Мәжіліс өлім жазасына қатысты заңды Сенатқа жолдады

8 Желтоқсан 2021, 12:10
1117
Бөлісу:
Мәжіліс өлім жазасына қатысты заңды Сенатқа жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойыншаөзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Депутат Арман Қожахметовтың айтуынша, 2021 жылғы 2 қаңтарда Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау өлім жазасының күшін толық жою жолында еліміздің кезекті қадамы болды.

Қазақстан Республикасының Президенті 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қылмыстық заңның нормаларын екінші факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіруді тапсыра отырып, өлім жазасының күшін толық жоюдағы елдің саяси бағытын тағы да растады. Мемлекет басшысы биыл 16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда өлім жазасы қандай да бір ескертусіз жойылуға тиіс екенін мәлімдеді, - деді депутат.

Осыған байланысты Комитет қылмыстық заңнамадағы өлім жазасын алып тастау туралы тиісті түзетулер дайындады. Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ өлім жазасы туралы ережелерді қамтитын екі заңға мынадай өзгерістер енгізілді. Заң жобасының атауы да өзгерді.

Өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге ратификацияланған екінші факультативтік хаттаманың редакциясы нақтыланды. Қазақстан Республикасында өлім жазасының толық жойылуы ұлттық заңнаманы қабылданған халықаралық құқықтық міндеттемелерге сәйкес үндестіру мен адам құқықтарын қамтамасыз етуге және ең жоғары конституциялық құндылық – өмір сүру құқығына кепілдік беруге ықпал етеді, - деп айтты Арман Қожахметов.

Оның сөзінше, Парламент Мәжілісінің комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді.

Депутаттар комитет ұсынған заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оны Парламент Сенатының қарауына жіберді.

Өзгелердің жаңалығы