аппаратымен өмір сүру өте қиын. Гемодиализден соң минералды-сүйек бұзылысы орын алады. Ол кеуек іспеттес болып, жүрек-қантамыр ауруларының, қан қысымының өршуіне алып келеді. Жоғарыда аталғандар негізінде аталған мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет деп санаймыз, - деді Вакиль Набиев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің Министрге ескерту жасағаны туралы жазған болатынбыз.
Өзгелердің жаңалығы